ДДҰ бұл күні дүние жүзіндегі үкіметтер мен ұлттық денсаулық сақтау органдарын қан орталықтарын тиісті ресурстармен қамтамасыз етуге және ерікті, өтеусіз қан донорлығын кеңейтуге арналған жүйе мен инфрақұрылымды құру үшін негіз қалыптастыруға шақырады.
Қауіпсіз қан және оның компоненттері медициналық көмек пен қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды құрамдас бөлігі екені белгілі. Мұндай жұмыс миллиондаған адамның өмірін құтқарумен қатар көптеген пациенттің өмір сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Сондықтан мұқтаж болған әр адамның қауіпсіз қанға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін барлық мемлекетте қанды тұрақты және ерікті түрде тапсыруға дайын донорлар болуы керек.
Сovid-19 пандемиясы қан қызметінің жұмысына, қозғалыстың шектелуіне әсер еткеніне және өзге де қиыншылақтарға қарамастан, Қазақстандағы және басқа да мемлекетті қан донорлары мұқтаж пациенттер үшін қан тапсыруға келуді тоқтатқан емес. Биылғы Дүниежүзілік донор күнінің ұраны – «Қан тапсырыңыз, жер бетіндегі өмір тіршілігі жалғассын!». Бұл планетада пандемия патшалық құрып тұрған уақытта бұрынғыдан да өзекті, бұрынғыдан да маңызды іс екені анық. Сондықтан донорлардың жер бетіндегі адам өмірін құтқаруға және өмір сапасын арттыруға пейілі індетпен күресте жеңіске жетудің бір жолы десек, артық емес.
ДДҰ биылғы науқанда қауіпсіз қан қорын қамтамасыз етуде жастардың рөліне ерекше назар аударып отыр. Көптеген елдегі жастар ерікті қан донорлығы арқылы қауіпсіз қан қорын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралар мен бастамаларға белсенді түрде қатысады. Біршама елдегі халықтың айрықша бөлігін идеалист, ынталы және шығармашылық қуатқа ие жастар құрайды.
Бір айта кететіні, жыл сайын елімізде 200 мыңнан астам адам қан тапсырады, оның ішінде 18 мыңға жуық донор – үш және одан да көп рет қан тапсырушы. Өтеусіз донорлар, еріктілер, елордалық ұйымдар мен кәсіпорындардың ұжымдары өтеусіз донорлықтың дамуына ерекше үлес қосуда.