– Майрбек Нагабекұлы, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда ұйымдастырылған әлем чемпионатында Қазақстанның еркін күрес шеберлері төрт жолдамаға иелік етсе, биыл көктемде Алматыда өткен турнирде тағы бір балуанымыздың бағы жанды. Осылайша, біздің команда лицензиялар санын беске жеткізді. Біздің білуімізше, 74 кг салмақ дәрежесі бойынша «Төрт жылдықтың басты додасына кімді апарсақ?» деп біраз бас қатырған секілдісіздер?
– Иә, оныңыз рас. 74 кг салмақта қос балуанымыздың өзгелерден көші ілгері. Олар – Нұрқожа Қайпанов пен Данияр Қайсанов. Екеуі де байрақты бәсекелерде елеулі табыстарға қол жеткізіп жүр. Таяу күндері 23 жасқа толғалы отырған Нұрқожа 2019 жылғы әлем чемпионатының 70 кг салмақ дәрежесінде күш сынасып, күміс медальды иеленді. 2019 және 2021 жылдары Азия чемпионатында ол алдына жан салмады. 28 жастағы Даниярдың әлем чемпионатының қола (2019) және Азия ойындарының күміс (2018) жүлдегері, Азия чемпионатының екі дүркін жеңімпазы (2019, 2020) деген атағы бар. Осы орайда, бапкерлерге де таңдау жасау оңай болған жоқ. Содан күні кеше ғана Польшаның астанасында шымылдығы түрілген Вацлав Циолковскидің мемориалына екеуін де апардық. Айтулы жарыста кім жақсы нәтиже көрсетсе, соны ғаламдық додаға апарамыз деген шешімге келдік. Өкінішке қарай, Қайпанов тұсаукесер кездесуінде мысырлық Әмір Реда Рамазан Хуссенге есе жіберді. Ал Варшавада өзін өте жақсы қырынан көрсеткен Қайсанов қола медальды иеленіп, Олимпия ойындарында Қазақ елінің намысын қорғауға лайық екенін дәлелдеді.
– 125 кг салмақта күш сынасатын Юсуп Батырмұрзаев пен Олег Болтин де қазір жақсы бабында. Сәуір айында Алматыда жалауы желбіреген жарыста екеуінің де атой салуы – жоғарыда айтылған сөзіміздің айқын дәлелі: Батырмұрзаев лицензиялық турнирде топ жарса, Олег Азия чемпионы атанды. Десек те таңдау Юсупқа түскен екен. Не себепті?
– Олег Болтиннің мықты балуан екені еш дау туғызбайды. Әсіресе өз елімізде өтетін жарыстарда ол жақсы өнер көрсетуде. Болтин бұған дейін де әлем чемпионаты, Азия ойындары және құрлық біріншілігі секілді дүбірлі додаларға қатысты. Бірақ сол бәсекелердің көбінде жерлесіміз жеңілістің кермек дәмін татты. Юсуп Батырмұрзаев сыртта жақсы күреседі. Оны қандай дүрмекке қоссақ та, жерге қаратқан кезі жоқ. Ал елішілік жарыстарда екеуі бір-бірімен аянбай айқасып, алма-кезек жеңіске жетуде. Осы жайттың барлығын ескере отырып, Олимпия ойындары қарсаңында қос алыпты тағы бір сынақтан өткізуді құп көрдік. Вацлав Циолковскидің турнирінде Юсуптың асығы алшысынан түсті. Небір сақа спортшыларға сан соқтырған ол қола медальды олжаласа, Олег алғашқы айналымнан аса алмады.
– Нұрислам Санаевтың 57 кг салмақтың көшбасшысы екені еш дау туғызбаса керек. Елішілік жарыстарда оза шапқаны былай тұрсын, ол Азия чемпионатында алтын алып, әлемдік додада екі рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. Десек те бұл салмақта тағы бір дарынды балуан дараланып жүр. Сол сайыпқыранға сенім артуға болмас па еді?
– Қазақстанда аса жеңіл салмақта күресіп жүргендер арасында мықты балуандар аз емес. Бірақ дәп қазіргі кезде Нұрисламның алдын орайтын ешкім жоқ. Оны баршамыз мойындауға тиіспіз. Ақтөбелік саңлақтың өзі қатысқан жарыстардан олжасыз оралған кездері сирек. Сол себепті де Токио Олимпиадасында тәжірибесі әбден толысқан Саневқа сенім артып отырмыз. Ал сіздің айтып отырғаныңыз Адлан Асқаров қой. Адланның алымды әрі аса дарынды балуан екеніне қылаудай да шүбә келтірмейміз. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыстарда жасындай жарқылдаған ол ересектер дуына да еркін қосылды. Былтыр ел біріншілігінде 61 кг салмақта белдесіп, қарсылас шақ келтірмеген ол биыл Азия чемпионатының күміс медалін мойнына ілді. Жиырма жастан енді асқанына қарамастан, Асқаров әккі балуандардай өте сауатты әрі сапалы күреседі. Техникалық арсеналы мол, тактикалық даярлығы жақсы. Жылдамдығы мен ептілігі де көңіл марқайтарлық. Алайда бұл жігітке қайта-қайта салмақ қудыруға біз түбегейлі қарсымыз. Өйткені бұл процестің пайдасынан зияны көп. Күрес саласының басы-қасында жүрген мамандар оны жақсы біледі. Адланның ағзасы әлі жас, бойы да ұзын. Уақыт оза жас жігіттің салмағы тағы да арта түсетіні анық. Сондықтан да, жеке бапкері және өзімен келісе отырып, осындай ұйғарымға келдік. Келесі олимпиадалық циклде біз Адлан Асқаровты 65 кг салмақ дәрежесінде күрестіруді көздеп отырмыз.
– 65 кг салмақта белдесіп жүрген Дәулет Ниязбековтің өзге бәсекелестерінен шоқтығы биік екенін түрлі байрақты бәсекелер барысында байқап жүрміз. Сол себепті де Олимпиадада бақ сынайтындардың тізіміне оны бірден қосқан боларсыздар?
– Ойыңыз дұрыс. Әлем чемпионатында екі рет жеңіс тұғырына көтеріліп, Азияның үш дүркін чемпионы және төрт дүркін қола жүлдегері атанған сақа спортшының бұл күндері алдына түсетін ешкімді көрмей тұрмыз. Иә, бір кездері жарақатына байланысты Ниязбековтің біраз жарыстан шет қалғаны рас. Сол уақытта бірде оны Саятбек Оқасов, енді бірде Әділ Оспанов алмастырды. Саятбек артылған сенімді ақтап, Азия ойындарында қола және құрлық біріншілігінде күміс медальды еншіледі. Әділ болса, сәтсіздікке ұшырады. Түрлі жарыстарда барлық үміткердің шама-шарқын байқап көрдік. Шыны керек, қазір Дәулеттің алдын орайтын ешкім жоқ. Сол секілді 97 кило салмақ дәрежесінде айқасып жүрген Әлішер Ерғалидің де шеберлік деңгейі барша қарсыластарынан бір бас жоғары. Оған ұлттық құрама бапкерлерінің көздері әлдеқашан жеткен. Сондықтан да Дәулет пен Әлішердің Токиоға баруына еш кедергі жоқ.
– Олимпиада қарсаңындағы оқу-жаттығу жиынын Дағыстанның Хасавюрт қаласында өткізудің құпиясымен бөліссеңіздер?
– Онда еш құпия жоқ. Біріншіден, Хасавюртта еш алаңсыз даярлануымызға барлық мүмкіндік бар. Жаттығу залы, жатын орын, асхана – бәрі де бір жерде шоғырланған. Ары-бері жүріп, уақытыңды зая кетірмейсің. Екіншіден, Дағыстанның балуандық өнерде жеңіспен өрілген бай дәстүрі бар. Яғни бұл жақта біздің жігіттермен спарринг жасайтын спортшылар табу еш қиындық туғызбайды. Сөйтіп, бірер апта Дағыстанда тер төгуді жөн көрдік. Соңғы жаттығу жиынын 9-26 шілде аралығында Алматы облысы Талғар ауданының аумағында орналасқан АИБА-ның базасында өткізуді көздеп отырмыз. Ол жерде де біраз жоспарлы жұмыстарымыздың жүзеге асырмақ ниеттеміз. Ал 27 шілдеде ұшаққа мінеміз де, Жапонияның астанасын бетке аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Күллі қазақстандық жанкүйерлер сенім артып отырған еркін күрес шеберлері Токио Олимпиадасынан мол олжамен оралуына тілектеспіз!
– Айтқаныңыз келсін! Сіздерге де көп рахмет! Ел сенімін ақтау үшін балуандарымыз барын салатынына сенімдімін.
Әңгімелескен Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»