Парламент • 11 Маусым, 2021

Үкімет сағатында мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мәселесі талқыланды

181 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат вице-спикері Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкімет сағатында мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мәселесі талқыланды

Шараны ашқан Нұрлан Әбдіров еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын, соған сәйкес алда бірқатар маңызды міндеттер тұрғанын айтты.

Олар – ауыл шаруашылығы өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа арналған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және 2022 жылға дейін осы саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру болып табылады. Сенат вице-спикері аграрлық салаға кері әсерін тигізіп отырған жүйелі мәселелерге де назар аударды.

«Аталмыш саланы Қазақстан экономикасының жетекші күшіне айналдыру мақсатында соңғы онжылдықтарда аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бірнеше салалық бағдарламалар да әзірленді, қаржыландыру тәсілдері де бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ айтарлықтай нәтиже болмады. Оған мемлекеттік қолдау құралдарының нәтижесіздігі, өндіріс көрсеткішінің төмендігі, сондай-ақ агроғылым мен агрокәсіп арасындағы алшақтық, ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау жүйесінің жолға қойылмауы секілді мәселелер себеп болып отыр», деді Нұрлан Әбдіров.

Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ министр агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін қабылданған шараларға тоқталып өтті.

Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында сақтандырудың жаңа жүйесі енгізілгенін, тұқым шаруашылығын субсидиялау қолға алынғанын, машина-трактор паркін жаңарту қарқыны арта түскенін және басқа да жұмыстарды айтты. Сенатор Дүйсенғазы Мусин мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштерін орындау кезіндегі проблемаларға назар аударды.

«Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаның іске асырылу барысына жүргізген мониторингтің қорытындыларына сүйенсек, 2020 жылы 8 нысаналы индикторға және 45 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу, сондай-ақ 111 іс-шара өткізу көзделген. Алайда, қолдағы деректерге сәйкес, былтыр тек 3 нысаналы индикаторға қол жеткізілген және жоспарланған іс-шаралардың өткізілуі тек 45 пайызды құраған», деді Дүйсенғазы Мусин.

Сенаторлар мемлекеттік бағдарламаны толық іске асыру үшін тиісті заңнамалық база қалыптасқанын айтып, енді мекемеаралық өзара іс-қимылды арттыру қажеттігін жеткізді.

Одан бөлек, депутаттар аталған мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған нысаналы индикаторларға қол жеткізу мақсатымен түбегейлі шаралар қабылдау керектігін де тілге тиек етті.

Бүгінгі іс-шараға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, бизнес қауымдастықтың және ғылыми ортаның өкілдері қатысты.

Отырыстың қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданды.