Руханият • 15 Маусым, 2021

Шырқау шыңы Шоқанның

1060 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың Алматыдағы музей-үйі­не келушілердің назарын ерекше ауда­ратын бір жәдігерлік бар. Ол – қазақ­тың ұлы ғалымы, шығыстанушы, саяхат­шы, ағартушы, этнограф Шоқан Уәли­ханов­тың бәкісі. Иә, ұшы сынған, мүжілген, жүзін тот басқан, сабы перламутрмен қапталған, сабының жоғарғы жағы металмен өрнектелген, үш жерден ұсақ шегемен бекітілген, ұзындығы 17 см, ені 1 см., көнерген кіп-кішкентай бәкі. «Бұл бәкі мұнда қалай келген?» деп сұрайды музейге келушілер.

Шырқау шыңы Шоқанның

Академик-жазушы Сәбит Мұқанов Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен шы­ғар­машылығын зерттеуге бүкіл саналы ғұмырын арнағаны анық. Ол ел ішінде Шоқанның ата-бабаларының шежіре­сін таратып, арғы Абылай, бергі Уәли, Шың­ғыс туралы айтылатын аңызға бер­­гісіз әңгімелерге де жасынан құлағ­дар бо­лып өскен. Ш.Уәлиханов туралы «Ариад­на арқауы» атты алғашқы пьесасы 1945 жылы Мәскеу-Ленинградтың «Искусство» баспасынан жарық көр­ген. Орыс тіліне аударған В.Шкловский. Пьеса 1953 жылы «Шоқан Уәлиханов» деген атпен қайта жазылған. Н.Пого­дин атындағы Солтүстік Қазақстан об­лыстық орыс драма театры «Шоқан Уәли­ханов» спектаклін Мәскеудегі Кіші театр сахнасында да көрсеткен. Рес­пуб­лика театрларының репертуарлары­на еніп, көп жылдар бойы қайталана қойы­лып келді. С.Мұқанов Шоқанның өмі­рі мен шығармашылығын талдаған ғы­лыми зерттеу еңбегін («Шоқан Уәли­ханов») 1962 жылдың 1 тамыз – ­2 қа­ра­шасы аралығында жазып шыққан. Ке­­­­йін Шоқан мен Абай туралы моногра­фия­ла­рын жинақтап, «Жарқын жұлдыз­дар» деген атпен жарық көрген бұл ба­ға­лы зерттеу еңбегі (1964 ж) Қазақ КСР Ғы­лым академиясының Шоқан Уәлиха­­нов атын­дағы сыйлығын да иеленген
­(1967 ж).­ Кейін 16 томдық (1972-1976) жә­не ­10 том­­дық (2020) таңдамалы шығар­малар жи­нағына да енген.

Музей кешенінің қорында Сәбеңнің Шот-Аман Уәлихановтың әкесі Ыды­рыс­­қа жазған хатының көшірмесі сақ­тал­­ған. Енді содан үзінді келтірейік: ­
«...Шо­қан туралы: халыққа адал атқарған еңбек өлмек емес қой, әсіресе, біздің ел­де. Шоқанды көбірек зерттеп жүрген адамның бірі менмін. Бірақ ол туралы әлі үлкен еңбек жаза алған жоқпын. Жазылған біраз мақалаларымды, Мәс­кеуде орыс тілінде шыққан «Нить Ариад­ны» атты пьесамды Шоқанның зор образына лайықты киім демеймін. Бірақ олармен тынып отырған мен жоқ. Ойым – үлкен романда. Оған біраз материалдарым бар, бірақ жеткіліксіз. Жеткізу үшін: 1) Шоқанның туып-өскен жерлерін аралауым керек. 2) Омбы архивінде біраз отыруым керек. 3) Қашқарияға барып қай­туым керек. Осы үшеуінің алғашқы екеуіне өткен жаз аттанам ба деп ем, қол тимеді. Ойым сізді де көру, кеңесу еді. Енді тіршілік болса, алдағы жазға жина­ламын. Ол-пұлдарды сұрап (Шоқанға байланысты) сізді әурелегім келеді де, сұ­райтындарымды хатқа сыйғыза алмаймын. Осында алдыртуды да ойлаймын. Академияға бұл жөнінде сөйлесіп те жүрмін, нәтижесін хабарлаймын. Жалпы хатпен хабарласып тұрайық, ағай! Інілік сәлеммен – Сәбит Мұқанов 30. 10. 1948 жыл. Алматы».

Бұл хат Сәбеңнің ішкі сырын сыртқа жайып салып тұр ғой. Шоқан туралы ро­ман жазуды әу бастан-ақ ойға алған­ына бұл да дәлел. Ал Ыдырыс Уәли­хановпен Сәбең жолығысқан, әңгі­ме­лес­кен, Шоқан туралы көп деректер алған.

С.Мұқанов Мәскеудің, Ленинград­тың, Омбының, Алматының мұрағаттары­­нан Ш.Уәлихановқа қатысты мол мағлұ­мат жи­нақтаған. Шоқанның күнделіктері­не шолу жасай отырып жазған дәптерінің көшірмесі де Музей кешені қорында сақ­таулы. Бұл жөнінде: «Сәбит Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» пьесасы драма ­театрында қойылатын болып, Шоқан рөлін ойнау міндеті маған жүктелді, – ­деп еске алады Қазақстанның халық әрті­сі Нұрмұқан Жантөрин, – Сәбең мені ертіп, үйіне әкелді. Өзінің жұмыс кабинетіне өткізді де, шкаф тартпасынан бір қолжазба шығарды. Соны маған ұсынып тұрып: – Мынаны қазір осы кабинеттен шықпай оқы. Бітірген соң сөйлесеміз! – деді. Бұл он сегіз жасар Шоқанның күнделігі екен. Мен құныға оқып шықтым». (Кітапта: «Кәдімгі Сәбит Мұқанов. Естеліктер кітабы. – Алматы: Жазушы. 1984 – 392б.).

Осыған сабақтастыра өрбітер ойды қазақ театр өнерінің негізін қалаушы­лар­дың бірі, халық әртісі Қапан Ба­ды­ров жазып қалдырыпты: «Сәбит Мұ­қа­новтың драмалық шығармалары негі­зін­де қойылған құнды спектакльдің бірі – «Шоқан Уәлиханов». Спектакльде жұрт­шы­лық сүйіп қарайтын, жақсы бейнеленген – Нұрмұқан Жантөрин ойнаған Шо­қан рөлі. ...Біз актер Нұрмұқанның өнер жолын­да бағын ашқан рөл – осы Шоқан деп танимыз». (Кітапта: «С.Мұқанов ту­ра­­лы естеліктер». Астана, Елорда. 2001. – 480 б.).

«Жол таптым бар қазақтың жүрегіне» деп батыл байлам жасаған Сәбит Мұқанов шығармашылық жолының үлкен бір асуын Шоқан өмірінен көркем роман-тетралогия жазуға арнайды. «Аққан жұлдыз» деп аталған бұл роман-тетралогияның екі кітабы ғана жарық көріп (1967, 1970 ж.ж.), үшінші кітабын бастаған 1973 жылы жазушы ғұмыры тұйықталған еді.

Көрнекті ғалым, қазақ драматур­гия­сының білгірі Рымғали Нұрғалиев: «Шо­қан Уәлиханов» драмасынан кейін көп­томдық романдар шоғырының алғашқы кітаптары дүниеге келді. Кітапханалар, архивтер, Шоқан болған қалалар, Шоқан басқан жолдарды Сәбит Мұқанов түгел көрді; шекарадан өтіп, Шығыс Түркістан, Қашқарға дейін барды. Ұйғыр халқы­ның қалың ортасында болып келген соң, ойланып, толғанған, тақырыпты терең білуден, материалдың маңыздылығынан барып драматург бір объектіден өзектес екі шығарма – пьеса-дилогия тудырды. Сөйтіп, Шоқанның жас жігіт кезін көр­се­тетін «Қашқар қызы» атты екі бөлімді тарихи драма дүниеге келді», деп жаз­ған болатын (Р.Нұрғалиев. Арқау. Т.1. Алматы. 1991–190 б.).

Сәбит Мұқанов 1956 жылы Қытай Халық Республикасына саяхаттап барып, сол сапарынан «Алыптың адымдары» атты көлемді жолжазба кітабын жазып, 1959 жылы «Қазақ мемлекеттік баспасынан» шығарған болатын. Бұл кітапты жазудағы негізгі мақсатын ол: «...мен көп жылдардан бері Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ісін зерттеп, осы тақырыпта роман жазуға жиналып жүрген адам­мын. Бұрын «Қашқария» немесе «Шығыс Түркістан», қазір «Синьцзян» аталатын өлкеге Шоқан 1858 жылы барып, ке­йін ол жайлы көп еңбек жазған адам. Синьцзяндағы өмірін, ісін сипаттау үшін Шоқан көрген жерді көру менің көп жыл­дардан бергі арманым болатын», деп білдірген. 364-беттік бұл этнографиялық еңбекте мол мағлұмат, тың деректер көп. Қазақ елінің оқырмандары Таңжарық­тың өлеңдерімен де алғаш рет осы еңбек арқылы танысқан болатын. Ұйғырлар туралы «Ерте кезде көшпелі өмір сүрген ол, Такламакан төңірегіне тоғызыншы ғасыр шамасында қоныстанып, содан бері отырықшы, егінші ел болып кеткен» десе, «Тянь-Шаньнің теріскей жақ бетіндегі халықтардың басым көпшілігі қазақ. Олар­дың алды Қытай өлкесіне Абылай зама­нында (он сегізінші ғасырдың орта тұсы) өткен сияқты. Содан бері әр кезде ауысқан қазақтың қазіргі саны жарты миллиондай деседі. Ұйғыр автономиялы ауданына (Шыңжаңға) қарайтын қазақтар әкімшілік жағынан үшке бөлінеді: Алтай – орталығы Сары Сүмбі қаласы, рулық жа­ғынан басым көпшілігі керейлер; Тар­бағатай – орталығы Шәуешек, рулық жа­ғынан көпшілігі наймандар; Іле – орта­лығы Құлжа, рулық жағынан басым көп­­шілігі үйсіндер. Шыңжаңда халқы­ның көптігі жағынан үшінші орында моң­ғол­дар тұрады екен...».

Ғажайып тұлға Шоқан Уәлиханов өмі­рі мен шығармашылығын зерттеп, зерделеуде қазақтың екі академигі – Әлкей Марғұлан мен Сәбит Мұқановтың сіңір­ген еңбегі өлшеусіз. 1961 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағын шы­ғар­ды. Оның жауапты редакторы Әлкей Марғұлан еді. С.Мұқанов редакциялық алқаның құрамында болған. Әлекең Сә­беңе бес томдықты сыйға тартып, І-то­мына мынадай қолтаңба қалдырыпты: «Қа­дірлі Сәбитке! Теңізге шомылғандай сүй­сініп оқуға! Әлкей Марғұлан. 25 июль 1961 жыл». Шоқанның азғантай ғана ғұ­мы­рында 200 баспа табақ ғылыми жұ­мыстар жазып қалдыруы таңғаларлық жайт қой, шынында!

Қазақстанның халық жазушысы, ақын Мұзафар Әлімбаев шығарманың жазылу тарихына қатысы бар мынадай бір дерек келтіріпті: «... Министрлер Советінің 2-ші демалыс үйі. Сәбең мені өзінің нөмеріне шақырды. – Ал мен саған бір қызықтарды көрсетейін. Мынау 1928 жылғы дәптер, мынау 1925 жылғы. Мынау 1936 жылғы... 1940 жылғы... Ұсақ әріптермен жазылған. Араб алфавитімен... – Сен білесің бе: Мен Шоқанға байланысты материалдарды жинағаныма биыл елу үшінші жыл. Мен ең алғаш ғалымның інісі мылқау Мақының суреттерін бір үйден көрдім. Жинауды содан бастадым, – деді Сәбең» («Кәдімгі Сәбит Мұқанов». 117-б.).

«Сәбеңнің көркемдік тәжірибесіне дұрыстап назар аударсақ, – дейді көрнекті сәкентанушы, сәбиттанушы ғалым, профессор Тұрсынбек Кәкішев, – әсіресе, тарихта болған қайраткерлер жөнінде жылдар бойы ізденіп, толғанып барып шығарма жазуға отырғанын көреміз. Оған осы Шоқан тарауы мықты дәлел. Әуелі мақала, онан кейін пьеса, ірі дүниеге кірісер алдында монографиялық зерттеу жасап алып, роман жазуға кіріскен. Әрине, өкініштісі, «Аққан жұлдыздың» аяқталмай қалғаны, әйтпесе, қазақ та­ри­­хының ең бір шұрайлы кезеңінің көр­кем шежіресі жасалар еді» (Кәкішев Т., Ахмет К. «Сәбит Мұқанов». Әдеби-ғы­лыми ғұмырнама. Алматы. Арда, 2005). Сондай-ақ сәбиттанушы ғалым, про­фес­сор Құлбек Ергөбектің: «Аяқталмай қал­­ған «Аққан жұлдыз» еркін романы және аяқталмай қалған «Қазақ қауымы» тарихи-этнографиялық кітабы – бұл екеуі іштей сабақтас туындылар. Бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі ашатын бұл екі еңбек өмір бойы халық атынан сөйлеп келген жазушының шын мәнінде халықтық ойға, ұлттық мұратқа оралуы еді» дегенінің жөні бөлек (Қ.Ергөбек, Сәбит Мұқанов. Оқу құралы. – Алматы, Санат, 2000 ). Шоқан өміріне терең үңіл­ген сайын Сәбит Мұқанов оның қысқа ғұмырдағы атқарған қыруар еңбегімен қоса, қол-аяғын жаздырмаған «темір кі­сен­ді» де (Ресейдің империялық саясатын) аңғарады. Өзіне-өзі үңіледі. Ұлт тағ­дырын ойлайды. Тұйыққа тіреледі. Бәлкім «Аққан жұлдыздың» екі кітабын тәмам­дағаннан кейін оны тоқтата тұрып, тың серпіліспен «Қазақ қауымын» жазуында әлгіндей күрмеуі көп қиын түйінді шешуге деген ұмтылыс жатқан болар...

Өзімізге «Шоқан туралы кейінгі кезде іргелі де күрделі қандай еңбек жа­зылды?» – деген сауал қойсақ, қолы­мыз­­­дағы белгілі жазушы-журналшы Жа­­­рыл­­қап Бейсенбайұлының «Шоқан» ат­­ты тарихи-ғұмырнамалық деректі хи­кая­тын атап айтар едік. 2009 жылы «Қа­зақ­­стан» баспасынан шыққан бұл кіта­бын­да Ж.Бейсенбайұлы Шоқанның өмірі мен оның заманына қатысты бұрын бей­мә­лім болып келген көптеген тұстарға жа­ңаша барлау жасайды, тың түйін, ба­­ғалы тұжырымдары бар. «Ғибратты ғұмыр» сериясымен шыққан бұл кітап ұзақ жылдардағы ізденістің жемісі, өте салмақты дүние. Дереккөз әдебиеттер қатарында С.Мұқановтың еңбектері де аталған.

Шоқанның бәкісіне қайта оралайық. «Шоқанның бәкісі дегенде, көп адамның көз алдына Шоқан мен Федор Михайлович Достоевскийдің қатар отырып түскен фотосуретіндегі Шоқанның қолындағы кішкентай кездік елестер. Жоқ, бұл бәкі – ол кездік емес... (С.Мұқановтың жеке мұ­рағатында Ф.М.Достоевский мен Ш.Уә­лихановтың бұл фотосуретінің бір данасы сақталған, дәлірек айтқанда, фо­то­­суреттің көшірмесі. Оның сыртында: «Ф.М.Дос­­­тоевский и Чокан Валиханов (1858 г., г.Семипалатинск). Из ІV-го то­ма собр. сочинении Достоевского. Кни­га на­ходится в библиотеке Союза писа­те­лей Казахстана. Г.Мукамедханов. 1941 г. Январь-февраль. г.Алма–Ата» – деп жазған Қайым (Ғабдулқайым) Мұха­мед­хановтың қолтаңбасы бар).

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жыл­дары болса керек, музейде Уәлиха­нов­тар әулетінің кейінгі ұрпағы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген архитекторы, Алма­тыдағы Шоқан ескерткішінің, қа­зіргі Елтаңбамыздың, Тәуелсіздік мону­ментінің, т. б. авторы Шот-Аман Уәли­хановпен кездесу кеші өтіп жатты. Шот-Аман ағамыздың бір шап-шағын қолсандық ұстап келгенін байқағанбыз. Әңгіме үстінде әлгі қолсандықты жұртқа көрсетіп, ашып, мән-жайын түсіндірді. Бұл Шоқанның суретші інісі Мақы (Әбділмақыжан. 1844-1916) жасаған қол­сандық екен. Оның өрнектелуі, әше­кейленуі, озық қолөнер туындысы екен­дігі қарапайым көрушіге де әсер қал­ды­рарлықтай. «Ал мұның тағы бір ерек­шелігі – қос түбі бар. Яғни астыңғы түбі мен жасырын жасалған үстіңгі түбі арасында Шоқанның талай қожазбасы жасырулы жатады екен» – деді Шот-Аман Уәлиханов. Жұртшылық қызыға қарап көріп, біреулер: «Мына көненің көзін музейге тапсырмайсыз ба?» – деп қалды. Шот-Аман ағамыз: «Кейінірек тап­сыратын шығармын. Әзірге өзімде сақ­талады, – деді де сөзін жалғады, – мен Сәбит атамызға Шоқанның бәкісін сыйлағанмын. Музей экспозициясында тұрғанын көрдім. Рахмет! «Оны неге сыйладың?» – дейсіздер ғой. Шоқанды зерт­теп, насихаттап, ұрпақ жадында жаң­ғыртуда Сәбеңнің сіңірген еңбегін айтып жеткізу қиын. Сондықтан Шоқанның көзіндей болып, осынау ақ сапты кішкене бәкі Сәбеңнің кітаптарының жанында тұруға әбден лайық деп санадым».

 Бұл өте орынды шешім болған екен деп ой түйгенбіз.

Шоқан шыққан шың тым биік еді ғой. Туған халқы оны әрдайым тек биіктен ғана көріп, бағалай берсін!

 

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

филология ғылымдарының

кандидаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,

Алматы қаласындағы музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі