28 Сәуір, 2010

ТВАРДОВСКИЙМЕН СУРЕТКЕ ТҮСКЕН СНАЙПЕР

790 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Қазақ сұрмергенге бір-ақ ауыз сөзбен “құралайды көзге атқан” деп баға береді. Аңшылық аясындағы бұл тіркесті жаугершілік за­манда “қақ жүректің тұсы деп, өлген жерің осы деп...” оралымына орайластырып, қаһармандық қисынына икемдеген. Анау қаңқасы кепкен қалмақты қозғап қайтеміз, неміс фашистерімен арпалыста да “жанды нысана” көздеген аталарымыз ешкімге есесін жібермепті, есебін түгендепті. Екінші дүниежүзілік соғыс­тың ең үздік снайперлерінің тізімінен есімі мен ерлігін өз жұртымыз біле бермейтін қа­зақ­тардың мол ұшырасуы – соның айғағы. Осындай сайыпқыран­дары­мыз­дың бірі – оп­ти­калы винтовкасымен 143 дұш­пан­ның (одан да көп болуы тиіс), оның ішінде 12 снайпердің көзін жойған, орыс зерттеу­ші­лері “ердің ері”, “даңқты мерген”, “ғажайып қа­зақ снайпері” деп әспеттеген Жұман Есіркепов еді. Елеңдеген ел құлағы Совинформбюроның 1944 жылғы 7 маусымдағы, соғыстың 1082-ші күнгі шұғыл ақпарынан мынаны естіді: “Витебск қаласының солтүстік-батыс жағында гитлершілердің үш тобы біздің әскери бекінісімізге шабуыл жасады. Қиян-кескі ұрыстың нәтижесінде жау кейін шегінді. Шайқас алаңында 60 жау өлігі қалды. Н. бөлімінің мергендері старшина Алек­сей Русаков пен аға сержант Джуман Эсир­кеев (дұрысы – Жұман Есіркепов) бір күннің ішінде 8 немісті өлтірді. Қызылармияшы мерген Шумбасов алты күн ішінде қарсыластың 13 солдатының көзін жойды”. Бұл – тоғыз ай бойына Витебск қаласы қол­дан-қолға өтіп тұрған текетірес тұс болатын. Күннен-күнге күйі кетіңкіреп, күші кемігенімен, соғыс тағдырының шешілер сәтін суыт сезінген немістер осы арада айнала қорғаныс шебін құрып жатып алды. Көктегіні күңірентіп, жердегіні жайпауға әзір күллі әскери әлеуетін, қуатты қаруын үсті-үстіне аяусыз үйіп-төкті. Сап түзеген сарбазының өзі 2 миллионға жетіп жығылды. Ал жау армиясының тегеурінді “Орталық” тобын түбегейлі талқандап, Белоруссиядан түгелімен түріп тастауды жоспарлаған “Багратион” опера­циясын жүзеге асыруға жұмылдырылған кеңес жауынгерлері үшін де сын сағаты туды. Өмір мен өлім арасындағы айырыққа айнал­ған Батыс Двинаның сағасы – атақты Лучеса өзенінің арнасымен су емес, қан аққандай болды. Оның жағасында гитлершілердің са­ғын сындырып, бетін қайтарып барып, өздері қыршыннан қиылған, белгілісі, белгісізі бар – қырық мыңнан астам арыстай азаматы­мыздың сүйегі қалды. Әуелде 31-ші, кейін 43-ші армияның құ­рамына кірген Суворов орденді, Қызыл Тулы Витебск 251-ші атқыштар дивизиясындағы 927-ші атқыштар полкының 22 жасар снайпері, БК(б)П мүшесі Жұман Есіркепов бұл қанды қасаптан аман шықты. Аман шы­ғып қана қоймай, жауынгерлік атағы мен абыройы аспандады. Әу баста қай жерден қате кеткенін білмедік, оның фамилиясы орыс­ша құжаттар мен тарихи деректерде Эсер­кеев, Есерькеев, Исеркеев, тіпті кал­ли­графиялық “и” мен “с” әріптерін мағынасыз қоса оқып жібергендіктен, Жиркеев деп те жазылып кетіпті. Сондықтан 1944 жылдың 15 маусымы күні белгілі майдангер-фототілші Александр Фридлянский оны 3-ші Бе­ло­рус­сия майданында жолықтырған жерінде су­рет­ке түсіріп, сипаттамасында “Тамаша қазақ мер­гені Жұман Эсиркеевтің өз винтов­ка­сы­ның нысанасына үңілген сәті. Оның есебінде жүзден астам гитлершіл бар. Өзінің жауын­герлік жанқиярлығы үшін ол Қызыл Ту және 3-дәрежелі Даңқ ордендерімен, “Ерлігі үшін” медалімен наградталған”, – деп жазуы – сол әлдекімдер жіберген грамматикалық салақ­тық­тың салқыны сезілгенімен, мақтан тұтарлық мәлімет. Майдан шебінде Жұманмен екі рет кез­дескен Фридлянский өзі түсірген суреттерін әуелі “Литературная газетаның” 1963 жылғы 22 ақпандағы, содан соң “Советская тор­гов­ля” газетінің 1988 жылғы 23 ақпандағы сан­да­рында жариялаған. Батырдың туған інісі Абдулланың баласы, яғни немере інісі Мыр­зан Мәскеуге аттанып, ыждаһаттылығының арқасында фотосурет иесін тауып алады. Фридлянский оған білгенін баяндап береді. Өз сөзінде: “Ақын Александр Твардовский­мен және жауынгер Алексей Русаковпен түс­кен суретін олар әлдене жайлы қызу әңгі­ме­ле­сіп тұрған кезде білдірмей объективке тар­тып алғанмын”, – дейді. Және де газет бетінде: “Ол (Жұман – А.Ш.) сондай-ақ 2-дәре­желі Даңқ орденімен наградталған болатын, бірақ ол уақытта әлі алып үлгермеген еді”, – деп жазады. Әлбетте, Александр Твардовский – әйгілі “Василий Теркин” поэмасының авторы, ал Алексей Русаков – Совинформбюро хабар­ламасында Жұманмен қатар аталатын мерген жігіт (біздің мәліметіміз бойынша, ол неміс снайперімен жекпе-жекте басынан алған ауыр жарақаттан “өлдіге” саналған, бірақ тірі қалып, соғыстан соң Днепродзержинск қаласында тұрған). Фотограф Фридлянский мен “Красно­армей­ская правда” майдандық газетінің тілшісі Твардовский диктор Юрий Левитан­ның даусы арқылы аттары көпшілікке мәш­һүр болған қос сұрмерген – Есіркепов мен Русаковты іле-шала арнайы іздеп барып, сұхбаттасуы күмән тудырмайды. Бір қызығы, Жұманның Твардовскиймен және Русаковпен түскен суреті көрнекті ақынның кезекті бір кітабында, сондай-ақ кеңес заманындағы қазақ мектебінің 7-сы­ныбына арналған орыс әдебиеті оқулығында басылған. Бірақ бұл жайтқа ауыл-аймақтағы ет жақын туған-туыстары болмаса, басқа ешкім соншалықты мән бере қоймапты... Жұман Есіркеповтің мүлтіксіз мерген­дігін басқа деректер де растайды. 1985 жылы Мәскеудегі “ДОСААФ” бас­па­сынан Н.Журавлевтің “После боя вернусь” деген кітабы жарық көріп, онда орыстың саңлақ снайпер қызы, 2-ші және 3-ші дәре­желі Даңқ орденінің иегері Роза Шанинаның өмірі туралы баяндалады. Соғыста снайперлердің өз ара жекпе-жегі – қалыпты нәрсе. Бір өзі 12 жау сұр­мер­генінің көзін жойған Роза Витебск майда­нын­дағы тағы бір қысылтаяң жерде әккі дұш­панымен өзара аңдысқа түседі. Командалық бақылау пунктіндегі жауынгерлер фашис­тер­дің нысанасына іліге береді. Қарсыласына қарсы айла-амал іздестірген Розаның басы қатады. Әрі қарай кітаптың өзін сөйлетелік: “Взвод жетекшісі алаңдаулы Розаға қарата мынадай ұсыныс жасады: – Штабқа барайық. Көрген нәрсеңізді сол жерде бір салмақтарсыз да, не істей­тін­дігіңіз жөнінде жоспар құрарсыз. Бір таныс снайперім маған өз әріптестерінің дербес стра­тегиясы болу керектігін айтқан еді. – Бұл стратегіңіз кім? – деп жымиды Роза. – Сіз оны білуге тиіссіз, өйткені ол бүкіл майданға танымал. Ол мергеннің аты-жөні – Жұман Исеркеев. – Сырттай қанықпыз, – деп қызығу­шылық танытты Роза. – Оның жауынгерлік есебінде 90 фашист бар. Өлтірген неміс снайперлерінің өзі онның ар жақ-бер жағы... – Дәлірек айтқанда – 12, – деп нақ­ты­ла­ды взвод командирі. – Бәлкім, қазір одан да асып түскен болар. Ердің ері ғой – Жұман!”. Ал Беларусь Республикасының Витебск қаласындағы №9 кәсіптік-техникалық учили­щеде өзі құрған “Поиск” атты әскери-пат­риот­тық клубқа ширек ғасыр бойына жетек­ші­лік жасап келе жатқан Анатолий Алексе­е­вич Бурдомен байланысқа шыққанымызда, ол кісі Жұман Есіркеповтің 1943 жылдың шамамен шілдесіне дейін 143 фашисті жер жастандырғандығын айтты. Училище жа­ны­нан ашылған, үкімет шешімімен “халықтық” деген атақ берілген әскери даңқ мұражайында Жұман қызмет еткен 251-ші атқыштар диви­зиясына қатысты 8 мыңнан астам жәдігер жинақталыпты. Сонда сақталған құнды құжаттарға және соғыстан тірі қайтқан қаруластарының ес­теліктеріне сүйене отырып, есіл ер қазасының жай-жапсары жөнінде Анатолий Алексеевич жан-жүрегі тебірене әңгімелеп берді. Біз Жұманның 1941 жылдың 15 қаза­нын­да ата қонысы – Оңтүстік Қазақстан облысы Қаратас (қазіргі Қазығұрт) ауданының Моло­тов колхозында (бүгінгі Жігерген ауылының маңында) әскерге аттанғанын, оны соғысқа жергілікті әскери комиссариатта анасы Шынтай шығарып салғанын білуші едік. 1944 жылғы 3-ші Белоруссия және 1-ші При­бал­тика майданынан бұрын, 1943 жылдың наурызында Батыс майданда Ржев-Вязьма операциясы кезінде Сычевка қаласы үшін болған қантөгісте ержүректігімен көзге түс­ке­ні де белгілі-тұғын. 1944 жылдың 28 қаза­нында оққа ұшып, Литваның Лецково (Лев­ково) деревнясында жерленгені жөнінде де мағлұмат тапқанбыз. Енді Бурдоның бая­ны­ның арқасында қайғылы оқиғаның қалай орын алғандығын көз алдымызға елестеттік. ...Жұман өзінен төрт жас үлкен взвод командирі, кіші лейтенант Георгий Ушковпен емен-жарқын дос еді. Қапылыста болса да әуелете ән шырқағанды, көңіліне жыр тоқығанды ұнататын қазақ жігіті әзірбай­жан­дық орыс Жора Алексей баласының албырт мінезімен қоса, ақындығына ұйыған. Соғысқа дейін Бакудың тіл және әдебиет институтын тәмамдаған Георгий өз қаруластарымен бірге Калинин және Смоленск облыстарының, Белоруссия мен Прибалтиканың орманын кезіп, оқпанын кешіп жүргенде бір сәт қо­лынан қаламын тастаған емес. Ара-тұра ди­визиялық “За Родину” газетінің редакция­сы­на бас сұғып, өзі ашқан “Жас мергенге кеңес­тер” айдарының аясында мақалаларын ұсынатын. Ал оның оқушы дәптерінің бетіне жазған “Лучеса” атты мына өлеңін бүкіл майдандастары жатқа оқитын: Тебя давно на карте я искал, Полоска голубая среди леса – Простая белорусская река С красивым, строгим именем – Лучеса. Мы на рассвете встали пред тобой. Ты нас ждала, как может ждать невеста. И мы вели здесь долгий, смертный бой, Чтобы ты была свободною, Лучеса. И в память тех, кто в росную траву Упал, свой долг отдавши честно, Я будущую дочку назову Твои прекрасным именем, Лучеса. Өкінішке қарай, перзент сүю бақытын Георгийдің маңдайына жазбапты. Ол мылтығын кезеп тұрған ажалдың суық демін сезінгендей, өлерінен бір күн бұрын ақырғы өлең жолдарын қағаз бетіне қондырады: Вечер пулеметами прострочен, Бьется дождь в палатку невпопад. Что-то мне не спится этой ночью Под осенний желтый листопад... Ертеңіне, полк барлаушыларының бірне­ше сәтсіз әрекетінен кейін, жау тылынан “тіл” әкелуге Ушков взводының снайперлері жортуылға шығады. Тұтқындайтын жау та­былып, істің сәтін салғандай көрінген. Бірақ қайтар жолда әлгі “олжа” неміс күтпеген жерден бұғаудан ышқына босанып, жан ұшыра айғай салады. Мұны естіген фашистер жан-жақтан дүрліге лап қояды. Қанды қақ­тығыста Георгий Ушков қаза табады, орыс тарихшылары жазғандай, “даңқты снайпер Джуман Эсеркеев те сол арада мерт болады”. Сөйтіп, “жеңсек – бір төбенің ба­сындамыз, жеңілсек – бір шұңқырдың ішін­деміз” деп анттасқан екі дос қапияда жан тап­сырып, сүйектері Балтық топырағындағы бір қорымға қойылады... Кейінірек, Георгийдің туған апасы Нонна төрт ұлды болып, олардың кенжесіне інісінің құрметіне Георгий деп ат қойса, үлкен ұлының тұңғыш қызына Лучеса есімін береді. Витебск мұражайында Георгий Ушков пен Жұман Есіркеповтің аналарына полк­тас­тарының жіберген көңіл айту хаттары да сақтаулы. 1944 жылдың 10 қарашасында Қазақстанға жолданған, бұл күні түте-түтесі шығып, жазуы әбден көмескіленіп, көп жері өшуге қараған аза қағаздан қазақшаға аударғанда төмендегі сөздерді оқуға болады: “Қымбатты Есіркепова! Ұлы қазақ хал­қының даңқты әйелі! Сіздің ұлыңыз Жұман Есіркепов біздің нағыз мақтанышымыз болатын. Ол өзінің бойындағы жалыны мен жігерін басқыншыларға қарсы күресте аянбай жұмсады. Снайперлік винтовкасымен талай фашисті жер жастандырды. 1944 жылы Жұ­ман кезекті барлауға аттанғанда жауынгер­лер­мен бірге жау тосқауылына кез келді. Есір­кепов бірінші болып дұшпанның окопына түсіп, таразы басы тең емес шайқаста қаһар­мандықпен қаза тапты. Осы ерлігі үшін сіздің ұлыңыз 1-дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынылды. Жұманның нұрлы бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады”. Бұл хатқа дивизияның штаб бастығы – гвардия полковнигі Владимир Наумович Ратнер, рота командирі Файкин, сондай-ақ Зыкин мен Теберьков секілді майдандастары қол қойған. Жұман Есіркепов наградталған 1-дәрежелі Отан соғысы ордені ол майданға аттанған әскери комиссариатқа келесі, яғни 1945 жыл­дың сәуірінде, Жеңіске аз ғана уақыт қалғанда келіп жеткен. Оңтүстік Қазақстан облысы, Қазығұрт аудандық “Қазығұрт тынысы” газетінің бас редакторы, жанашыр азамат Жорабек Сүйеу­бековтің жөн-жобасы арқылы біз Есіркепов­тер әулетімен қарым-қатынас орнаттық. Жұманның өзімен кіндіктес бір аға, бір інісі болған екен. Ағасы Қыдырбай 1939 жылдың сәуірінде әскер қатарына алынып, 1942 жыл­дың 24 қазанынан былай қарай хабар-ошар­сыз кеткен. Соңғы хатында “467-шы далалық пошта стансасы, 996-шы әскери бөлім” деген адрес көрсетіліпті. Әзірше мұның 221-ші атқыштар дивизиясы бөлімшелерінің бірі болуы мүмкін екендігін ғана анықтай алдық. Ал соғыс көрмеген інісі Абдулладан тараған ұрпақ өз ордасында орнығып отыр. Солардың бірі – фотограф Фрид­лянскийді Мәскеуге іздеп баратын Абдуллаев Мырзан батыр ағасының дерек-дәйегін іздестіруден әсте шаршаған емес. Сол кісінің бастауымен, атқа мінген азаматтардың қос­тауымен ерін жоқтаған елдің ниеті қабыл болып, жергілікті онжылдық мектепке Жұман Есіркеповтің аты беріліпті. Аудан орта­лығынан көшеге аты қойылатын күн де алыс емес деп ойлаймыз. Сөз соңында айтарымыз, орыс және белорусь ағайындар тарапынан баяғыда баға­сын алған, Ұлы Отан соғысындағы сайып­қыран снайперлердің алғашқы сапына кіретін қаһарманымыз – Жұман Есіркеповтың рухы өз Отанында жоғары құрметтің қай-қайсысына да лайық деген көпшілік пікірін бас газетіміздің бетінде бөлісуді өзімізге парыз санадық. Амантай ШӘРІП, “Астана ақшамы” газетінің бас редакторы.