«Еврогаз» компаниясы өкілінің айтуынша, от көлікке жанармай құйып жатқанда тұтанған. Бір жүк көлігі мен бір жеңіл көлік жанып кеткен.
Алдын ала болжам бойынша, оттың тұтануына газтасымалдаушы көлікті босату кезінде сыртқа шыққан газ себеп болған.
Жалын 800 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт қаупі жағынан үшінші (жоғары) деңгейге жатқызылған. Оқиға орнында сұйық отын құйылған резервуарлар қайта-қайта жарылып, ТЖМ жеке құрамы қауіпсіз қашықтықта жұмыс істеген.
ТАСС ақпарат көзінің мәліметінше, қазірдің өзінде кем дегенде бес жарылыстың даусы естілген.
Тілсіз жаудан тұрғын үйлерге қауіп жоқ, дегенмен от жапсарлас орналасқан қойманы шарпуы мүмкін. 21 адам зардап шеккен. Оның он жетісі ауруханаға жеткізілді. Жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Ирина Большакованың айтуынша, бес адамның жағдайы ауыр.