Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігін төмендету мақсатында арнайы әзірленген “Балапан” бағдарламасының Астана қаласында жүзеге асырылу барысымен танысты.
Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов Елбасына аталған бағдарламада қойылған мақсаттарға жету үшін бірнеше бағыттарда жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Олардың қатарында өз мақсатында пайдаланылмаған балабақша ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтару, жаңа балабақшалар салу, жаңа тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарынан шағын орталықтар құру, мемлекеттік тапсырыс бойынша жеке меншік балабақшалар ашу, жеке инвестициялар есебінен балабақшалар құрылысын жүргізу сияқты міндеттер бар.
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Мирзоян көшесіндегі күрделі жөндеуден өткен 240 орындық №47 “Ақ желкен” балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Елбасын қошеметпен қарсы алған балдырғандар мен “Ақ желкен” балабақшасының тәрбиешісі Жұлдыз Жорткеева Президентке бүлдіршіндердің бойында патриоттық сезім қалыптастыру үшін Отанына деген сүйіспеншілікті ұялату тұрғысында тәрбиелік жұмыстар жүргізуге баса мән берілетіндігін баяндады. Осыдан кейін бүлдіршіндер Елбасына ән-тақпақтар айтып, өз өнерлерін ортаға салды. Сізге біздің балалар мен педагогикалық ұжым атынан алғысымды білдіргім келеді. “Балапан” бағдарламасы аясында мынадай үлкен, кең де жарық ғимаратта отырмыз. Бұл үшін Сізге ризашылығымыз шексіз, деп жеткізді балабақша тәрбиешісі Президентке өз қуанышын. Осы жерде Президент балауса балғындармен бірге естелік суретке түсті.
“Ақ желкенге” балаларын желкенді үміт жетелеп келген ата-аналардың да Елбасына деген алғыстары шексіз. Дильназ есімді немересін алып келген Жаңабай Нығметжанов ақсақал мен жас ата-аналар атынан сөз алған, кішкентай Нұрасылдың әкесі Нұржан Өмірзақов балаларының балабақша табалдырығын аттағандарына шексіз қуанышты екендіктерін жеткізді. Ал Астана гуманитарлық колледжінің директоры Әділхан Жүсіпов Елбасына аталған оқу ордасының жарты ғасырға жуық уақыттан бері мектепке дейінгі даярлық мамандығы бойынша қос тілде мамандар даярлап келе жатқандығын, 2007 жылдан осындай мамандар қатарының 5 есе өсіп отырғанын хабарлады.
Нұрсұлтан Әбішұлы жиналғандарға арнаған сөзінде жас ұрпақтың өз қатарластарымен бірге ойнап-күліп өсуінде балабақшаның орны ерекше болатындығын, бүгінгі бүлдіршіндер қуанышына өзінің де ортақтас екенін айта келе, балғын бөбектерге бақытты болыңдар деген аталық тілегін білдірді.
1989 жылы салынған “Ақ желкен” балабақшасының ауданы 2716,9 шаршы метрді құрайды. Бұл ғимаратта бұған дейін Алматы ауданының әкімдігі орналасқан болатын. Аталған ғимаратты қалалық білім жүйесіне қайтарып, оны қайта жабдықтау үшін “Жол картасы” бойынша 341,8 млн. теңге бөлінген.
Бүгінгі күнге қарасты елордада қайтарылып алынған 1515 орынды қамтитын 10 балабақша жөнделіп, ашылуға дайын. Алдағы шілде, қыркүйек айларында тағы 5 балабақша құрылысын салу жоспарда тұр, ол 890 орынды қамтамасыз етпек. Жыл соңына дейін 2405 орындық 14 балабақша пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, Астана қаласының әкімдігі 2440 орынды қамтитын 10 жаңа балабақшаның құрылысын жүргізуде. Оның 1000 орындық төрт нысаны ағымдағы жылы тапсырылып, жыл соңына дейін 1440 орындық 6 балабақша іске қосылады. Сондай-ақ шілде-қыркүйекте тұрғын үй кешендерінің бірінші қабаттарында 3509 орынға арналған 15 шағын орталықтар ашу жоспарланған.
* * *
Астананың мектепке дейінгі білім беру мекемелеріндегі орын жетіспеушілігін азайту үшін “Балапан” бағдарламасының шеңберінде жаңадан балабақшалар іске қосылуда. Мысалы, №40 “Құлпынай” және №51 “Алтын сандық” осы санаттағы балабақшалар. Аталған балабақшаларға 2-6 жас аралығындағы балалар қабылданбақшы. Бұрын үйде де, түзде де аналық міндет пен еліміз дамуына үлес қосуды қатар алып жүрген жас аналарды балабақша мәселесі қинайтын. Оның күрмеуі Елбасымыз халықпен тікелей байланысқа шыққан кезде келіп түскен өтініштер арқасында оңтайлы шешіле бастады. Астана қаласында 2010 жылы ашылуға тиіс 24 балабақшаның 14-і мекемелерден қайтарылып алынған ғимараттар. Олар күрделі жөндеуден өткізіліп, жыл соңына дейін балалар игілігіне айналмақ. Қалған 10-ы жаңадан бой көтеретін болады. 9 мамырда балаларға айқара есік ашатын №51 “Алтын сандық” балабақшасы бұған дейін “Қазақстан темір жолы” компаниясына” тиесілі болған. Московский көшесінде күрделі жөндеуден өтіп, толыққанды дайын тұрған “Құлпынайдың” ғимараты таяу уақытқа дейін “Астана ақшамы” мен “Вечерняя Астана” газеттерінің редакциялары болған-тын. Бояу иісі аңқып, алыстан қызылды-жасылды боп көз тартып, тап-таза күйінде көңіл қуантып тұрған бұл балабақшаларды қызықтауға келген ата-аналар да, жас балалар да мәз. Ұйықтайтын, жатын бөлмелерінде тізіліп тұрған кереуеттер, ойын бөлмесі, асхананы көргенде балақайлардың пайдалы уақыт өткізуіне сенімді боласыз. Ал аулада тебетін әткеншектер мен қалашықтар, сырғанайтын орындар орналасқан. Бұның барлығы да балалар үшін қауіпсіз материалдардан жасалған екен. Оның үстіне тәрбиешілерге өткізілген қатаң байқау сәбилердің жақсы тәрбиеленуін қамтамасыз етеді. “Алтын сандық” 265 балаға есептелген. 402,8 млн.теңгеге салынған құрылыс қысқа уақыт ішінде толық аяқталып отыр. Тағы бір қуантарлығы ашылған балабақшалардың барлығында да тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізілетін болады. Осыған дейін де бұлардан бөлек “Еуропалық”, “Тәуелсіздік” тұрғын үй кешендерінде жарты күндік балабақшалар пайдалануға берілген болатын.
Бүгінгі күні Астана қаласында балабақшаға орналасуға 34 мыңнан астам бала тіркеуде тұрған көрінеді. Ал орын жетіспеушілігі 28 мыңды көрсетіп отыр. Астана қаласы әкімдігі берген ақпарат бойынша биыл кезекте тұрған балақайлардың 42,8 пайызы орынмен қамтылмақ.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Венера ТҮГЕЛБАЙ, Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.