Руханият • 21 Маусым, 2021

Сөз сойыл: Әзіл-оспақ

3208 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Сөз сойыл: Әзіл-оспақ

БІРДЕ...

Сынған желпуіш

Халқымыздың сыршыл ақыны Тұманбай Молдағалиевтың бірде Жапония еліне жолы түсіпті. Сол сапарынан Тұмекең әйеліне сыйлыққа әсем безендірілген, әлеміштеп боялған желпуіш ала келеді.
 − Тұмаш, Жапониядан әкелген әлгі желпуішіңді сындырып алдым,− дейді оған бірде әйелі.

 − Сынып қалғаны қалай? − дейді Тұмекең таңданып.

 − Білмеймін... Әйтеуір сынып қалды.

 − Жапондар сынатын дүние жасамаушы еді ғой? Сен онымен қате желпіген шығарсың?

 − Қате емес, кәдімгідей былай желпідім, − деп әйелі алақанымен желпіп көрсетеді.

Сонда Тұмекең мырс етіп:

 − Жапонияның желпуішімен олай желпімейді. Желпуішті ұстап тұрып, басты шайқайды,− деген екен.

Қалған дүние

 Бір жиені үйленіп, Мұзафар Әлімбаев 1977 жылы Павлодар қаласына тойға барады. Ол тойға Мұзағаңның туған жері Маралдыдан да бір топ ағайын-жекжаттар келеді. Араларында ақынмен бірге оқып, бірге өскен жора-жолдастары да бар екен. Солардың бірі − Қабылқақ деген құрдасы Мұзағаңмен құшақтасып, төс-түйістіріп амандасады да: − Мұскен, сен өзің шашың селдіреп, қартайып қапсың ғой? − дейді таңданғандай болып.

Сонда Мұзаған іркілместен:

 − Қабылқақ, рас айтасьң,

Шашымнан тарақ қалды,

Аузымнан арақ қалды,

Ойыннан картам қалды,

Қойыннан қалқам қалды, − деп өлеңмен жауап беріп, тойға жиналғандарды ду күлкіге батырыпты.

Таланттарды оқытудан бас тарту

 Әйгілі музыка танушы, есімі әлемге танымал профессор Иосиф Исаакович Дубовский көзі тірі кезінде бірер жылға Алматыға келіп,
Құрманғазы атындағы консерваторияда дәріс беріпті. Бірде консерваторияның сол кездегі ректоры Құддыс Қожамияровқа жоғарғы жақтан, «Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Әсет Бейсеуовтерді оқуға қабылдап, нота үйретіңдер» деген мазмұндағы нұсқау түседі. Ректор халық таланттары нағыз мықтының өзінен дәріс алсын деген оймен, бұл мәселені Дубовскийге тапсырмақ болады. Сонда Иосиф Исаакович ректордың өтінішін сабырмен тыңдап болғаннан кейін:

 − Мен Шәмші, Әбілахат, Әсет секілді біртума таланттарды оқытуға өрем жетпейді, олар бұрынғыдай өз халқынан үйрене берсін.
Егер оларды біз теорияның тар шаблонына салып, жұғысып кетсек − әндерінде аңқып тұрған ұлттық бояуды оңдырып аламыз, − деп, нағыз білімдар ақсүйекке жарасатын аталы сөзбен жауап беріпті.

Әлібек АСҚАР

Нұр-Сұлтан

 

Дүрдараз диагноз

Пықып біреулердің «Қайран жиырма бес!» дейтініндей жігіт жасында болса да, кейінгі кездері көңілсіз күйге түсіп есеңгірей берген соң, халық емшісі – тәуіпке барып қаралып еді: «Балам, сырқатың нервіден, жүре бермей үйлен. Үйленсең құлан-таза сауығасың» деп диагноз қойып шорт кескен соң, ақылға келіп, үйленген болатын.

Балалы-шағалы күндердің бір күні Пықып өзі де, келіншегі де: «Ауырып ем іздегенше...» атты қағида бойынша ауруханаға барып қаралған болды.

Тегін диагноз несін аясын, ойпыр-ай, келіншегінің де, өзінің де сау-тамтығы жоқ, шұрық-тесік, басынан башпайына дейін аурудың сыналап кірмеген жері жоқ, екеуі де дімкәс құр сүлделері қалған... Мемлекеттік медицинаның диагнозы бойынша, бұл пәлекеттерді тегін ем емдей алмайды екен. Егер ақысы төленсе, сондағы ақ халатты абзал жандар өздері-ақ өзегін тауып емдеп-ақ шығады екен...

Пықып пен келіншегі екеуі бұған кетер шығынды есептеп көрсе... ойпыр-ай, опырып түседі екен!

Пықып жатып тұрғаны жоқ, аурухананың бетін аулақ, сонда да деп, бір жиен құрдас дәрігеріне барып қылжақтап отырып ыңқыл-сыңқылымның тамырын басып берші деп еді, сөзге келмей диагнозын дөңкитіп беріпті.

Үйге келіп келіншегінің көз алдында оқып көріп еді: «Бүйрегіне құм түскен. Құм құмығып тасқа айналмас үшін әлсін-әлсін сыра сімірген жөн... Қан тамырлары тарыла бастаған, мұның бірден-бір емі – ас алдында аз мөлшерде су қосылған спирт, ол болмаса таза екі жүз грамм арақ ішкен мақұл... Ал ана жүрекпен ойнауға болмайды! Жүректің азығы қан. Ал қанның қоюлануы қасірет. Қою қанның сұйытылып суша сүңгуі үшін... көп емес, күніне бір-екі рет коньяк ішкен жөн... Негізі – нервіде де кілтипан бар. Аурудың бар түрінің алақайлауы осы нервінің талшықтарына тіреледі. Сондықтан, анда-санда ер азаматты бошалатып «бостандыққа» жіберіп алған мақұл...» деп жиен өзінше диагноз қойыпты.

Ертеңінде келіншегім де бір таныс құрбы дәрігеріне барып өзгеше диагноз алып келіпті. Ондағы айдақ-сайдақ жазуды ежіктеп оқып отырмын: «Аурудың асқынған түрі құрысу-тырысу. Бұл нервіден келетін кесел. Емі – алтын... алтынның буы буын-буындағы сары суды сығып алады. Құлақтағының алтыннан болуы – нервінің бірден-бір емі. Ал алқа – кеудедегі құрыс-тырысты бойына тартып, әсіресе тыныс жолы тарылудан тым-тырыс құтылады. Саусақтағы сақина біткен, білектегі білезік біткен – қолдың бармайтын, сипаламайтын жері жоқ – бар мүшедегі құрыс-тырыс осы арқылы оңалады... Ал жүрек қабынуына бірден-бір ем – алыс елді мекенге екі-үш айда бір рет ұшақпен ұшып тұру. Негізі – барған елді-мекеннің жағажайында бір өзі күйкі тірлікті ұмытып демалып қайтса, бар ыңқыл-сыңқылдың ғажап емі сол».

Ал керек болса, мен бұл диагноздан өзімше әңгіме өрбітіп өкіреңдеген болдым... Ол менің өткендегімді қоздатып қоқаңдады... Не керек, талас-тартыс, ырың-жырыңмен таң атырыппыз.

 Не керек, ортамызға өңмеңдеп енген дүрдараз диагноздардың кесірінен екеуіміз барып-келіп, ақыры ақылға келіп, не айтса да сол кісінікі жөн деп халық емшісінің алдында отырдық.

Емші апамыз екеуімізді де мұқият тыңдап: «Сендердің нерв жүйелерің құрыған. Бір-біріңді қажаудан нерв талшықтары тарылып бітіпті. «Әкесі өлгенді де естіртеді», өліп қалмай өмір сүреміз десеңдер, менің диагнозым, тоқ етерім – ажырасып бөлек ғұмыр кешіңдер» деп шорт кесті...

Сөйтіп, дүрдараз диагноздың арқасында жүген-ноқтам сыпырылып, бірақ күнде бойдақ болып баяғы таз қалпыма қайта түсе қалдым.

Берік САДЫР        

Нұр-Сұлтан

 

*Ауылдың айтқыштары

ҚАБІР ҚАЗУ...

 Тарбағатай аудан орталығында Сотикті білмейтін адам кемде-кем (Шын аты-жөні – Нұрлан Тұрысбеков). Астарлап сөйлеуге «ас». Әрбір дегенінен «көсем» сөз қылқияды.

 Бірде ішкі істер бөліміндегі бір азамат қайтыс болады. Қабір қазудың шеберлерінің бірі боп саналатын Сотикті сол бөлімнің бастығы жанына тағы төрт жігіт қосып зират басына апарып, қазатын орынды көрсетеді. Сонда Сотик тұрып:

 – Бас жағын қалай қаратып қазамыз? – депті. Ана бастық шын білмейді десе керек.

 – Қалайы несі, құбылаға қаратып, – десе, Сотекең түк білмегенсіп:

 – Қайдан білейін, РОВД жаққа қарата ма деп ойлағаным ғой, – депті.

«ПРОТИВОГАЗ»

 Мал союға да бесаспап Сотикті бір таныстары соғымдарын сойысуға шақырыпты. «Бауыздау», «Терісін сылу», «Мүшелеу» деген сияқты процестер әдеттегідей аталып, «ырымы» жасалып отырады.

 Соғым жайрап, қуырдағын жеп, енді үйіне қайтарында үй иесі:

 – Сотеке, өзің бос қайтпай, «қол үзікке» бірдеңе ал, – десе, қасапшы Сотекең:

 – Маған «противога»з берсеңдер болады, – депті. Ел аң-таң. Соғым иесі:

 – Оның не пәле? – демей ме?! Сонда Сотик кеңірдегі тесіліп, ілініп тұрған өкпе-бауырларды көрсетіпті.

ЕСКЕ АЛУ

 Ақсуаттың іргесіндегі Қарғыба ауылында Төлеубек Әбдікәрімов деген ағамыз тұрады. Тарихшы-ұстаз әрі шебер музыкант. Әсіресе сырнайдың «құлағында» ойнайды. Сонымен қатар қажет кезде қалжыңы «қалтасында» жүреді.

Осы ауылда Төкеңнің әріптесі, яғни ұстаз болған Қабибала деген әпкеміз бір тойға дайындалып жатады. Жақсы жаңалықты естіген Төлеубек ағамыз жанында тағы 2-3 жігіт бар, есіктен енгеннен-ақ Төкең:

 – Ал, Қабиба, той құтты болсын, – деп бастап, – осындай шаттықты думанды Жәкен ағамыз көре алмағаны өкінішті-ақ, – деп аяқтайды.

 Әпкеміз қым-қуыт шаруаларын ысырып қойып, шағын дастарқан ұйымдастырып, алдарына бір «көк мойын» қояды. Аналар бірді айналдырып құйып алған соң:

 – Жәкеңдерің бір аунап түссін, андағыларыңды алып қойыңдар, – дейді. Қағып салысады. Апайымыз сөзін жалғап, – келгендеріңе көп-көп рақмет, – депті. Сонда ар жағын «қонған елді» азсынған ағамыз:

 – Қабиба, мен білсем Жәкең қырынан қалды, енді не етпетінен, не болмаса шалқасынан жатсын, тағы бірді айналдырып жіберейік, – деген екен. Апайымыз күліп:

 – Осы сенің шығармайтының жоқ қой, – депті.

«ЕСАЛАҢ» СҰРАҚ

 Ақсуаттағы №1 мектепте дене шынықтыру пәнінен дәріс оқытатын Естай Жарқымбаев деген бауырымыз бар. Самбо күресі мен футболдан спорт шеберлігіне кандидат болса, қалжың сөзге де «мәстір».

 Бірде бір қадірлі адам қайтыс болып, топырақ салып жатқанбыз. Бір әредікте Естай қасыма келіп:

 – Секе аға, күрішті қайдан жейміз? – дегені. Ұғып үлгермей:

 – Қайдағы күрішті? –деппін. Бауырым саспайды:

 – Құран-қатым қай кафеде беріледі? – дейді беті бүлк етпей. (Сөйтсем осындай кәделерде табақ тартқанда еттің астына күріш салынатынын меңзепті). – «Есалаң» сұрақтарды қалай ойлап таба қоясың? – дедім кейіп. Сонда ол:

 – Көріп жүрген жайттар ғой, – деп, жылыстап кете барды.

Серік ЖҰМАТ

Шығыс Қазақстан облысы