Матч бастала сала Италия футболшылары алға лап қойды. Соның нәтижесінде 19-минутта Апеннин түбегінің өкілдері гол салған. Айып алаңындағы қарбаластың бірінде бұрыштамадан көтерілген допты қорғаушы Кьеллини қақпаға дәл бағыттады. Дегенмен төрешілер ВАР-ды тексеріп, доп италиялық футболшының қолына тиіп кеткенін анықтады. Сөйтіп, гол есепке алынған жоқ.
Әйтсе де, көп ұзамай италиялықтар есеп ашты. 26-минутта Берарди қапталдан ойқастап келіп, допты айып алаңына теуіп жіберген еді. Оған басқалардан бұрын жеткен Локателли қақпашыны қапы қалдырып кетті. Есеп 1:0. Бірінші таймда есеп өзгерген жоқ.
Екінші тайм бастала сала Италия футболшылары есепті еселей түсті. 51 минутта орталық алаңдағы олқылықты тиімді пайдаланған Локателли алыстан қақпаны дәл көздеді. Швейцария қақпашысы Зоммер қозғалып та үлгерген жоқ.
Бұдан кейін де Апеннин түбегінің футболшылары бәсеңсіген жоқ. Әсіресе, шабуылшы Чиро Иммобиле бірнеше мәрте ұрымтал тұстан гол соға алған жоқ. Әйтсе де, ойын аяқталар тұста Иммобиле айып алаңының сыртынан шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.
Айта кетерлігі, қорғаушы Джорджо Кьеллинио Еуропа чемпионатында 14-ші матчқа қатысып, италиялық футболшылар арасында рекорд орнатты. Алайда ол ойын кезінде жарақат алып қалды.
Италия – Швейцария 3:0
Голдар:
1:0 – 26 Локателли, 2:0 – 52 Локателли, 3:0 – 89 Иммобиле.
Италия – Доннарумма, Кьеллини (Ачерби, 24), Ди Лоренцо, Бонуччи, Спинаццола, Барелла (Кристанте, 87), Жоржиньо, Инсинье (Кьеза, 69), Локателли (Пессина, 86), Берарди (Толои, 70), Иммобиле.
Швейцария – Зоммер, Мбабу (Видмер, 58), Шер (Цубер, 57), Эльведи, Родригес, Джака, Фройлер (Соу, 84), Шакири (Варгас, 76), Аканджи, Эмболо, Сеферович (Гавранович, 46).
Ескерту алғандар:
Гавранович (49), Эмболо (79).