28 Сәуір, 2010

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВТЫҢ АҚ НИЕТТІ АРМАНЫ — ӘЛЕМНЕН ЯДРОЛЫҚ ТАЖАЛДЫ АЛАСТАУ

864 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін
Медиа-форум делегаттары Қазақстан басшысының бастамалары мен ұсыныстарына толық қолдау білдірді Алан КАСАЕВ, Ресей, “Жа­ңалықтар” ақпарат агенттігі­нің ТМД және Балтық елдері бас дирек­ция­сының дирек­торы: – Бұған дейінгі барлық фо­рум­дарда болғам. Жалпы Ресей та­рапынан да, біздің агенттік тара­пынан да бұл жиынға деген қызығушылық өте үлкен. Ең алды­­мен, осы медиа-форумдағы Назарбаев мыр­за­ның сөзін бөле-жара айтар едім. Сіздердің Пре­зи­денттеріңіз үшін биылғы жыл шынында да ерекше жыл. Себебі, Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төр­а­ғалығы басталды. Жақында ғана Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте батыл бастамаларымен әлемдік ілтипатқа ілінді. Сонымен бірге Қазақстан Президенті биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Осы аталғандардың бәрі мерейленетін жайлар. Ал енді медиа-форум әдеттегіше, қай жағынан алғанда да тамаша ұйымдастырылған. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі сөзінде Қазақ­стан­ның Еуропадағы және бүкіл әлемдегі алатын ор­нын дәл айқындап берді. ЕҚЫҰ саммиті бола­тын­дығы жөніндегі хабарды жұрттың бәрі оң бағалап, разы сезіммен қарсы алды. Бұл туралы парасатты ойлайтын адамдар көптен бері айтып жүрген болатын. Бүгінгі медиа-форум талқылауларынан да күтетініміз аз емес. Пікірталасқа салынған мәсе­ле­лер де салмақты. Иран тақырыбы өте көкейкесті. Мәселен, мені Кеден одағы құрылуына байла­ныс­ты тақырып өте-мөте қызықтырады. Бұл жайында Қазақстанда әртүрлі пікірлер бар екендігін де білемін. Кеден одағының негізгі қағидаттары қалай жүзеге асары, әлбетте, ешкімді бейжай қалдыр­май­ды. Бәлкім, осы форумда айтылатын ойлар бізге неғұрлым дұрыс, байыптырақ бағытқа түсуге кө­мектесетін шығар. Кеннет КРУШЕЛЬ, АҚШ, “Medіa Assets Partners” компа­ния­сының президенті: – Бұл форумға 2006 жылдан бері қатысып келемін. Мұндай жиындарды өткізіп тұру әлемнің әр тарабындағы журналистер үшін өте маңызды. Бұл тәжірибе алмасудың тамаша мектебі. Мұн­да өзіңді толғандырған сұрақты батыл қойып, соған нақты жауап алуға болады. Қазақстан әлемдік экономикада өзіне лайықты орнын ала білген ел. Сондықтан, көршілеріне де ықпал ете алады. Қырғызстандағы жағдайды сауықтыруға нақты септігін тигізуге мүмкіндігі сол себептен де мол. Барак Обаманың шақыруымен Вашингтонда өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке Нұрсұлтан Назар­баевтың табысты қатысуы Қазақстанның бұл мә­селеде әлемдегі орталық тұлғалардың бірі екендігін дүние жүзіне паш етіп берді. Осыған қарағанда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық таңдауы сіздің елге түсуі тегін емес. Бұл таңдаудың әбден дұрыс болғандығын Қазақстан Президенті қазір әлемдік қоғамдастық алдында нақты қадамдармен, сындарлы әрі сараб­дал саясатпен дәлелдеуде. Оның Вашингтонға же­місті сапары, ядролық қарусыздануға байланысты бүгінгі айтқан ой-тұжырымдары осыны көрсетеді. Адриан МИРОН, Румыния­ның Қазақстан­дағы елшілігінің бірінші хатшысы: – Мен медиа-форумға осы­мен екінші рет қатысып отыр­мын. Меніңше, өте қызғылықты жиын. Осы замандық толғамды мә­селелер жөнінде әрқилы пікір­таластар болып жатыр. Биылғы жылдың ерекше мәнді мәселе­сі­нің бірі – Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы десек, бұл міндетті сіздердің еліңіз бай­салдылықпен ілкімді атқаруда. Қазақстан Прези­дентінің бүгінгі сөзі кеудесі биік елдің атынан айтылып, өте асқақ естілді. Алға қойылып отырған нысаналы мақсаттардың аса зор екендігі байқалды. ЕҚЫҰ аясында Қазақстанның қатысуымен бірқатар күрделі міндеттердің өз шешімін таба­тынына деген сенім зор. Мысалы, Ауған түйткілі көп жылдардан бері әлем жұртшылығының назарында. Ал Қазақстанның осы Ауған мәселесіне деген көзқарасы өте жаңашыл рухпен сипатталады. Ауғанстанға қатысты ең алғаш рет әскери күш кіргізу тұрғысында емес, керісінше, оған инвес­тиция салу, гуманитарлық көмек көрсету мәселесі көтерілді. Осында ауғандықтар үшін курстар ашу жөнінде шешім қабылдаған Қазақстанның идеясы да тамаша емес пе. Бұл өте маңызды. Себебі, жас­тар білім алса, қателіктерді жібермеуге, өз өмір­лерін дұрыс арнаға салуға үйренеді ғой. Есірткіге, лаң­кестікке қарсы күрестегі Қазақстан тұғыр­намасы құрметке лайық. Осы ретте Президент Назарбаевтың сөзі мен ісі әрқашан бір жерден шығады. ЕҚЫҰ аясында Саммит өткізу идеясы да Еуропа қоғамдастығының көңілінен шықты. Еуропаның көптеген елдері Қазақстан бастамасын қолдап отырғандығы белгілі. Меніңше, осы ретте Қазақстан көшбасшысының сіңірген еңбегі мен рөлі орасан зор ғой деп ойлаймын. Менің елім Румыния қазақстандық бастаманы басынан бастап қолдап, атқарылған істерді оң бағалап келеді. Рамиз МЕШЕДИГАСАНЛЫ, Түр­кия, “Тюркел”, “Отан” газет­те­рінің және еуразиялық “Алтын көпір” журналының бас редакторы: – Еуразиялық медиа-форумда ғана емес, біз Назарбаев мыр­за­ның сөйлеген сөздеріне әр уа­қыт­та зор мән беріп, қадағалап отырамыз. Мысалы, өткен жылы Әзірбайжандағы Нахичеван қаласында түркі тілдес елдер басшыларының саммиті болды. Сондағы сөзін де зор ықыласпен тың­дағанбыз. Оның ЕҚЫҰ төрағалығына кірі­сер­дегі үндеуін Астанада естіген болатынмын. Біз Нұр­сұлтан ағаны түркі әлемінде үнемі өзіміздің көш бастаушымыз деп есептейміз. Ол біздің бәрі­мізге, түркі тілдес халықтарға әрқа­шан өте пай­далы, ұзақ мерзімді ақыл-кеңес беріп, үлгілі наси­хат айтады. Өйткені, түркі тілдес ел­дердің бірігуі, сайып келгенде, Назарбаевтың идея­сы болып табылады. Ол тіпті Нахичеван қаласында сөйлеген сөзінде шын мәнісінде бірігуіміз керек­тігін, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруымыз керек­ті­гін әдемі айтты. Қалай бірігудің жолын да көр­се­тіп, түркі тілдес елдердің академиясын құруды ұсынды. Мамыр айында болатын Түркия Пре­зиденті Абдулла Гүлдің Қазақстанға сапары ал­дында бұл бізді өте-мөте қуанышқа бөлейді. Осы кезде Астанада түркі тілдес халықтар академиясы ашыл­мақшы. Міне, осынау ұлы оқиғаның баста­ма­шысы Нұрсұлтан Назарбаев болып отыр­ған­дығын сіздермен бірге біз де мақтаныш етеміз. Мысалы, медиа-форумға мен өзім орынбасарым Ха­кима ханыммен бірге жыл сайын қатысып жүрмін. Бұрынғыға қарағанда сапалық тұрғыдағы өзгерістері өте көп, мазмұны байи түскен. Мұның өзін біз Қазақстан әрқашан достыққа, өңірдегі татулық пен келісімге ұмтылады деп бағалаймыз. Тек қана өңірдегі татулық емес, қазір Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде бүкіл Орталық Азия аймағында тыныштық болуын қалайды және осы орайдағы іс-әрекеттер мен үдерістерді үйлестіріп реттестіреді. Мінеки, Нұрсұлтан Әбішұлының бүгінгі сөзіне зер салсақ, ол Қырғызстандағы жағдайға қандай әділ баға берді. Мемлекет басшысының қашанда халықпен бірге өмір сүру керектігін, халықтан ажырамауы қажеттігін айтты. Әлеуметтік жарылыстар болмау үшін елдегі бақуаттылықты ескеріп отыру керек. Олай болса, ол кісінің бүгінгі сөзі елдегі тыныштықты сақтап, тұрақтылықты қалпына келтіру жөнінде қырғыз халқына тастаған үндеу сияқты болып көрінді маған. Алда 70 жасқа толғалы отырған аса қадірменді Нұрсұлтан Әбішұлына зор денсаулық, Қазақстанның гүлдене беруін тілеймін. Хакима ХАЛИЛОВА, Түркия, “Тюркел”, “Отан” газеттері және еуразиялық “Алтын көпір” журналы бас редакторының орынбасары: – Халықаралық журналист ретінде біз Орталық Азия өңірінде жиі болып тұрамыз. Осы кезде бізді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алысты бол­жайтын, көреген саясаты таңдандырмай қой­майды. Мұнда әлемде ешқандай баламасы жоқ Қа­зақстан халқы Ассамблеясы құрылған. Мұның өзі басқа мемлекеттерге үлгі-өнеге болып, оларды тө­зімділікке, толерантты­лыққа, парасаттылыққа, этнос­аралық достық пен келісімге үйретуі тиіс. Осы­ның арқасында ежелгі қазақ жерінде бейбіт­шілік пен тыныштық, береке мен бірлік ұя салған. Адамдар бір-біріне әрдайым құрметпен қарайды, бір-бірінің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сыйлайды. Бізге Қазақстанда 130-дан астам әртүрлі ұлттар өкіл­дері тұратындығы белгілі. Оларды Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлтаралық саясаты, парасатты мем­лекеттік саясаты достастырып, бауырластырып, бірік­тіріп отыр. Басқа елдерде де осындай жағдай болса екен деймін. Әрине, түркі әлеміне кіретін Қыр­ғызстанда осы күндерде келеңсіз жағдай­лар­дың орын алуы өкінішті. Осынау қиын күндерде Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының, өз елінің ғана емес, туысқан қырғыз елінің болашағына да алаңдауы, оларға көмек қолын созуы сүйсіндіреді. Демек, ол кісінің түркі әлемінің көш бастаушысы атануы тегін болмаса керек. Аэлита ЖҰМАЕВА, Ресей, “arba.ru” интернет-басы­лымының бас редакторы: – Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін зор ықыласпен тыңдадым. Ол әдеттегісінше халықты толғандырып отырған өте өзекті әрі көкейкесті мәселелерді қозғады. Мен, әлбетте, мұндай сарабдал Президентті мақтан тұтуға хақылымын. Өйткені, өзім қазір Ресей азаматшасы болсам да, Алматыда туып өскен қазақ қызымын. Әрбір жолы осы медиа-форум келгенде, Елбасы­ның сөзін тыңдауға құштар сезіммен асыға­ты­нымды байқаймын. Ресейде тұрғанымнан менің қазақ қаным, қазақы рухым өзгермейді. Сырт пішінім де сол қалпында қалады. Ал Қазақстан Президентінің сөздері мен үшін әрқашан ақылды, әрі тартымды болып шығады. Оның әлемдегі әр жағдайға байыпты баға беретін сөздері маған ұнайды. Бүгін ол Қырғызстанға байланысты жақсы ой-толғамдар айтты. Онда болған жағдайлар бүкіл Орталық Азия үшін сабақ болуы тиіс сияқты. Ондай жағдайды болдырмас үшін Нұрсұлтан Назарбаев өте дұрыс жөн-жоба сілтеді. Вугар МҰСТАФАЕВ, Әзір­байжан, “АРА” ақпараттық агенттігінің редакторы: – Форумды, өзінің ауқым-си­патын, алдына қойған мақсатын ескере келгенде, тек оң тұрғыдан ғана бағалаймын. Ол әр елдің, Азия мен Еуропаның журналис­те­рін жақындастырады, дос­тас­тырады, біріктіреді. 37 елдің БАҚ өкілдерінің жыл сайын басын қосып отыру оңай шаруа емес. Мұнда жаңа байланыстар орнатып, тәжірибе алмасамыз. Бәлкім, бірлескен жаңа жобалардың негізін саламыз. Ал енді Нұрсұлтан Назарбаевтың осында сөйлеген сөзіне келетін бол­сақ, әсіресе қарусыздануға, әлемнің ядролық әлеуе­тін бәсеңдетіп азайтуға байланысты тұстары өте назар аударарлық болды. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, Қазақстан өзінің Семейдегі ядролық полигонын өз еркімен жапқан бірінші ел болғандығы да біз үшін ғанибет. Бұл өте маңызды, әлемнің басқа елдері үшін ой салатын, үлгі көрсететін қадам. Әрқашан бейбітшілікті қалайтын менің елім Әзірбайжан да мұндай оң ниетті басынан бастап қолдап келе жатқандығына өз ба­сым қуанамын. Келешекте Нұрсұлтан Назарбаев­тың ақ ниетті арман-мақсаты орындалып, әлем ядролық тажалды жүгендеп, аластауға қол жеткізеді деп үміттенемін. Бірақ осы бағыттағы іс-әрекеттер біржақты болмай, бұл бастаманы, яғни Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасын әлемнің барлық ядролық державалары қолдауы керек деп білемін. Бұл арада Иранның ядролық саясаты мен антиирандық саясаттың да аражігін ажыратып алу керек сияқты. Валерий РУЗИН, Ресей, Еуразиялық телевизия және радио академиясының вице-президенті, академик: – Еуразиялық медиа-форумға мен осымен тоғызыншы рет қатысып отырмын. Бүкіл әлеммен бірге Қазақстан да бастан кешіп отырған күрделі әрі қиын жағдайларға қарамастан, жиын биыл да сәтімен өтіп жатыр. Әр кездегідей, ұйымдастыру деңгейі жоғары, мазмұны бай. Бұл Қазақстан мемлекетінің қадір-қасиетін, үлкен әлеуетін, сарабдал саясатын көрсетеді. Мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы басқосудағы сөзін тыңдап отырып зор әсерге бөлендім. Оның стратегиялық тұрғыдан алысты болжап көре білуі, ақын сөзімен айтқанда, уақыт шаңы көміп тастаған, уақыт жауып тастаған нәрсені көруі қайран қалдырады. Шын мәнінде де, ол халықаралық деңгейде көтеріп отырған ядролық қарусыздану проблемасы ғаламат алмағайыпта бүкіл әлемді қауіп-қатер тығырығына тірейтін проблема болып табылады. Ол қауіпті жағдай әрбір қазақстандықтың өміріне әсер етіп, зардап шектіруі мүмкін. Солай болғандықтан да, осы проблемалар­ды Президент Назарбаевтың көре біліп, мақ­саткерлікпен шешуге ұмтылуы оның саяси көре­гендігін, алыстан болжамдайтын ойлау жүйесіндегі кең пайымдылығын айғақтайды. Президенттің өз сөзінде басқа бағыттар бойынша берген бағалары да назар аударарлық. Қазақстанның ішкі саясаты­на, оның дамуына, дағдарысқа қарсы бағдарламаға қатысты ой-пайымдары да аса құнды болып кө­рінді. Осы тұрғыдан келгенде Қазақстан халқына, оның көшбасшысына қаржы дағ­дарысының қалған қиындықтарын сәтімен еңсеріп, дамудың даңғыл жолымен алға баса беруіне шын жүректен тілек­тестігімді білдіремін. Ал медиа-форумның жылдағы сияқты, биыл да әлемдік саясаттың көкейкесті мәселелерін талқылап, пайдалы ой қорытарына күмәнім жоқ. Әлемнің жетекші журналистері Алматыға нақ сол үшін жиналды емес пе. Өздеріне осындай мүмкіндік туғызғаны үшін Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа олар да әркез мың сан алғысын айтып отырады деп ойлаймын. Олег КИСЕЛЕВ, Санкт-Петербург, Ресей Медицина академиясының академигі: – Бүгінгі форумда үрей індеті, яғни құс, шошқа тұмауы деген атпен белгілі проблемалар талқылануда. Мен көптен бері Қазақстан мен Ресейде бірдей осы мәселемен айналысып келемін. Елдің мазасын алатын, әбігерге түсіріп, тыныштығын кетіретін осынау жағдайдың, оның әлемдік бұқаралық ақпаратта көрсетілу жайы форумда талқылануы әбден дұрыс. Ал енді форумның өзіне келетін болсақ, онда бүгінгі ең үлкен әсер қалдырған оқиға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлеуі болды. Мен үшін осы орайдағы бір жағымды нәрсе сол, Президент және оның командасы, халықтың әл-ауқатын көтерудің барлық бағыттарындағы тізгінді бекем ұстап келеді. Осында келген сайын мен бұл жағдайды өз көзіммен көрудемін. Қазақ­станға жылына 2-3 реттен келгенде, елдегі эко­номикалық қарқынды ілгерілеуді әрбір жолы байқамай тұра алмаймын. Іс жүзіндегі инвестиция­ларды, нақтылы инновациялық даму жобаларын көргенде солардан Президенттің жұмыс қолтаң­басын, елді басқару мәнерін сезінгендей боламын. Мен шұғылданатын вакциналар, препараттар да қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір саласы болып табылады. Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағасы ретіндегі атқарып отырған жұмысына көңіл толатындай. Біз осы өңірде бүкіләлемдік денсаулық сақтау жайын көтеру орайында да Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауына, зор қамқорлығы мен көмегіне арқа сүйейтіндігімізді разылықпен мәлімдеймін. Мен Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы жағдайында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуразиялық департаменті ашылады деп сенемін. Бұл Қазақстан мен Ресейдің біздің елдер адамдарының денсаулығын қорғаудағы күш-жігерін одан әрі біріктіруге септесері анық. Ал бұл мәселедегі Қазақстан Президентінің тұғырнамасы және айқын. Оған адамдардың денсаулығы, бақыты мен тыныштығы қымбат екенін әлем жұртшылығы мойындап отыр. Вильфрид ШТАЙН, Германия-Қазақстан қоғамының төрағасы: – Тамаша шаралардың бірі. Менің көтерілген тақырыптарға да, форумның ұйымдастырылуы­на да әбден көңілім толады. Мен Нұрсұлтан Назарбаевтың Герма­ния­дағы түрлі кездесулерде пікір­ле­рін тыңдағанмын. Осы арада шын жүрегіммен, кезекті рет Қа­зақстан Президентінің дұрыс саясат жүргізіп отыр­ғанына әсерлендім. Менің жеке көзқарасым бой­ынша, Қазақстан халқы дәл осындай көшбасшыны таңдауымен да көп жағдайда ұтып отыр. Герма­ния­да да Нұрсұлтан Назарбаев кез келген мәселеде өзі­нің ашық көзқарасын білдіріп, барлық тақы­рыптар бойынша тамаша ұстанымы бар екендігін дәлелдегеніне тәнті болғаным бар. Сіздердің Пре­зи­денттеріңіз басқарылатын демократияның жақ­тау­шысы. Менің де осы форманың дұрыстығына көзім жетіп келеді. Меніңше, демократияның өзі де барлық кезде жақсылыққа бастай бермейді. Гер­манияда социалдық демократия. Ол да барлық кез­де игілік әкеліп жатқан жоқ. Мәселен, басқары­ла­тын демократияны отбасымен салыстыруға бо­лады. Онда белгілі иерархия бар, яғни, бір адам отбасында дараланып тұрады да, отбасында дұрыс тәртіпті, қарым-қатынасты орнатады. Егер от­ба­сында әркім ойына келгенін істей беретін болса, не болмақ? Сондықтан да сіздерде көпшілік Пре­зи­денттің саясатымен келіседі, дұрыстығын мойындайды. Менің мұндай пікір айтуға қақым бар деп ойлаймын. Өйткені, Қазақстанмен он жылдан бері әріптестік қарым-қатынас жасап келемін әрі елдегі атқарылып жатқан тірліктердің бәрінен хабардармын. Біздің қоғам Қазақстанға түрлі бағытта гуманитарлық көмек көрсетеді. Жасалынып жатқан жұмыстар туралы нақты нәтижелі мысалдарды көптеп келтіруге болады. Форумда Назарбаев ядролық қарусыз әлемді құру туралы ойын кезекті рет қозғады. Бұл фо­рум­ның – өзегі. Өйткені, ниеті қаралар оңайлықпен қарудан бас тарта салады деп ойламаймын. Қару­сыз­дандыру мәселесімен әлемнің күресіп келе жат­қанына көп болды. Саясаттағы соғысқұмарлармен адамзат әлі де алыса беретін болады. Зұлымдықты жалғыз жеңе алмайтынымызға көзіміз жетті. Осы тұрғыдан алғанда Назарбаев барлық саяси тұлғалармен тепе-теңдікті, түсіністікті сақтай отырып, мәмілеге келе алатын мықты саясаткер. Орталық Азия түрлі саяси оқиғаларды бастан кешіп келе жатқанда, Қазақстан Президенті осы дау-дамайды реттеуге ұмтылып отыр. Бүгінге таңдағы Қазақстанның басты жетістігі – мұнда терроризмге орын жоқ. Бұл сіздер талқы­лай­тын тақырып емес, Қазақстанға тән емес жағдай. Даррен МЕРФИ, Ұлыбритания Премьер-министрі кеңсесінің саяси коммуникациялар жө­нін­дегі бұрынғы арнаулы ке­ңесшісі: – Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгін форумда көтерген мәселе­лері­мен толығымен келісу керек. Қа­зақстан бүгінде Орталық Азия­дағы тұрақтылық пен ынтымақ­ты­лықтың белгісіндей ғана ел емес, оның негізін де қалап отыр. Қазақстан әлемдік көшбасшылардың қатарына еніп келеді. Өйткені, қазіргі таңда көптеген елдердің президенттері Назарбаевтың пікірімен санасады, құлақ қойып тыңдайды. Бұл – факт! Және Еуразия медиа-фо­румына өте көп елдердің өкілдері келіп отыр. Қа­зіргі таңда бұл елді құрметтейтін саяси қайрат­кер­лер, тұлғалы журналистер көп. Бұл да Қазақ­стан­ның беделінің өтімді екендігін байқатады. Яғни, тәуелсіз елдің респектабельділігі артып келеді деген сөз. Бүгінгі форумда Иран мәселесі жан-жақты талқыланды. Бұл мәселені оңтайлы шешу үшін осындай үнқатысу керек екендігі тағы да көрінді. Форумға сұңғыла саясаткерлер, әлемдегі беделді БАҚ өкілдері жиналды. Форумның салмағы бар. Ал Исландиядағы жанартаудың атқылауына байланысты келе алмай қалғандар өкініште болып, форумының жай-жапсарынан хабардар болып отырғанын білесіздер. Хушан ӘМІРАХМАДИ, Американ-Иран Кеңесінің президенті, саясаттанушы (Иран): – Маған форумның беталысы ұнады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елдің экономикасын, саясатын әлемнің ахуалымен өре отырып, тамаша тарқата отырып, бастап берді. Әсіресе Президент­тің мемлекеттердің бір-бірімен қарым-қатынастары туралы пайымдары өте ойға қонады. Назарбаевтың ақын Абайдың сөзін мысалға келтіріп, кедей адамдар бір-біріне жақсылық тілей ме? Кедейлік көп болса, еңбегі соғұрлым арзан болмақ. Олардың бір-біріне деген көрінбейтін өшпенділігі біртіндеп ашық, ымырасыз жаулыққа апарады. Олар өшігеді, соттасады, партияларға бөлінеді, қарсыласынан басым түсу үшін ықпалды жақтастарын сатып алады, шен-шекпенге таласады. Бұған бірдеңе алып-қосу қиын дегенімен даусыз келісесің. Мен Президенттің осылай дей келе Қырғызстанды айтқанда таңқалдым және мұндай кесек пайымды тіпті күткен жоқ болатынмын. Назарбаевтың қазір әлемде орын алып жатқан оқиғаларға қатысты көзқарастарының бірі де саяси сырғыма сөз емес. Нақты істер атқарып отырған саясаткер жалғыз Қырғызстан ғана емес, елдерді қанға бояп кетіп жатқан түрлі төңкерістер туралы ойланып, оған саяси баға беріп қоймай, сабақ алудың кезі келгенін айтып өтті. Мәселен, АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыс осы екі елдің ғана мысалы ма? Мұндай оқиғалар басқа мемлекеттер арасынан да орын алуда. Әлемді тыныштық әлдилеу үшін алдымен осыдан арылу керектігін Қазақстан Президенті айтып қана қоймай, оның тамаша мысалын танытып отырғанын дүние жүзі жуырда ғана Вашингтон саммитінде көрді. Егер осы пікірді басқа елдердің көшбасшылары айтса, салмағы мұндай болып шықпас еді. Монита РАДЖПАЛ, СNN телеарнасының жаңалықтар жүргізушісі: – Еуразия медиа-форумы сияқты басқосуды дәл қазіргі таңда өзге елдерде, тіпті Еуропа мемлекеттерінде де өткізу күрделі. Оны дәл осындай биік деңгейде өткізу қаншалықты қиын болса, көзқарастары мүлде қарама-қайшы тараптарды бір жерге тоғыстырып, үнін әлемдік ақпарат кеңістігіне тарату аса күрделі шаруаның бірі болып тұр. Делегаттар ашық үнқатысу арқылы көзқарастарын, ұстанымдары мен ұсыныстарын қорғап отыр. Мұндай форумға қатысу маған кәсіби тұрғыдан ғана пайдалы емес, өз елімнің азаматы ретінде де, жалпы мазасыз әлемде өмір сүріп жатқан адам ретінде де маңызды. Елдер мен елдер, адамдар мен адамдар бас қосып отыр. Өте көп елдердің өкілдері жиналды, сыртынан ғана білетін саясаткерлермен тікелей жүздесудің сәті түсуде. Дэвид МЕРКЕЛЬ, АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия елдері бойынша көмекшісінің бұрынғы орынбасары: – Еуразия медиа-форумы арқылы Қазақстан өзінің көшбасшылық ұстанымын да мойындатып отырғанын аңғару қиын емес. Бұл ел өз ішіндегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қоймай, Орталық Азиядағы ахуалды да реттеуге әлеуеті де беделі де жетеді. Әлемдегі түрлі қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстанда талай жақсы тірліктер оңтайлы іске асып отыр. Ал өз басым Қырғызстандағы оқиғаға өте қиналамын. Мұны Президент Назарбаев та текке қозғап отырған жоқ. Сол сияқты Иран мәселесін реттеу үшін осындай ашық үнқатысу өте керек. Иран мәселесі адамзат үшін өте көкейкесті. Бұл үстірт талқыланатын тақырып емес, біз осы отырыстардағы ойлар мен пікірлерге құлақ қойсақ, қанға бөккен оқиғалардың жауабын тапқан болар едік. Дәл осындай Батыс пен Шығысты ынтымаққа шақырған аса ірі медиа-форумның Қазақстанда өтіп жатқаны да кездейсоқтық емес. Сабер АЗАМ, БҰҰ-ның Орта­лық Азиядағы Босқын­дар істері жөніндегі Жоғарғы ко­миссарының аймақтық өкілі: – Мен Қазақстан Прези­денті­нің баяндамасымен сөзсіз келісемін. Назарбаевтың баян­да­ма­сын форум делегаттары дем­де­рін ішіне алып, ұйып, баста­рын шұлғып тыңдағандарына куә болдым. Бүгінде жаһандық БАҚ-тың назары Орталық Азияға ауып тұрғанда, өз елінің жарқын мысалын Президент мақтанышпен, нақты экономикалық, саяси жетіс­тіктермен тұздықтап баяндаса, әлемнің төрт бұрышынан орын алып жатқан табиғи апаттарды, саяси қантөгістерді қинала отырып баяндағанына куә болдым. Және осының бәрін Назарбаев жү­регінен шығарып жеткізгенін көрдік. Көреген сая­саткер көрші Қырғызстанда болып жатқан оқи­ғаларды жаны ауырып атады. Және оның нақты салдарына нағыз ақиқат диагнозын да қойып берді. Егер Қазақстан Президентінің бүгінгі сөздеріне құлақ салып, осы ауызбіршілікке шақырған ізіне өзгелер ілессе еш ел ұтылмас еді. Бұған Қазақстан ядролық қарудан саналы түрде бас тарта отырып, адасқан адамзаттың жолын ынтымақтастықтың арнасына салып беруге ұмтылып жатқан жоқ па?! Мен осыдан басқа мына мазасыз әлемде оңды, көкейге қонатын шешім көріп тұрған жоқпын. Еуразия медиа-форумы Қазақстанда өтіп жатқан қатардағы басқосу емес. Бұл жерде көтерілген көкейкесті мәселелердің барлығы айналамызда болып жатқан өмірдің айнасы. Біз үнқатысуларға, айтыстарға, дауға да бара отырып, ортақ бір ымыраға келуге тиістіміз. Қазақстан бұл мәселеде аз іс тындырып отырған жоқ. Луиз ВОЛЛЕР, Chіlі Group, редактордың орын­басары (Дания): – Батыс пен Шығысты тоғыс­тырып, талай көкейкесті ойлардың алаңына айналған Алматыдағы дәстүрлі медиа-форум көтерген және көтеретін тақырыптар толассыз. Соның бірі форумның түстен кейінгі тақырыбына айналған “Үрей індеті” отырысы. БАҚ өкілдері арзан ақпарат іздемей, оқиға­ларды оқырмандардың үрейін тудыратын дүрмекке айналдырмай, байыпты да дәлме-дәл хабар таратуы – аз маңызға ие болып отырған жоқ. Астарында коммерциялық мүдде әлде саяси сасық пиғыл жатқаны белгісіз, түрлі жұқпалы індеттерді жазуда журналистердің абай болғаны абзал екендігі көптен айтылып жүр. Бірақ, нәтиже бар ма? Адамдар өмірінің берекесін алып біткен, дақпыртқа, қорқынышқа толы ақпараттардан ары­латын кез келді. Оның тетіктерін реттейтін осын­дай медиа-форумдар. Көтерілген тақырыпқа қа­тыс­ты шетелдік әріптестерімнің көптеген пікірлерін тыңдадым. Шындығында да бұл мәселеде ойласатын дүние көп. Ортақ бір жолды таңдап, жасанды фобиялардан құтылатын кез жетті. Суреттерді түсірген Берсінбек СӘРСЕНОВ.