Аймақтар • 21 Маусым, 2021

Шу өңірінің қариялары Түркістанға саяхат жасады

243 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Шу ауданында тұратын 20 қарияны Түркістан облысына саяхатқа жіберу қолға алынды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шу өңірінің қариялары Түркістанға саяхат жасады

Аталған шара аудан әкімдігінің бастамасы негізінде жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асуда. Бүгінде қайтадан түлеп, жаңғырған Түркістан өлкесіне сапар қарсаңында аудан әкімі Нұржан Календеров жергілікті қариялармен кездесіп, пікір алмасқан еді. Кездесу барысында қариялар да осындай игі іске қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғыс білдірген болатын.

 «Ел тарихындағы елеулі мереке қарсаңында қарияларымызға түркі әлемінің бесігі болған Түркістан қаласына саяхат жасатуды жөн көрдік. Күні кеше сол қарттарымызға ақжолтай тілеп, туристер көп баратын шырайлы шаһарға шығарып салған едік. Түркістанда бұрын болғанмен, қаланың тап қазіргі көркейген келбетін көрмеген ақсақалдар аз уақыт ішінде шаһардың жаңа кейіпке еніп, адам танымастай өзгеріп кеткендігіне өздерінің таңқалыстарын білдірді. Осындай құрметке ауданымыздағы 7000-ға жуық барлық зейнеткерлер лайықты. Олар бүгінгі бейбіт те берекелі күн үшін бейнет кешіп келді», дейді Нұржан Календеров.