Тарихи табысқа қол жеткізген жерлестеріміз Ролан Гаррос жарысының бастапқы бәсекесінде франциялық жұп Фабьен Ребуль мен Садио Думбияны екі сетте 7:6, 6:1 есебімен жеңіп, турнирді сәтті бастады. Екінші айналымда олар дәл осындай есеппен хорватиялық Иван Додиг пен словакиялық Филип Полашектен басым түсті. Ал үшінші айналымнан бастап қазақстандық жұп азулы қарсыластармен бақ сынаса бастады. Мәселен, плей-офф кезеңінде Франция ашық чемпионатының 11-ракеткалары, нидерландтық Уэс Колхоф пен Жан-Жюльен Ройермен кездесіп, тартысты өткен ойында Бублик пен Голубев 7:6, 3:6, 6:4 нәтижесімен жеңіске жетті.
Жерлестеріміз Ролан Гарростың ширек финалында тағы бір тәжірибелі теннисшілер монаколық Хьюго Нис пен германиялық Тим Пюцпен кездесті. 1 сағат 16 минутқа жалғасқан ойында А.Бублик пен А.Голубев қарсыластарынан еш қиындықсыз басым түсті. Бірінші сетті қазақстандық спортшылар 6:4 есебімен өз пайдаларына шешсе, екінші сетте де 6:4 нәтижесімен басымдық танытты. Сөйтіп турнирдің жартылай финалында ойнауға мүмкіндік алды.
33 жастағы А.Голубев пен одан он жас кіші А.Бублик бұған дейін «Үлкен дулыға» турнирлерінде жұптық сында бір мәрте өнер көрсеткен болатын. Міне, биыл екінші рет жартылай финалда бақ сынады. Жеті жыл бұрынғы бәсекеде А.Голубев аустралиялық Сэм Гротпен бірге Ролан Гаррос турнирінің жартылай финалына дейін жетіп, болашақ жеңімпаздар Жюльен Беннето мен Эдуард Роже-Вассленге 6:3, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберген-ді.
Сондай-ақ А.Бублик тағы бір қазақстандық теннисші Михаил Кукушкинмен бірге 2020 жылғы Аустралия ашық чемпионатының жартылай финалында болашақ чемпиондар, америкалық Раджив Рам мен ұлыбританиялық Джо Солсбериден 6:4, 3:6, 4:6 есебімен ұтылып қалған болатын. Бұл жолы жерлестеріміз жартылай финалда испаниялық жұп Пабло Андухар мен Педро Мартинеспен күш сынасты. Матчты қарқынды бастаған испаниялық жұп бірінші партияда 6:1 есебімен басым түскенімен, кейінгі екі сетте жерлестеріміз қарсыластарын бет қаратқан жоқ – 6:4, 6:4. Қазақстандық жұп – финалда!
Финалдық сайыста отандастарымыз 99,9 пайыз жергілікті жанкүйерлердің қолдауымен өнер көрсеткен корт иелері Пьер-Юг Эрбер – Николя Маюмен шеберлік байқасты. Матч алдында теннис мамандары франциялық жұптың еш қиындықсыз жеңіске жететінін болжаған. Себебі Эрбер мен Маю «Үлкен дулыға» санатына енетін төрт ірі жарыстың (АҚШ ашық чемпионаты, Аустралия ашық чемпионаты, Франция ашық чемпионаты және Уимблдон турнирі) бәрінде жұптық сында топ жарған тәжірибелі теннисшілер саналады.
Финалдық сайыстың бірінші партиясында өте сенімді ойнаған қазақстандық жұп алғашқы партияны өз пайдаларына шешті – 6:4. Екінші сетте де Бублик пен Голубев жеңіске жетуге бір табан жақын тұрған-ды. Алайда жиі қателікке бой алдырған жерлестеріміз бұл партияны қарсыластарына беріп қойды – 6:7. Шешуші сетте екі жұп та өте сақ ойнап, өз мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып отырды. Тек жетінші геймге келген кезде Маю мен Эрбер жалғыз брейк-пойнтты тиімді пайдаланып, турнирдің бас жүлдесін жерлестерімізден тартып алды. Қорытынды есеп – 6:4, 6:7, 6:4. Осылайша, жерлестеріміз Ролан Гаррос жарысының жұптық сынында вице-чемпион атанды.
Әйелдер арасындағы жекелей сында әлемдік рейтингте 33-орында тұрған Чехия спортшысы Барбора Крейчикованың мерейі үстем болды. Ол финалда ресейлік спортшы Анастасия Павлюченкованы үш сетте 6:1, 2:6, 6:4 нәтижесімен қапы қалдырды. Айта кетейік, Павлюченкова жартылай финалда отандасымыз Елена Рыбакинадан айласын асырып, финалға жолдама алған болатын.