Қазақстан • 17 Маусым, 2021

Дипломаттар Жоғарғы сотта пікір алмасты

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының ұйытқы болуымен алғаш рет дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдар басшылары қатысқан брифинг өтті.

Дипломаттар Жоғарғы сотта пікір алмасты

Басқосуға АҚШ, Түркия, Қытай, Италия, Нидерланд, Франция, Мысыр, Беларусь, Финляндия, Грузия, Украина, Куба, Словакия, Вьетнам, Индонезия, БАӘ, Болгария, Израиль секілді елдер­дің елшілері мен елшілердің орынбасар­лары қатысып, Қазақстанның сот жүйе­сіндегі реформалардың нәтижелері туралы мәліметтермен танысты.

Брифингте сөз сөйлеген Жоғарғы сот­тың төрағасы Жақып Асанов еліміз­де қолға алынған сот реформасы, сот­тар­дың тәуелсіздігі мәселесі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар, сот төре­лігінің сапасы туралы баяндады.

Іс-шара барысында Қазақстанның әлемдік рейтингтерде «судьялық» көр­сеткіштер бойынша өз орнын жақсарт­қаны айтылды. Өткен жылғы тәуел­сіз зерттеулерге сәйкес, Дүние­жү­зі­лік банк­тің жобасы бойынша ха­лық­тың 53 па­йызы соттарға сенеті­нін біл­дір­се, сот­тардың қызметін пай­да­ланушы­лар­дың 67 пайызы олардың жұмысын оң бағалаған.

Кездесуде Палестина елшісі Мун­тасер Абу Зейд, Германия елшісі Тило Йоханнес Клиннер Қазақстандағы инвесторлармен арадағы дауларды ше­шу жолдары туралы ойларын ортаға салса, «Астана» Халықаралық қаржы ор­талығы сотының тіркеушісі Кристофер Холт соңғы 4 жылдың ішінде 400-ден астам істің сәтті шешілгенін атап өтті. Ол бұл нәтижені «сот пен орталық үшін бұрын-соңды болмаған көрсеткіш» деп санайтынын да ашық мәлімдеді.

Ал Қазақстанның сот жүйесін бұрынғы кеңестік елдердің ішіндегі ең үздіктердің бірі деп санайтын «Бей­кер және Макензи» қазақстандық кең­­се­сінің директоры Куртис Мас­терс реформалардың ішінде цифр­лан­ды­рудың даму деңгейін ерекше атап өтті. Ауғанстанның уақытша сенім­ді өкілі Азизулла Омардың сот ше­шімдерін орындаудың және сенім­ді қарым-қатынасты қалпына кел­тірудің маңыздылығына тоқтала келіп, медиатор­лар жұмыс істейтін ғима­раттың судьялардың кабинеттеріне қара­ғанда заманауи екенін де тілге тиек етті.

Жиын барысында дипломаттардың түрлі өзекті сұрақтарына жан-жақты жауап берген Жоғарғы сот төрағасы «Ең басты мәселе – проблемаларды қа­лай жеңуге болатынын нақты көре білу, кәсіби команда, Президенттің ерік-жі­гері, әлемдік стандарттар бойынша жұмыс істеу» деп атап өтті.

Алғаш рет ұйымдастырылып отыр­ған брифинг соңында дипломаттар сот реформасына қатысты сауалдамаға жауап беріп, осындай басқосуды өткі­зуді дәстүрге айналдыруды ұсынды.