Экология • 21 Маусым, 2021

Сапалы ауыз суға қашан қол жетеді?

448 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Төрткүл дүниенің қай бұрышына зер салсақ та, ауызсу тапшы­лығы артып, қиындықтар туындап отырғанын байқау қиын емес. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлем тұрғындарының 70 па­йызы – суға зәру. 2,5 миллиард адам шөлін басып, таза су іше алмай отыр. Өндіріс орындарының көбеюіне байланысты тіршілік нәрін пайдалану көлемі тіпті өсе түспек. Сарапшылар алдағы бес жылда Орталық Азияда су үшін тартыстың өршитінін алға тар­тады. Оның ақыры су дағдарысына соқтыру мүмкіндігін жоқ­қа шығармайды.

Сапалы ауыз суға қашан қол жетеді?

Қаржы бар, қайтарым төмен

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақ­стан: іс-қимыл кезеңі» Жол­дауында бұл мәселеге арнайы тоқталды. Онсыз да су тап­шы­лығының зардабын тартып отыр­ған елімізде судың 40 пайызы далаға кетіп жатқаны мысал ретінде келтірілді. Осы себепті саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологияларды енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзір­леу туралы тапсырма берді. Тәуелсіздікке қол жеткізгелі ауызсумен жабдықтаудың түр­лі бағдарламаларына 1 трлн теңге жұмсалған. 2000 жылдан бері бұл бағытта кешенді іс-шаралар атқарылып келеді. 48,2 мың шақырым инженерлік желі салынған. 2025 жылға таман рес­публика тұрғындарын ауызсумен толық қамту міндеті тұр.

Былтыр біздің өңірден сай­ланған Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов ауызсу тапшылығы мәселесін көтеріп, Премьер-Министр Ас­қар Ма­минге сауал жолдады. Ерік Хам­заұлы келтірген мәліметтерге сүйенсек, елімізде 1,2 миллион адам ауызсу зардабын тартып келеді. 2,5 мыңнан аса ауылдық жерде әлі күнге дейін сапалы су жоқ. Оған мем­лекеттік бағдарламалардың ба­қы­ланбауы және 2019-2020 жыл­дары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі себеп болған. Депутаттық сауалда: «Солтүстік Қазақстан облысында су құбырларының 67 па­йызы немесе 1 955 шақырымы толығымен тозған және топтық су құбырлары жүйесінің ескіруі төтенше жағдайлардың туындауына соқтырып отыр. Солтүстік Қазақстан және Қостанай об­лыс­тарының 200-ден аса елді мекендерінде ауызсу тапшы. Магис­тралдық құбырлардың тозуына байланысты тасымалдау кезінде су шығынының жалпы көлемі 65 пайызға дейін артып кетеді» делінген.

Еліміз бойынша сапалы­ ауызсу жайының өте күр­делі екеніне қарамастан рес­пуб­ликалық ведомство бас­шы­ларының алаулатып-жа­лаулатқан кей мәлімдемелері таңдандырмай қоймайды. Мә­селен, 2020 жылдың соңында өткен Үкімет отырысында 16 жыл­да ауылдарды дамытуға түр­­лі бағдарлама шеңберінде 2 трлн теңгеге жуық қаржы бө­лін­­гені айтылды. Индустрия жә­­не инфрақұрылымдық даму ми­нистр­лігі «Нұрлы жер» бағ­дар­­ламасы аясында ауылдарды сапалы және қажетті мөлшерде сумен жабдықтау және су бұру жүйе­лерін салуға, жаңғыртуға 934 млрд теңге көзделгенін ха­ба­р­­лады. Республика аума­ғын­­­­­­дағы 6 341 ауылдың 4 078-і­ ор­та­лықтандырылған сумен­ ж­а­­б­­­­­­дық­талғанын білдік. Тіпті «Солтүстік Қазақстан, Маң­ғыстау, Аты­рау облыста­рында кейбір қала халқы орта­лықтандырылған сумен толық қамтылған» деген шындыққа аса жанаса қоймайтын ақпарат та айтылып қалды. Ал бөлінген қаражаттың 50 пайызы неге иге­рілмей қалғаны туралы сұ­раққа жобалық-сметалық құжат­тамалардың сапасыз дайындалуы, сот шешімдері, мердігердің дұ­рыс таңдалмауы деген жауаптар айтылды.

 

Сегіз жылғы сергелдең

Преснов топтық су құбырын қайта қалпына келтіру 2014 жылдан бері жүргізіліп келе жат­қа­нымен, әлі аяқталатын түрі көрінбейді. 2019 жылы жұмыс­тарды орындау қарқынының тө­мендігіне орай 2,9 млрд теңге бюджетке қайтарылған. Былтыр жобаны жалғастыруға 1,1 млрд теңге қарастырылып, ол да толық игерілмей қалған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Әділ­бек Әубәкіровтің сөзіне қарағанда, өңірде 247,5 мың тұр­ғыны бар 398 елді мекен ор­талықтандырылған су же­лісіне қосылған. Бұл – барлық ауылдардың 62,7 пайызы. 2021-2025 жылдарға арналған облыс­ты әлеуметтік-экономикалық дамыту кешенді жоспары аясында таза су бағдарламасына 30 млрд теңге бағытталады. Бұл 84 мың тұрғыны бар 78 ел­ді мекенді қамтуға мүмкіндік бе­реді. Жыл аяғына дейін 50-ден ас­там ауылға жаңа құбыр тартылып, су жүйесі жақсартылмақ. Оған ел қазынасынан 11 млрд теңге бөлінген. Басқарма басшысы Преснов елді меке­нін­де осы жылдың екінші жар­тыжыл­дығында су торабы іске қосы­лады деп қос алақанын ыс­қылап отыр. Алайда жаздың ыс­тығында тағы да сусыз қалған Жамбыл ауданы тұрғындарының бұл сөзге сенгісі жоқ.

«Жыл сайын қомақты қар­жы бөлінгенімен, жаңғырту жұмыстары сылбыр жүргізіліп келеді. Преснов топтық су торабын қайта қалпына келтіру жұмыс­тарының басталғанына бақан­дай 8 жыл болды. Мерді­герлер жиі ауысады. Олардың жауапкершілігінің төмендігінен 33 мың тұрғыны бар ондаған ауыл сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Қазіргі шабан қи­мылдарына қарағанда шілде айына дейін аяқтаймыз деген сөз­дері сылдыр суға ұқсайды», дейді пресновтықтар бірауыздан.

Преснов су құбыры 1975 жы­лы пайдалануға берілген. Жер астындағы құбырлардың әбден тозығы жеткен. Бастапқыда пор­тугалдық қаржыгерлер инвес­тиция құйғанмен, белгісіз себептермен бас тартқан. Содан бері бірі келіп, бірі кеткен инвесторлар мен мердігерлерді санамалап шығу қиын. Еске сала кетсек, 2020 жылдың желтоқсан айында, яғни жаңа жылдың алдында су тарату құбырының жарылуына байланысты әлеуметтік нысандарды орталықтандырылған ауызсумен қамту қызметінде оқыс оқиға туындаған болатын. Бірнеше күнге созылған су құбырының ақауын қыстың көзі қырауда жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы жұртшылықтың наразылығын тудырып, әлеу­меттік желілерді ұлардай шу­латқан. Енді екінші рет істен шығып, су тапшылығы тағы қат­ты сезіліп отырған жайы бар.

Ауданның су шаруашылығы нысандары «Дания» ЖШС-нің құзыретіне берілген. Серік­тестіктің жалпы қызмет көрсету қашықтығы 215 шақырымды құрайды. Ауылдар саны – 35. Бүгінде 6 мыңдай тұрғыны бар аудан орталығы Пресновка елді мекенінің өзінде су арнайы кестемен беріледі. Сәбит ауылында 1,5 ай, Майбалық ауылдық округінде екі аптадай су болмаған. «Дания» ЖШС-нің директоры Бақытжан Кәриев су тапшылығы жуық ара­да шешіле қоймайтынын жасырмады.

«Ұзынкөлде орналасқан ұң­ғы­­маның техникалық төлқұ­жа­тына сәйкес сорғының қуаты сағатына 16 текше метр, яғни тәуліктік жүктемесі 384 текше метрге тең (384 мың литр). Ол жерге қуатты сорғы орнатсақ, судың жоғары қысымына ес­кі құбырлар төтеп бермесі анық. Тағы бір себебі – сумен жаб­дықтау орталығына қосылған абоненттердің саны айтарлықтай ұлғайды. 2018 жылы 900 болса, биыл 1 300-ге жетті. Су ысырабын, шамадан тыс тұтыну мөл­шерін тежеу мақсатымен жеке аулаларға су құбырларын жалғау уақытша тоқтатылды. Су құбырларына заңсыз сорғы қосу, су ұрлау фактілеріне қатаң тыйым салынды», деген Б.Тәлиұлы.

Сондай-ақ ол Пресновканы сумен қамту үшін ұзындығы
6 шақырым болатын су тартқыш­ты ауыстыру керектігін айтты. Өйткені қуатты сорғы ор­нат­­қан кезде бұл учаске жүк­темелерге шыдас бермеуі мүмкін. Серіктестік аудан әкімі Марат Ескендіровтің тапсырмасымен Ұзынкөл-Пресновка су құбырын алмастыруға жобалық-сметалық құжаттар әзірлепті. Алайда жер­­гілікті жоба су ресурстары коми­теті тарапынан қолдау тап­паған.

Өңірде тіршілік нәріне мұқтаж ауылдар аз емес. Қызылжар ауданына қарасты Чапаево ауылында ауызсу мәселесі өте өзекті. «Еңбек» бағдарламасы бойынша Айыртау ауданына келген қоныс аударушылар да тіршілік нәрін бір шақырымдай жерден тасып, қыста қар ерітіп ішуде. Бұл мәселе қала маңында орналасқан Якорь ауылында да шешілмеген. Тиісті орындар 5 жыл бойы тұр­ғындарды алдарқатумен келеді. Становое елді мекенінде су мұ­нарасы жұмыс істемейді. Сорғы стансасын тұрғызуға 54 млн тең­ге қажет. Бұлақ, Сарман, Во­лошинка, Ясновка, Заградовка ауыл­дарына жоспарланған су құбырларының қашан жететіні белгісіз. Шекара маңындағы елді мекендер де барынша әлеу­меттік қолдауды қажет етеді. Ал осыдан он шақты жыл бұрын жасалған жобалық-сметалық құ­жаттарға уақыт ағымына орай түзету-өзгерістер енгізілмеуінен тұрғындары көшіп, жұрты ғана қалған ауылдарға, керісінше су құбырлары тартылған. Жергілікті биліктің ұсыныстарын су ресурс­тары комитеті тағы да ескерусіз қалдырған. Жобалық-сметалық құжаттарды жаңартуды қажет деп таппаған. Осылайша былтыр пайдасыз жобаларға 74 млрд теңге рәсуа болған.

Сала мамандарының айтуынша, сумен қамту жүйесін бірыңғай оператордың қарамағына беру әлдеқайда тиімді. Бұл міндетті бүгінде бірнеше мемлекеттік орган жүзеге асыратындықтан, қағазбастылық, бюрократиялық кедергілер көп. Жүйелілік жоқ дегеннен шығады, 12 080 шақырым магистральға, 33 топтық су құ­бырына ие «Қазсушар» респуб­ликалық мемлекеттік ұйымы еліміз бойынша 6 499 ауылдың 546-на ғана қызмет көрсетеді. Қалғандары – түрлі меншік ие­лерінің қарамағында. Осы мә­селені бірізділендірмей болмайды. Себебі бірыңғай оператор әрі тапсырыс беруші, әрі пайдаланушы ретінде құры­лыс жұмыстарының сапалы атқарылуына мүдделі болары сөз­сіз. Бюджет қаражаты да үнем­делер еді.

 

Өмір ЕСҚАЛИ,

журналист