Елордадан басталған Алматтың сапары еліміздің оңтүстік өңірлерін аралаумен жалғасқан. Ол 3 мың шақырымды 34 күнде жүріп өтіп, велосипедшілер марафонына қатысушылардың арасында рекордты да жаңартып отыр. Тәуелсіздік құрдасы Нұр-Сұлтан қаласынан шыққаннан кейін Қорғалжын, Ұлытау аудандары мен Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жетісай, Тараз, Алматы қалаларына соғып, жалпыұлттық жобаға қосқан өз үлесінің нүктесін Талдықорған қаласына келіп қойды.
– Мен бұрын жол тосып, саяхаттаумен әуестендім. Кейін ішкі туризмді дамытуға және спортты насихаттауға бағытталған осындай патриоттық велотурға шығу туралы ойладым. Осы сапарымды ел тәуелсіздігінің мерейлі мерекесіне арнауды ұйғардым. Еліміздің өңірлерін аралаған кезде жергілікті тұрғындармен араласуға, табиғат тамашаларын көріп үлгеруге тырыстым. Ел тәуелсіздігінің отыз жылындағы жетістіктеріне куә болдым. Алған әсерімді «Инстаграм» парақшасында бөлісіп отырдым. Мені халқымыздың қонақжайлылығы тәнті етті. Қай жерге барсам да, бейтаныс адамдар мені құрметті қонағындай қарсы алды, – дейді Алмат.
Айтпақшы, Алмат Балтабеков І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Психология» мамандығы бойынша оқыған екен. Ол қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Психикалық денсаулық орталығында жұмыс істейді.
Алматы облысы