Қазақстан • 17 Маусым, 2021

Ақтоты Райымқұлова елімізде 353 мәдениет нысаны жетіспейтінін айтты

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде 353 мәдениет нысаны жетіспейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақтоты Райымқұлова елімізде 353 мәдениет нысаны жетіспейтінін айтты

«Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, бүгінде республика өңірлерінде 353 мәдениет нысаны, оның ішінде 127 мәдениет үйі, 113 кітапхана, 85 ауылдық клуб, 10 театр, 8 музей, 2 концерт залы және 2 мәдени-демалыс ұйымдары жетіспейді. Сонымен қатар жүргізілген талдау мәдениет нысандарын оңтайландыруға байланысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан мәдениет саласындағы ғимараттарды қысқарту үрдісі жүріп жатқанын көрсетеді», деді министр.

Министрдің айтуынша, өңірлерде мәдениет ұйымдарын жаппай біріктіру/қосу бойынша тәжірибе барлық жерде қолданылады. Сол арқылы тұрғындардың мәдени құндылықтарға қолжетімділігі, әсіресе моноқалалар мен ауылдық жерлерде шектеліп отыр.

«Жергілікті атқарушы органдарға тұрғындарға мәдениет ұйымдарының, әсіресе ауылдағы қызметтеріне ең аз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында моноқалалардағы, аудандық және ауылдық деңгейдегі мәдениет ұйымдары желісінің ең төменгі мемлекеттік нормативтерін сақтау ұсынылады. Өз кезегінде, мәдениет ұйымдарының қызметтеріне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жастар тұлғасының дамуына оң әсерін тигізеді. Балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтенуі мен шығармашылық әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді», деді Ақтоты Райымқұлова.