Қыруар қаржы құйылған мұндай тұрғын үй бағдарламалары баспанаға шын мұқтаж жандарға демеу болса жақсы ғой. Өкінішке қарай, басы жақсы басталған кей бағдарлама бағытынан жаңылып, соңында шатқаяқтай бастаған сыңайлы...
Әсілінде тұрғын үй бағдарламасы өз бетімен баспана сатып алуға жағдайы келмейтін қарапайым азаматтарды, соның ішінде көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды үйлі етуге арналған. Алайда осындай мақсатпен 2012 жылдан бері қолға алынған жібі түзу бағдарламалардың көбі аяғына жетпей, орта жолда тоқтап қалған. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің жыл басында жариялаған есебіне сүйенсек, 2012 жылы басталып, 2020 жылға дейін жалғасуға тиіс «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы Үкіметтің қаулысымен 2012 жылдың маусым айында бекітілгенімен, екі жылдан кейін күшін жойған. «Нұрлы жер» бағдарламасы 2017 жылдан бері екі рет қабылданып, екеуінде де мерзіміне жетпей тоқтаған. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары орта жолдан үзілгендіктен, оның қаншалықты тиімді болғанын бағалау да мүмкін болмапты. Қазіргі бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасуы тиіс.
Аудиторлар 2017 жылдың қаңтар айынан 2020 жылдың маусым айына дейінгі аралықтағы «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылу тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізген. Тексеру барысында бірқатар кемшілік анықталған. Нақтырақ айтқанда, аудитпен қамтылған 714 563,2 млн теңге сомасындағы қаражат көлемінен 300,1 млн теңгенің қаржылық, 145 рәсімдік бұзушылық анықталған. Бұған қоса 92 404,9 млн теңгенің бюджеті тиімсіз жоспарланған.
Шенді-шекпенділердің жылдағы есебіне сенсек, елімізде миллиондаған шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп жатады. Алайда мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға мұқтаж азаматтардың кезегі азаяр емес. Кезектің қысқаруы былай тұрсын, қайта көбейе түскен. Тексерушілердің мәліметінше, 2017 жылдың қаңтары мен 2020 жылдың қаңтары аралығында кезекте тұрғандар саны кемудің орнына 112,5 мың адамға көбейген, яғни 428,4 мыңнан 540,9 мың адамға артқан. «Бұл ретте мұқтаждарды баспанамен қамтамасыз ету үлесі айтарлықтай төмен деңгейде қалып отыр және орта есеппен 1,5-тен 2,5% аралығында» делінген есепте. Сонда әлгі миллиондаған шаршы метр тұрғын үй кімге беріліп жатыр? Әлде бұл бағдарламаның айналасында да «бармақ басты, көз қыстының» көбейгені ме?!
Жалпы «Нұрлы жер» бағдарламасының бес бағыты бар. Олар: сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу, кредиттік тұрғын үй салу, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй салуға ынталандыру және квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, тұрғын үй салу. Аудиторлардың есебінше, бағдарлама бағыттарының бәрінде жүйелі проблемалар мен кемшіліктер байқалған. Мысалы, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу бағыты бойынша 969,1 млн теңге сомасындағы республикалық бюджет қаражаты игерілмеген. Соның салдарынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал тобына жалға берілуге тиіс 32,2 мың шаршы метр тұрғын үйді салу және сатып алу көрсеткіштері орындалмай қалған. Жоспар бойынша 858,9 мың шаршы метр пайдалануға берілуге тиіс еді, бірақ іс жүзінде 826,7 мың шаршы метр ғана тапсырылған. «Бұл бюджеттік бағдарламалардың тиімсіз орындалуына әкеп соқты» делінген есептік мәліметте. Ол ол ма, Мемлекет басшысының жыл сайын 6 мың көпбалалы аз қамтылған отбасы мен жұмыс істейтін 3 мың жасқа жалға тұрғын үй беру жөніндегі тапсырмасы да толыққанды іске асырылмаған. Мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бойынша аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 5,5 мың пәтер және жұмыс істейтін жастар үшін 2,5 мың пәтер сатып алынып, пайдалануға берілген. Яғни Президент айтқан межеге жетпеген. Сонда 1 мыңдай азамат баспанасынан қағылды деген сөз.
Тұрғын үй кезегіне тұрғандардың қатары азаймаудың тағы бір ұшы бақылаудың ақсап жатқанында болса керек. Есеп комитетінің мәліметінше, тұрғын үйлер құрылысын қаржыландыратын және баспаналарды есепке алатын және бөлетін мемлекеттік органдар тарапынан тиісті бақылаудың болмауынан кезекте тұрғандарға арналған жалға берілетін баспаналарды бұл санатқа жатпайтын өзге азаматтар иеленіп кеткен. Мәселен, жергілікті атқарушы органдар ұсынған ақпаратқа сәйкес, 2017-2019 жылдар аралығында 17 өңірде 21 462 пәтер берілуге тиіс болған. Бірақ оның 2 354-сі халықтың әлеуметтік осал тобына жататын азаматтарға емес, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне және тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған адамдарға бөлінген.
Биыл наурыз айының соңында Есеп комитеті «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру барысындағы тағы бір былықты әшкере етті. Бұл жолы аудиторлар Samruk-Kazyna Construction АҚ активтерінің басқарылу тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысын жариялады. Сондағы тексеру нәтижесінен «Самұрық-Қазына» АҚ халықтың әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың есебінен өз қызметкерлерін баспанамен жарылқағанын көруге болады. Яғни «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында үй кезегінде тұрғандарға арналған жалпы сомасы 733,5 млн теңгені құрайтын 65 пәтер «Самұрық-Қазына» еншілес компанияларының қызметкерлеріне сатылған. Сондай-ақ сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй құрылысы үшін бөлінген 8,5 млрд теңге мөлшеріндегі қаражат та мақсатына сай пайдаланылмаған. Бұл үйлер де баспана кезегіне тұрмаған адамдарға сатылған. «АҚ-ның 2017-2019 жылдарға арналған бизнес-жоспарында көзделген стратегиялық бағыттарға қол жеткізу дәрежесінің тиімділігін талдау оның нашар орындалғанын көрсетті. Мәселен, 2017 жылдың қорытындысы бойынша қызметтің барлық 7 негізгі көрсеткіші орындалмаған, 2018 жылы 8 көрсеткіштің 4-еуі орындалмаған (50%-ы), 2019 жылы 11 көрсеткіштің 8-і орындалмаған (73%-ы)» делінген Есеп комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сонымен қатар аудиторлар Samruk-Kazyna Construction АҚ-ның Жарғысы бойынша олар жылжымайтын мүлік нарығындағы бағаны тұрақтандыруға жәрдемдесуге тиіс екенін, бірақ бұл міндет орындала бермейтінін, акционерлік қоғам пайдаға кенелуді ғана мақсат ететініне шүйлігіпті.
Міне, баспанасы жоқ, баспана сатып алуға жағдайы жоқ азаматтардың несібесіне ортақтасуға арсынбайтындар талай азаматты үйсіз қалдырды. Егер бюджеттің ақшасы дұрыс жобаланып, шашау шықпай игерілгенде баспанаға мұқтаж біраз адамның басты мәселесі шешілген болар еді.
Мемлекеттік аудит барысында 169,6 млн теңге сомасындағы республикалық бюджет қаржысы өтеліп, қалпына келтірілген. 10 дерек бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға материалдар жолданған.
Ал бұл тексеруден қандай нәтиже күтуге болады? Мемлекеттік бағдарлама аясындағы баспаналар шын мұқтажға беріле бастай ма, әлде тағы орта жолдан жартысы «бөгде жандарға» таратылып кете ме? Бұл енді – уақыт еншісіндегі мәселе.