Таяуда ол Бэтмен туралы фильм мен Кристофер Ноланның «Тёмный рыцарь» хикаясынан алған әсері бойынша бэтмобиль құрастырып шығарды. Бұл шаруаға ол үш жылға жуық уақытын сарп еткен.
Евгений мұндай қызығушылықтың бала кезінен шым-шытырыққа толы фантастикалық фильмдер мен комикстерді жақсы көргенінен басталғанын айтады.
– Мен қиялымдағы бэтмобильдің жобасын алдымен үйдегі еденге салдым. Содан кейін барып оны іс жүзінде жасап шығарудың жолдарын ойластырдым. Бэтмобильді құрастыруды «Форд» жүк көлігінің артқы белдігін пайдаланудан бастадым. Содан кейін басқа көліктердің қосалқы бөлшектерін қолдана бастадым, – дейді шебер.
Негізінде, Бондаренконың бэтмобилі әлі толық жасалып біткен жоқ. Соған қарамастан ол қазірдің өзінде жүруге жарамды. Енді жоба авторы туындысын тест-драйв сынағынан өткізбекші.
Бэтмобиль жасалып біткеннен кейін Евгений өзінің көрген жанды елең еткізетін ерекше көлігімен көрмелерге қатысуды ойластырып жүр. Жарнама жасауға пайдалану да жоспарда бар.
Алдағы уақытта теміртаулық шебер жол талғамайтын көлік құрастыруды қолға алғысы келетінін айтады.
Қарағанды облысы,
Теміртау қаласы