Жуырда «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Дала фольклоры мен музыкасының 1000 жылы» жобасының күй өнеріне арналған 2-томы жарық көрді. Жинақтың электронды және аудионұсқаларының сапасы әлемдік стандарттарға сай. Бұл Антологияны – ұлттық музыкамыздың ғасыр жаңалығы деп бағалауға болады. Мұнда қазақтың күй мұхитына құйылған теңіздей мол мұра жарыққа шығып отыр.

Елең еткізер бұл жаңалық үлкен еңбектің нәтижесі екені сөзсіз. Үш тілдегі жинақта шаңқобыз, сыбызғы, үш ішекті домбыра, қобыз, жетіген, шертер және домбыра күйлері нотасымен және кез келген жерден тыңдауға ыңғайлы QR-cod-мен ұсынылған.
Антология М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының «Музыкатану» бөлімінің «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында жүзеге асырылды. Бұдан бір жыл бұрын жоба жетекшісі, өнертану кандидаты, қауымдастырылған профессор Айнұр Қазтуғанованың басшылығымен дәстүрлі әнге арналған 1-том жарияланған еді.
Мақаламызға арқау болып отырған 2-томға 1950-2020 жылдарда жасалған экспедиция материалдарынан бұрын-соңды жарияланбаған мәліметтер молынан ұсынылды. Көне үнтаспаларда (ленталарда) сақталған өте құнды күйлерді кәсіби мамандар нотаға түсіріп, ол орындауымен бірге жарияланды. Мәселен, бұрын жинақтарда кейбір күйлердің нотасы ғана шықса, бұл антологияда тұңғыш рет орындаушының аудиожазбасы мен соның нотаға түсірілуі бірге беріліп отыр.
Аймақтық халық күйлеріне қоса, 22 күйшілік мектеп бойынша 180 күйші композитор мен олардың таңдаулы күйлері алыныпты. Әрине бүгінге дейін жарияланған ең ірі жоба «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» болса, мұнда авторы мүлдем белгісіз, аты да, заты да беймәлім боп бұрын-соңды шықпаған күйлер таңдалды. Ал қайталанған жағдайда ол күйлер басқа күйшінің орындауында ұсынылды. Жобаның ұтымды тұсы – күйлердің аудиожазбасы мен нотасы қатар берілді және күйдің авторы мен шығу тарихы туралы ақпарат мейлінше қамтылып жүйеленіп отыр.
«Қазақтың күй қорына біршама жаңа туындылар еніп отыр. Олар бұрын белгісіз боп келген Тәттімбеттің «Алшағыр-Шағаны», Итаяқтың «Итаяқтың шертпесі», Қыздарбектің «Жұбатуы», Түркештің «Терісқақпайы», Мөңкенің «Кеңес» күйі мен Әсима Ізмұқанбетова орындаған Мақаштың «Байжұмасы» сияқты тың күйлер. Құрманғазының «Қосалқа», «Сырым сазы» және «Көркем ханым» күйлері, Дәулеткерейдің «Қаражан ханымы», Сейтектің «Лауышкесі». Дәулеткерейдің «Кеңес» деген күйін орындаған жазбасы, Сейтектің шөбересі Егзет Мұхамедқалиевтің орындаған «Соқыр Есжанның» 2-нұсқасы табылып отыр», дейді Айнұр Жасағанбергенқызы. Бұл орайда Дәулеткерейдің «Қаражан ханым» күйі 1963 жылы институт ғалымдары жасаған экспедицияда таспаға түсіп, сақталып келгені, оның да табылып отырғаны қуантады. Ал Құрманғазының «Сарыарқа» күйінің 2-нұсқасы Сапар Оразовтың орындауында жазылыпты. Бұрыннан белгілі күйлердің екінші нұсқаларының табылуы да рухани қазынамызға қосылған үлкен жаңалық. Мәселен, бұлар – «Ақсақ құланның», «Аңшының зарының», Байжігіттің «Ерке атанының», Дәулеткерейдің «Қосалқасы» (3-нұсқасы), Жантөренің «Шалқымасының», Ерғалидың «Бозашы» күйлерінің 2-нұсқасы және т.б.
Еліміздің әр аймағынан шыққан күйшілер өз туындыларымен жарияланды. Олар – шығыстан Шайқы Құсайынов («Ой күйі»), Сүбелек Нұрбаев («Сүбелектің тартқан күйі»), Қытай жеріндегі қандастарымыздан шыққан Мұса Қамитұлы («Шаттық»), Жетісу жерінен Бөлтірік Атыханұлы («Әуен күйі»), Сыбанқұл Қалбасұлы («Нүсіпханның зары»), Сатқынбай («Қарлығаштар»), Қаратау өңірінен Әйкен Қоңырбайұлы («Әйкеннің шертпесі»), Сейітхан Әлімбеков («Сейітханның шертпесі»), Батыс аймағынан Қозда («Ақжелеңі»), Жақия («Сарыжайлау», «Айдау»), Қуанышқали (Кербез керік), Боқбала Ертөлепұлы («Манатау», «Ақжелең»), Сыр бойынан Ошақты Күзеубай («Нар идірген») мұрасы болашақта ғылыми тұрғыдан зерттеліп, теориялық жан-жақты талданып өз бағасын алатынына кәміл сенеміз.
Антологияның ерекше тағы бір жаңалығы – жүйеленген жиырмадан астам мектеп арасында Құсайын Малшыбайұлы мектебі (Моңғолия) Шығыс өңірімен рухани сабақтастықта өрбіген Моңғолия өлкесінің күйшілік дәстүрі жеке аймақ ретінде тұңғыш рет күйшілік дәстүрлер жүйесінде ұсынылып отыр. Хұсайын, Дәуітбай, Өсерхан, Бәдел Дәлелхан, Қалкейден бастап, олардың ізін жалғастырған бірнеше өнер иелері бар. Олардың арасынан Айған Бәделұлының «Құр ойнақ», Бәделдің «Қызыл аттың жүрісі», Қалкейдің «Сары ала қаз» күйлері Антология арқылы халқымен қайта табысты.
ХХ ғасыр мұрасына келсек, биыл туғанына 175 жыл толып отырған Жамбыл Жабаев күйлерін ғылыми тұрғыдан тұңғыш А.Қазтуғанова зерттеген еді. Осы жоба аясында Жамбылдың бұрын еш жерде айтылмаған «Өттің дүние» күйі табылыпды. Сол сияқты Сатқынбай Әлмесұлының «Қарлығаш» күйі алғаш рет Рүстем Күлшебаевтың орындауында кірді. «Тілендінің күйі» Нұрғиса Тілендиевтің өзінің қосдомбырамен орындауында сақталыпты. Н.Тілендиев бұл күйді әр кезеңде әртүрлі етіп орындаған ғой. Тұраш Әбуовтың «Арнау» күйі де таспаға түсіпті. Кенен Әзірбаевтың «Құлақ күйі» баласы Бақытжанның орындауында табылса, Әбдімомын Желдібаевтың «Боз жігіт», А.Мырзабековтің «Күй-терме» күйі шықты.
Музыкатанушы ғалымдар мәдениетімізге қайта қауышқан бір күйдің де салмағын бағамдап, сол туындының құндылығын аймақтық, дәстүрлік, мектептік орындаушылық-стильдік ерекшелігінің орнына ғылыми тұрғыдан талдау жүргізеді. Авторлық қолтаңбасын айқындап жатады. Сондай оқиғалардың бірі, соңғы жылдары Сүгірдің «Кауфман» күйі табылып, ол жаңалыққа консерватория конференциясында арнайы көңіл бөлінгені мамандардың есінде. Ал мына Антологияда Қаратау мектебінің күйшілері туралы да жаңалық жоқ емес. Сүгірдің көзін көрген ірі тұлғалардың орындауындағы аудиожазбалар табылды, олар – Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров, Файзолла Үрмізов. Таспада «Қосбасарды» Г.Асқаров орындапты және оның орындауындағы «Кауфман» күйі жаңа дүние. Бұл мүлдем басқа «Кауфман», ол бөлек әңгіме...
Институт архивінен батыс аймағы бойынша халықтық «Боз шолақ атты боқ дүние», «Аққу», «Құламерген», «Ескі бұлбұл» секілді тың күйлер шықты. Маңғыстаулық Арал Тоғаниязұлының «Лек-лек», Шамғұл Ыбырайымұлының орындауында «Есбайдың тартыс күйі» алты күйімен тұтас берілді. Осы өңірден Қоңыр Жүсіпұлы деген күйші табылды. Тіней Боқбала, Тас Көпеш «Шоқан төре», «Манатау» күйлері нотасымен, аудиожазбасымен берілді. Көбісі Әлқуат Қожабергеновтің орындауында табылғаны қуантады. Әлқуаттың «Жаңа күш» күйі тұңғыш рет баспа жүзін көріп отыр.
Мақаламыздың соңында күйлерді орындаушылар туралы да қысқаша айтып өтелік. Жоба аясында табылған, нотаға түсірілген материал өте көп болғандықтан, жоспарлаған ауқымға сыймай, осы 2 томның қосымшасы іспеттес шағын кітап ретінде басылыпты. «Көне күйлерді жүйелеу және іріктеу жұмыстарының өзекті мәселелері» атты ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел ұйымдастырылып, сонда ортаға салған құнды ой-пікірлермен бірге Антологияға кірген ХХ ғасырдың 170-тен астам күйшісінің өмірбаяны фотосуреттерімен үш тілде жарияланды.
Олардың арасында Арқа жерінен Болман Қожабайұлы, ал шығыстан Буратай Мусин, қытайлық қандасымыз Дәрмен Дәулетханұлы, Сейтектің жиені астархандық Мәжит Досмұхамбетов, саратовтық Нұрбай Қыдырғалиев, маңғыстаулық Оралбай Борашев, Тұржан Жолдасбаев, оралдық Сапар Жұмағалиев пен Мұқас Құсайынов, Әсима Ізмұқамбетова, атыраулық Сапар Оразов пен Бәтіш Дәненова және басқалар.
Қазақ музыка мәдениеті мен ғылымына үлкен жаңалығымен келген Антологияның жаңалықтары талай тележобаларға, ғылыми еңбектерге арқау болары сөзсіз.
Бақыт ТҰРМАҒАМБЕТОВА,
өнертану кандидаты
Рыбакина Майами турнирінің үшінші кезеңіне шықты
Спорт • Бүгін, 12:55
Өткен тәулікте 34 адамнан коронавирус анықталды
Коронавирус • Бүгін, 12:35
FIDE президенті Гран-приге қатысушылардан кешірім сұрады
Шахмат • Бүгін, 11:56
Әскери қызметші қошқарды 2050 рет көтеріп, жаңа рекорд орнатты
Спорт • Бүгін, 11:17
Бокс: Бүгін Ләззат Күнгейбаева алтын жүлде үшін сынға түседі
Спорт • Бүгін, 10:57
Тоғыз облыста ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 10:30
Ұқсас жаңалықтар