Вице-министрдің айтуынша, бес жылдың ішінде милиардттаған ағаш отырғызу жөніндегі ауқымды жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылып жатыр. Жобаны іске асыру шеңберінде министрлік облыс әкімдіктерімен бірлесіп, орман қорын молайту мен желек өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлепті. Іс-шаралардың ішінде жергілікті әкімдіктер орманшылармен, халықаралық донорлармен, табиғи аумақты қорғаушылармен, өзге де бастамашыл топпен бірге, ағаш отырғызуды қолға алған.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстан шағын орманды мемлекеттер қатарына жатады. Орман қоры бар жердің жалпы ауданы 30 млн гектарды құрайды, бұл – ел аумағының 11%-ы. Орманы көп аудандар Қызылорда, Жамбыл облыстарында орналасқан. Бұл өңірлердегі жасыл желектің көбі – негізінен сексеуіл екпелері. Ал Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары ең құнды ағаш түрлерімен ерекшеленеді. Атап айтқанда, басқа өңірлерде көп кездесе бермейтін майқарағай, самырсын, балқарағай және шырша осы аймақтарда шоғырланған.
Келешекте елімізде ағаштардың түрі де көбейеді. «Біз қолға алған жобалардың бәрі, оның ішінде облыстар аумағында ағаш отырғызу жұмысы ғылыми ұсынымдар мен орман өсіру талаптарына сәйкес жоспарланғанын атап өткен жөн. Ал жоспардағы 2 млрд ағаштың ішінде сексеуіл – 610 млн дана, қарағай – 555 млн-нан астам, үйеңкі – 193 млн, шегіршін – 132 млн, қайың 100 млн данадан астам бар. Бұдан өзге де ағаш тұқымдарын отырғызу жоспарланған», дейді вице-министр.
Ағаштардың көбін әкімдіктер отырғызбақшы. Ал орман пайдаланушылар мен халықаралық донорлар 208,5 млн ағашты мойнына алған. Жекелеген ұйымдар барлығы 251,8 млн ағаш егуді жоспарлап отыр.
Жобаны қаржыландыру үшін бес жыл ішінде республикалық бюджеттен – 22,4 млрд теңге, жергілікті бюджеттерден 60 млрд теңге бөлінуі керек.
2021 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде министрліктің табиғат қорғау мекемелеріне Ұлттық қордан 3 281,4 млн теңге мөлшерінде қосымша қаржы бөлінген. Соның 1 746,9 млн теңгесі техника мен жабдықтар сатып алуға жұмсалады.
Осы қаржыландыру аясында 209 бірлік мамандандырылған автотехника, жабдықтар мен өндірістік мақсаттағы құралдар сатып алу жоспарланған екен.
Вице-министр еліміздің орман қорын тиімді қорғау және дамытуға байланысты қолға алынған шараларға да тоқтала кетті. Оның айтуынша, бүгінде ормандағы өртті болдырмау, заңсыз ағаш кесу мен құрылыстарды бақылайтын арнайы платформа жұмыс істейді. Соның аясында интерактивті картаны енгізу де жоспарда бар. «Бұл цифрлы картаның орманды қорғау, оның қорын молайту бағытындағы пайдасы көп болмақ. Атап айтқанда, орман мекемелерін орамдық желімен тікелей байланыстыра отырып, құрылған орман учаскелерін, алаңдарды және тұқымдық құрамды анықтауға мүмкіндік береді. Орман қорғаушылары бес жылдық кезең ішінде желек отырғызу учаскелерін карта арқылы бақылай алады. Интерактивті картамен және мобильді құрылғылармен тәулік бойы жұмыс істеуге болады. Демек, орман алқабы күні-түні мамандардың бақылауында болып, қорғалады деген сөз», деді Ә.Шалабекова.
Елдің төрі – елордаға да 1997 жылдан бастап қолдан орман отырғызыла басталғаны белгілі. Брифингке қатысушылар бұл жөнінде де айта кетті. Экология, гелогия және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаевтың сөзінше, астана айналасын жасыл желекке бөлеген алқап аумағы бүгінде 90 мың гектарды құрайды. Әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан жұмыстар аясында барлығы 146 млн ағаш, бұта тұқымдары отырғызылыпты. Биылғы көктемде бас шаһардың жасыл белдеуі 4 млн-нан астам ағашқа көбейген.