«Ақыраптың ұзақ түнінде Махамбеттің ұйқысы шала болды. Әлденеден көңілі алағаржақтанып, жүрегі өрекпіп, дөңбекшіп шықты. Құлқын сәріде төсектен тұрып, тысқа шығып еді. Үйінің жанында біраз тұрып қалды».
«Қараой» әңгімесі осы бір елегізулі күйден емеурін танытқандай болып басталады. Ол қандай күй еді? Махамбетті не алаңдатады? Бұл қай күн еді?
Бұл – 1846 жылдың 20 қазаны. Ақыраптың ақырғы түндерінің бірінде Ақжайық аңырап қалды. Ол зардың салмағы батысты ғана емес, бүкіл қазақ даласының омыртқасын опырып жібергендей күйзелтті.
Ендігі күнде елсіз қалған құла түзге айналған Қараойда ақын Махамбет, батыр Махамбет бой тасалап жатыр. Оның бой тасалауының сыры – Орынбор қазақтарының батыс бөлігін билеуші Баймағамбет сұлтанның Махамбеттің басына тіккен бәйгесі. Ақынды өлтірген адамға – мың сом, басын кесіп алып келгенге бес жүз сом сый тағайындайды. Жандайшабы көп жасқаншақ заманда, қорқауы көп қорғаншақ заманда бұған сұранған кісінің қарасы аз болсын ба? Екінің бірінің езуінен су ағады. Бірақ батырдың үстіне басып кіруге кімнің дәті жетіп, батылы барсын? Алса, айламен алар, қайламен соғып ала қояр көп кісінің бірі Махамбет емес қой. Ал айланы кім істейді, айдаладағы кісінің бірінің алдауына түсіп, арбауына байланар шақтан ақын өтіп кеткелі қашан.
Айланы жасар адамыңыз да сол, Махамбеттің өз туысы Ықылас Төлеуұлы. Махамбеттің ішкі арпалысын, ішкі арпалыстан туған іркес-тіркес ойларын көгендей отырып, жазушы Махамбетті елмен астарластырушы, жұртпен жалғастырушы осы Ықылас екенін сездіреді.
Сол Ықылас Төлеуұлының «тәтті ұрттылығын» айта отырып, бір жұма бұрын батырмен қоштасарда: «Мақа, сізді қалың ел қорғаштауда. Келер жолы сенімді кісілерді ерте келмекпін», деген.
«Бұған иланған Махамбет жансыз жолаушының артынан сүйсіне қарап тұрғанда, оның күдірейген жауырынынан күдік алып қалып еді. «Мына сұңғыла мырс-мырс күліп бара жатқан жоқ па?» деп сазарған. Енді ойласа, содан бері көңілінен көмескілік арылмаған екен. Бүгін түнде ұйқысының шала болуында дүдәмалдықтың дерті жатқандай» деген жолдардан Махамбетті алаңдатқан күйдің астарын көреміз. Ықыластың «күдірейген жауырынынан күдік алуының» сыры да тым алыста жатыр.
Тәкен Әлімқұлов әңгіменің ақырғы түйінінде: «Махамбеттің жүйрік күреңі қара беттің астында ойнақшып шыға келді», дейді. Міне, осы қара бет – күдірейген жауырынды, іштен шыққан сатқын Ықылас. Әңгіме тақырыбы жердің атымен ғана Қараой аталып отырған жоқ, сол тұстағы заманның зар күйі, адамның дұшпандығы мен сатқындығы, Ықыластың екіжүзділігі де – қараой деп беріліп отырғанын түсінеміз.
Тағы бір паралелль – қызғыш құс пен көңқарға.
Есік алдында ойланып тұрған Махамбеттің төбесін айнала ұшқан бармақтай ғана қызғыш құсты жазушы «әуеде ұшқан қызғыш: «екеуміздің тағдырымыз бір» дегендей, қанатымен бәйек болады» деп суреттейді.
Махамбет жырларының ішіндегі бітімі бөлек, психологиялық паралеллизм әдісінің классикалық үлгісі саналатын «Ау, қызғыш құс» жырындағы құсты жазушы әңгімеде жай қолданып отырған жоқ.
1846 жылдың 20-шы қазаны Махамбеттің құсалықпен өткен көп күнінің ақырғысы, аманат шағы, соңғы сәті. Екі тарлан бөрінің бірі болған Исатай жоқ, Исатай өлген, Исатайды өлтірген – итаршылық.
Қызғыш құс – сол замандағы Махамбеттің ғана емес, күллі қазақ баласының, қайғырған жұрттың, бодандықтың бопсасында кетіп бара жатқан елдің символы. Ал оған қарама-қарсы беріліп, соның антиподы болып отырған құс – көңқарға.
Аулаққа шығып, абдырап тұрған Махамбет «Ат үстінде талай ой кешті. Сонау қырандарды жайлаған қалың ел сүмбіледе осы Қараойға құлап, айнала қоныс тебетін шақ еске түсті. Жаз соңының желігі, күз басының қамы той-думанымен, қарекет-қарбаласымен көз алдынан шұбырып өтіп жатты. Осы шақта Махамбеттің үстінен көңқарға қарқылдады. Ертеде шаруалар қыстауға қарай ойысарда «көңқарғасы түскір кеп қапты ғой» десуші еді».
Міне, тағы да сол күз, тағы да сол жетім қалған құла түз, тағы да қарқылдаған көңқарға. Бірақ бұл көңқарға әкесі Өтеміс бидің тірі кезінде, кедейлік пен кемдіктің белгісіндей болып қарқылдаса, бұл жолы – сатқындық пен залымдықтың, аярлық пен айлакерліктің, қорқаулық пен қомағайлықтың символы секілді еді. Көңқарғаның бұл қарқылы Ықылас бастаған топтың таяп қалуының нышаны ретінде көрсетіледі.
Махамбеттің ішкі сезігі мен күдігі оны алдаған жоқ. Әрі-сәрі күйге түсірсе де, әріден ойлап, бір сұмдықтың боларын өзі де білгендей еді.
Жалпы, әңгіменің өн бойында осы сезік пен күдіктің қатар өрілуін, қатар берілуін анық байқайсыз.
Махамбеттің шала ұйқысы, одан кейін «үй жанында ұзатар қыздай ұзақ тұрып қалғанын енді ғана байқады. «Ау, шынында да, маған не көрінді?!» дейді дегбірсізденіп. Көргеніне қызығады, көргенінен шошиды. Денесінде қызу бар ма, қалай? Елірмесі бар баладай боп тұруы», Ықыластың кешігуінен секемденуі, оның күдірейген жауырынының көз алдынан кетпей қоюы, қызғыштың ұшып келуі, көңқарғаның қарқылдауы, жары Әуестің жайсыз түс көріп, оны жорымауы, барлауға кеткен баласының Бозадырдың саяңдарынан жылқының жас тезегін көруі, Әуестің келген қонақтардың жүрісін жаратпай «Бесінде моладан қайтқан сүйекшідей мимырт жүрістерін ұнатпай тұрмын» деуі, оның үйді айнала жүгірген баласына «үйді айналма. Жаман болады» деуінен қайта күдіктенуі, Ықыластың бір сәтте сонша бауырсақ бола қалып, баланы иіскеуі, Ықыластың шегір көзінің тұманданып тұруы, Жаңаберген бидің келіп, Махамбетке жақын кісілігі мол Төлепбергеннің келмеуі, Жаңаберген бидің Исатайдың рухына бағыштап оқып отырған сүресінен жаңылуы, не керек, соның бәр-бәрі бір сұмдықтың боларынан суыт хабаршыдай еді. Батыр соны сезсе де, секем алмай, түйсінсе де, түйіле қалмай, ақыр соңында жаралы арыстандай аласұрып, жауға тізгінді беріп қойды.
Кейін, сол жылдың 5-ші қарашасында Баймағамбет сұлтан Орынбор шекаралық комиссиясына хат жазады, хатта: «Мен шекаралық комиссияның талабына байланысты Махамбетті тұтқынға алу мақсатында 15 адамнан жасақ құрдым. Ол жасақта Ықылас Төлеев, Жүсіп Өтеулин, Жаңаберген Боздақов, Төрежан Тұрымов және Махамбеттің ағайыны, Мұса Нұралиндер болды. Жасақ Махамбет ауылына жарты шақырымдай қалғанда киіз үйден Махамбеттің інісі Хасен және бес қазаққа қосылып Махамбет те шықты. Олар қашу мақсатында үй сыртынан қашықтау жерде байлаулы тұрған аттарына қарай беттеген мезгілде Төрежан Тұрымов атымен шауып барып, Махамбеттің байлауда тұрған атын босатып жібереді. Махамбет жасақшыларға қарсыласып, қолындағы қанжармен ұмтылғанда Жүсіп Өтеулиннің қанжарды қағып қалу мақсатында жазатайым тиген бір ғана шоқпар соққысынан қаза тапты» деген ақпар беріледі. Бұл хабарламадан Махамбеттің өлімі кездейсоқ болды, ойымызда оны тұтқындау ғана бар еді дегендей ой көрінеді, бірақ мұның бәрі де алдын ала ойластырылған, ымыраласқан, жымдасқан, жымыңдасқан қулықтың, жебір сұмдықтың шаруасы еді. Келесі жылы-ақ Баймағамбет сұлтан осы қызметі үшін Ақпатшадан генерал-майор атағын алады. Бірақ тарих соның рақатын да көріп үлгермегенін айтады. Петербордан қайтып келе жатқан жолда Махамбеттің жақтастары ұйымдастырған шабуылдан суға кетіп, қаза тапты.
Ал әңгіменің «Қараойдың үстінде көңқарға мен қызғыш ұшып жүрді» деп түйінделуі кісі баласын әлі күнге дейін еріксіз көкке қарататыны несі екен?!.