Отырыста бюджет мәселелерімен қатар, Парламент Конституциялық Кеңестің Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын тыңдады.
Елдегі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы баяндама жасаған Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмидің айтуынша, Елбасының мемлекеттік стратегиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың серпінді іс-қимылдарымен жалғасып жатқаны анық.
Жолдауда Мемлекет басшысы жақында бекіткен, елдің орнықты өсуі жолына бағыт алуын қамтамасыз етуге арналған 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының, Республиканың жалпыұлттық басымдықтарының және Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы атап өтілді.
Конституциялық Кеңес елде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту жөнінде нақты ұсыныстар енгізді. Аталған Кеңес азаматтардың конституциялық бақылауға қол жеткізуін кеңейту қажет деп пайымдайды. Бұл бағытта соттардың Конституциялық Кеңеске өтініш жасау тәртібін, соттардың сот ісін жүргізуге, қатысушылардың заңның конституциялылығын тексеруге бастамашылық жасау туралы өтініштерін қарау тәртібін жетілдіру өзекті.
Ұсыныстардың жеке блогы адам құқықтарын қорғауға қатысты. Парламент назары Қылмыстық кодексті және өзге де заңнамалық актілерді Қазақстан жақында ратификациялаған, Өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіру қажеттігіне назар аударды.
«Қазақстанның басты мақсаттарының бірі – адам құқықтарын жан-жақты қорғау. Өткен жылдың соңында Қазақстан Республикасы Президентінің өтініші бойынша Конституциялық Кеңес Республика Конституциясының өлім жазасын қолдану мәселелерін регламенттейтін ережелеріне ресми түсіндірме берді.
Кеңес атап өткендей, Конституцияға және жалпыға бірдей танылған халықаралық актілерге сәйкес, өмір сүру құқығы демократиялық қоғамның негізгі құндылығы саналады. Негізгі Заң өлім жазасын белгілеу, олардың шеңберін қысқарту немесе одан бас тарту туралы мәселені Парламенттің құзырына қалдырады. Осы құқықтық ұстанымдарды ескере отырып, тиісті заңдарды өздеріңіз ратификациялаған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіні Екінші Факультативтік хаттамасының ережелерімен үйлестіру жөніндегі жұмысты аяқтау керек.
Сонымен қатар құқық қорғау жүйесін жаңғырту жөнінде жүргізіліп жатқан жұмыс аясында қылмыстық процеске қатысушылар құқықтарының конституциялық кепілдіктерін нығайту бойынша бағытты жалғастыру керек», деді Конституциялық Кеңестің Төрағасы.
Бұдан бөлек Қ.Мәми мүгедектер құқықтарын қорғау, оларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында халықаралық практикада қалыптасқан нормалар мен стандарттар кешенін барынша пайдаланған жөн екенін атап өтті.
Бұдан кейін Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет қызметінің негізгі бағыттары мен шешімдері жөнінде
баяндама жасады. Әлем бұрын-соңды кезікпеген дағдарысқа тап келгенін алға тартқан Үкімет басшысы жаңа әлеуметтік-экономикалық үрдістер қалыптасқанын атап өтті.
«Ауқымды және уақтылы қолдау шараларын, сондай-ақ контрциклді макроэкономикалық саясатты іске асыру 2020 жылы Қазақстан экономикасының төмендеуін 2,6 пайызға дейін, ал негізгі капиталға инвестициялардың азаюын 3,4 пайызға шектеуге мүмкіндік берді.
Өткен жылғы күрделі жағдайға қарамастан, жылдық инфляцияны 7,5 пайыз, жұмыссыздықты 4,9 пайыз деңгейінде сақтап қалдық. Бұл көрсеткіштер – жалпы әлемдік көрсеткіштерге қарағанда айтарлықтай жақсы. Халықаралық резервтер 4 пайызға өсіп, 94,3 млрд долларды құрады. Алтын-валюта резервтері 23,1 пайызға өсіп, 35,6 млрд долларға жетті.
Ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 58,7 млрд долларды құрап отыр. Әлемдік тауар нарықтарында сұраныс пен баға төмендеуі салдарынан сыртқы сауда айналымы 85 млрд долларға теңесті. Соның ішінде экспорт – 47 млрд доллар, импорт – 38 млрд доллар. Сыртқы саудада 8,9 млрд доллар деңгейінде оң сальдо сақталды», деді А.Мамин.
Премьер-Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2020 жылы мемлекеттік бюджет кірісі 102,7 пайызға орындалған. Бұл трансферттерді есептемегендегі көрсеткіш. Республикалық бюджет кірістері 100,3 пайызға, ал жергілікті бюджет кірістері 108 пайызға орындалды.
Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыстары жоспарланған көрсеткіштің 98,2 пайызын құраған. Бұл ретте жоспарланған республикалық бюджет шығыстары 98,3 пайызға, ал жергілікті бюджет шығыстары 99,1 пайызға орындалды.
«Күрделі жағдайда шынайы сектор Қазақстан экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналды. Әлемдік және өңірлік экономикалардағы белгісіздікке қарамастан өңдеуші сала 3,9 пайыз деңгейінде өсім көрсетті. 2004 жылдан бері алғаш рет ішкі жалпы өнімдегі өңдеуші өнеркәсіптің үлесі тау-кен өндіру өнеркәсібі үлесінен асып түсті.
Фармацевтика саласы қарқынды өсім көрсетіп, 47 пайызға артты. Дайын металл бұйымдарының көлемі 20 пайызға өсті. Машина жасау – 16 пайызға, оның ішінде автомобиль жасау – 53 пайызға, вагондар мен локомотивтер жасау 39 пайызға ұлғайды. Тау-кен өндіру секторында өсім қарқынының баяулағаны байқалды. Бұл Қазақстанның ОПЕК+-пен уағдаластығы аясында мұнай өндіруді қысқарту міндеттемесін орындауына байланысты.
Елімізде тұрғын үйді пайдалануға беру 16,8 пайызға артып, 15,3 млн шаршы метрді құрады. Осылайша, құрылыс саласында сенімді өсім қалыптасты. Қазақстан ТМД елдері арасында бір адамға шаққанда 0,81 шаршы метр жаңа баспана пайдалануға беру арқылы бірінші орынға шықты», деді Премьер-Министр.
Бір айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласы басқа елдерге қарағанда өсе түскен. Мәселен, былтыр осы бағытта салынған инвестиция көлемі 15 пайызға өссе, тамақ өндірісіне құйылған қаражат 13,5 пайызға көбейген.
«Негізгі 29 азық-түлік тауары бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету іс-шараларының аясында 59 жоба, оның ішінде 48 сүт-тауарлы фермасы, 3 ет комбинаты, 8 құс фабрикасы салынды. Олар 220 мың тоннадан астам өнім шығарды. Ірі қара мал 5,6 пайызға артып 7,8 млн басқа жетті. Ұсақ мал, жылқы саны көбейді.
Былтыр 20,1 млн тонна астық және бұршақ дәнді дақыл бастырылды. Астық сапасы 80 пайызға жақсарды. Бұл соңғы 5 жылдағы үздік нәтиже саналады. Қазақстан 2020 жылы Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық рейтингінде өз позициясын 113 елдің арасында 32-орынға дейін жақсартты», деді Асқар Мамин.
Үкімет басшысы азық-түлік қауіпсіздігі деңгейін арттыру жұмысы белсенді жүріп жатқанына тоқталды. Оның айтуынша, негізгі азық-түлік тауарына кіретін 29 өнімнің 11-і 100 пайызға қамтамасыз етілген. 12 тауар бойынша қамтамасыз ету көрсеткіші 80 пайыздан асады.
Әйтсе де, 6 тауар бойынша импортқа тәуелділік бар. Премьер-Министр мұны азайту үшін Азық-түлік тауарлары өндірісін ұлғайту бойынша кешенді жоспар іске асырылып жатқанын жеткізді.
«Биыл 35 сүт-тауарлы фермасын, 2200 гектар бау-бақша, 2 ет комбинатын, 5 құс фабрикасын, 4 балық өндірісі объектісін іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар 2022-2023 жылдары тағы 70 сүт-тауарлы фермасы, 4400 гектар бау-бақша, 4 ет комбинаты, 6 құс фабрикасы, 4 балық өндірісі объектісі және 1 қант зауыты салынады.
Осының барлығы 2024 жылға қарай негізгі азық-түлік тауарлары бойынша ішкі нарықты толық өзін өзі қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Биылғы мамырда азық-түлік тауарларының бағасы әлемде жылдық мәнде шамамен 40 пайызға өсті. Ал Қазақстанда қабылданған шаралардың арқасында азық-түлік инфляциясы 9,3 пайызды құрады. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады», деді Премьер-Министр.
Бұдан кейін сөз алған Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет түсімі мен шығыны, сондай-ақ бюджет тапшылығы туралы айта келіп, Есеп комитеті Үкіметтің есебіне бірқатар ескертулер мен ұсынымдар енгізгеніне тоқталды.
«Есеп комитеті салықтық әкімшілендіру мәселелеріне ерекше назар аударды. Атап айтсақ, қосымша салық түсімдерінің 7 есеге төмендеуі туралы ескерту болды. Шын мәнінде, 2020 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте қосымша салық түсімдерінің жоспарлы көлемі 1,5 трлн теңге емес, 476 млрд теңгені құраған.
Бұл ретте, Есеп комитеті салықтық және кедендік тексерулер мен камералдық бақылау нәтижелері бойынша ғана қосымша түсімдерді ескерді. Алайда фискалдық органдар қолданатын шаралар әлдеқайда кең және оның ішінде әкімшілендірудегі цифрлы қолдануды да қамтиды.
Салықтық және кедендік шаралар есебінен іс жүзінде қосымша түсімдер 710 млрд теңгені құрады. Былтыр тексерулерге мораторий жарияланып, бизнеске ұсынылған салықтық жеңілдіктерге қарамастан осындай сома жиналды. Осылайша, іс жүзінде дағдарыс жағдайында қосымша түсімдер көлемінің азаюына жол берілмей, керісінше, бекітілген жоспарлы кіріс көлемі 1,5 есе асыра орындалды», деді ведомсвто басшысы.
Болашақ төлемдер есебінен артық төлеу мәселесі сөз болды. Министрдің айтуынша, бюджетпен есеп айырысудың әдістемелік ерекшеліктеріне байланысты дербес шоттардағы артық төлемді толығымен алып тастау мүмкін емес. Мәселен, корпоративтік табыс салығы бойынша артық төлем жыл ішінде заңнамада көзделген ай сайынғы аванстық төлемдерді төлеуге негізделген.
Бұл ретте, аванстық төлемдерді ай сайын төлеу бойынша міндеттеме кірісі 325 мың айлық есептік көрсеткіштен асатын корпоративтік табыс салығының ірі төлеушілеріне ғана қатысты. Қалған 90 пайыз төлеушілерге мұндай норма қолданылмайды. Е.Жамаубаевтың айтуынша, аванстық төлемдердің 28,5 млрд теңгеге төмендеуі дағдарыс кезеңінде компаниялар табысының
азаюына байланысты.
2021 жылғы 1 қаңтарда қосылған құн салығы бойынша артық төлем 1,6 трлн теңгені құрады. Осы соманың басым бөлігі салық төлеушілер сатып алған тауарлар мен көрсетілген қызметтер бойынша қалыптасқан. Яғни бюджетке іс жүзінде артық салық төленген жоқ. Дегенмен бұл қаражат қосылған құн салығын төлеу бойынша туындаған салық міндеттемелерінің есебіне пайдаланылуы мүмкін.
«Өткен жылы Ұлттық қорға жіберілуі тиіс барлық салықтар мен төлемдер толық көлемде аударылды. Қарашығанақ жобасына қатысты арбитраждық даулардың қорытындылары бойынша қаржылық өтемақыны аудару бюджеттік сыныптамаға және заңнамаға сәйкес «Республикалық бюджетке салықтық емес басқа да түсімдер» кодына түсті. Яғни бәрі мақсатқа және заңға сай.
Бұл ретте, Ұлттық қордың активтері 2020 жылы 744 млрд теңгеге өсіп, 28,2 трлн теңгені құрады. Қорды басқарудан түскен инвестициялық кіріс 4,1 трлн теңгеге жетті. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көп», деді министр.
Есеп комитеті барлық мемлекеттік аудит органдары анықтаған тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемінің өскеніне екпін берген. Ведомство басшысының айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың 296 млрд теңге сомасына қаражатты тиімсіз жұмсауы анықталған. Осы орайда, Есеп комитеті белгілеген бұзушылық фактілері 32 пайызға, ал ішкі мемлекеттік аудит органдары бойынша 3 есеге төмендеген.
«Қолданыстағы жалпы сипаттағы өзгермейтін трансферттерді 3 жылға қолдану әдістемесі унитарлық мемлекеттерге тән. Бұл өңірлерге қосымша алынған кірістерді өздеріне пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, 2017-2019 жылдары жергілікті бюджеттер 1 трлн теңгеге жуық асыра орындалып, ол өңірлердің өздерінде қалған болатын.
Өткен жылдан бастап жергілікті бюджеттердің дербестігін арттыру үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы олардың шығыстар базасына берілді.
Бұл жақсы шешім болды. 2020 жылы шағын және орта бизнестен корпоративтік табыс салығы бойынша жоспар 25 пайызға асыра орындалды. Биылғы жылдың 5 айында жергілікті бюджеттердің меншікті кірістері 29 пайызға немесе 367 млрд теңгеге артығымен орындалып отыр», деді Е.Жамаубаев.
Есеп комитеті мемлекеттік борыштың өсуіне назар аударып, оның ішкі жалпы өнімге қатынасы 29,4 пайызға жеткенін атап өткен-ді. Бұл жаңа Бюджет саясаты тұжырымдамасында белгіленген 27 пайыздық шектеуден көп. Қаржы министрі Тұжырымдамада көрсетілген 27 пайыз Үкімет белгілеген индикативтік көрсеткіш екенін, құжат қазір өзектілігін жоғалтқанын атап өтті. Соған байланысты макроэкономикалық жағдайды және экономика дамуының басқа да параметрлерін ескере отырып, жаңа құжат әзірленіп жатқан көрінеді.
«Мемлекеттік қарыздың ішкі жалпы өнімге арақатынасы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта және Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында белгіленген лимиттен аспайды. Барлық борыштық индикаторлар орындалып жатыр және қауіпсіз деңгейде сақталған», деді Е.Жамаубаев.
Бұдан кейін Республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады. Оның айтуынша, сырттан қарыз алып, оны тиімсіз жұмсағандарға қатаң жауакершілік қарастыру қажет.
«Өсіп келе жатқан мемлекеттік борыш елдегі макроэкономикалық тұрақтылық тәуекелін туғызады. Бұған қарсы тұратын қауқар әлі бар. Бірақ қабылданған борыштық міндеттемелер бойынша біздің нақты тұжырымдалған өз есебіміз болғанын, борышты қашан, қандай көздерден және қандай көлемде өтеу жоспарлануын қалар едік. Сондай-ақ екі-үш жылға емес, кем дегенде 10 жылға есептелуі керек. Бұл жерде айқындық пен ашықтық қажет», деді Наталья Годунова.
Бұдан бөлек, ол мемлекеттік органдардың ағымдағы қызметін іске асыру, халықаралық консультанттарды тарту және шетелдік тәжірибені зерделеу үшін сыртқы қаржыландыру көздерін тарту практикасын жою қажеттігін баса айтты.
«Бізде осы міндеттерді іске асыру үшін өзіміздің қаржылық және адами ресурстарымыз жеткілікті. Сыртқы қарызды тиімсіз тартқаны және пайдаланғаны үшін, сондай-ақ оларды уақтылы игермегені әрі күшін жойғаны үшін дербес жауаптылықты қатаңдату талап етіледі. Бұл жөнінде депутаттар да айтқан болатын», деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар Н.Годунова бюджеттің атқарылуына қатаң талап қойылғандықтан, оны игеру бойынша жарыс жүріп жатқанын атап өтті. Мәселен, 2020 жылы бөлініп, тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының сомасы 570 млрд теңгені құрады.
«Бұған республикалық бюджетке қаражатты қайтару да, қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтары да кіреді. Сондай-ақ барлық мемлекеттік аудит органдары, соның ішінде дағдарысқа қарсы ресурстардың жұмсалуы бойынша анықталған бұзушылықтар да бар. Нәтижесінде, бұл ақша пандемияның салдарын жеңілдету үшін уақытында жұмыс істемеді. Тек бұл ғана емес. Сондықтан біз өткен жылы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізу кезінде мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғаны үшін лауазымды адамдардың жауаптылығын күшейту жөніндегі бастаған жұмысты жалғастыру өте маңызды деп есептейміз», деді Наталья Годунова.
Сондай-ақ спикер квазимемлекеттік секторда жүйелі проблемалар бар екенін атап өтті. Бұл мәселе Парламентте жан-жақты және бірнеше мәрте талқыланды.
«Биыл Есеп комитеті Президент Әкімшілігінің жүйе құраушы холдингтер мен ұлттық компаниялар қызметінің тиімділігіне аудит жүргізу жөніндегі тапсырмасын орындау жұмыстарын аяқтайды. Нәтижесі қандай? Жалпыұлттық міндеттерге қол жеткізудегі әрқайсысының рөлін нақты анықтай отырып, олардың қызметін стратегиялық жоспарлауды жетілдіру маңызды деп санаймыз. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономикадағы рөлін қайта қарау қажет. Олар пайда әкеліп, жаңа нарықтардың ашылуын тудыруы керек. Нарықтық бәсекелестік қалыптасқан жерде тек қана жеке бизнес дамуы тиіс», деді Наталья Годунова.
Бірлескен отырыс соңында Парламент Есеп комитеті мен Үкіметтің 2020 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін бекітті. Атап айтқанда, кірістер – 11 928 461 794 мың теңге, шығындар – 13 699 876 391 мың теңге.