Парламент • 22 Маусым, 2021

Мәулен Әшімбаев түркітілдес елдердің жастар форумына қатысты

558 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Түркістан қаласында «Түркістан – түркі әлемінің бесігі» атты түркітілдес елдердің көшбасшы және белсенді жастарының халықаралық форумы басталды. Іс-шараның пленарлық отырысына Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев видео-байланыс режимі арқылы қатысып, құттықтау сөз сөйледі, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мәулен Әшімбаев түркітілдес елдердің жастар форумына қатысты

Өз сөзінде Мәулен Әшімбаев Түркістанның түркі әлемінің тарихында рөлі ерекше екеніне назар аударды. Ол көне шаһардың қайта түлеуі тұтас түркі әлемі үшін маңызды екенін тілге тиек етіп, мұндай қадам ортақ тарихымызды сақтауға және түркітілдес халықтардың қарым-қатынасын одан әрі нығайтуға ықпал ететін айтты. Сенат Төрағасы Елбасының тарихи шешімі мен Мемлекет басшысының қаланың дамуына ерекше көңіл бөлуінің арқасында Түркістан соңғы жылдары заманауи, көрікті қалаға айналғанын атап өтті.

«Қазіргі таңда көне Түркістанның жаңа бейнесі қалыптасуда. Шаһардың осындай жетістігі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жасампаз шешімінің нәтижесі. Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Түркістан облысын құру туралы тарихи Жарлыққа қол қойған еді. Содан бастап қаланың екінші тынысы ашылды. Түркістанды дамыту ісіне Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев баса мән беріп келеді. Көктемде өткен Түркітілдес мемлекеттер басшыларының саммитінде Түркістанның «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы соның жарқын көрінісі», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төрағасы бүгінде түркітілдес елдер арасындағы қарым-қатынас белсенді дамып келе жатқанын айтты. Оған бауырлас халықтардың түрлі бағыттағы өзара байланысы айқын дәлел. Осындай ауқымды жұмыстардың аясында түркі мемлекеттерінің жастары арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселесі де басты назарда.

«Түркітілдес елдердің ынтымақтастығынан жастарымыз қалыс қалмауы керек. Бұл мәселеде жастар орталық мәнге ие болуы шарт», деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы кезінде түркі әлемі әлемдік өркениеттің ірі орталықтарының бірі болғанын жеткізді. Ол түркі халықтарынан шыққан ғалым-ғұламалардың адамзаттың дамуына қосқан үлесіне назар аударып, түркітілдес елдердің жастары да жаһандық өркениет жолында еселі еңбек етуі керек екенін айтты.

«Сіздер алып өркениеттің ұрпақтары және өкілдерісіздер. Теңдессіз ғылыми және мәдени еңбектердің мұрагерісіздер. ХХІ ғасыр ғылым мен білімнің ғасыры. Қазіргі таңда ғылым мен технология мемлекеттердің дамуындағы негізгі көрсеткішке айналды. Түркітілдес елдер осы үрдістен шет қалмауға тиіс. Бұл ретте жастарға үлкен міндет жүктеледі», деді Сенат Төрағасы.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев түркі әлеміндегі ұлы ойшылдардың еңбектері жастар үшін өмірлік ұстанымға және кәсіби бағдарға айналуы керектігін айтты. Сондықтан олардың мұраларын кеңінен дәріптеп, жан-жақты зерделеудің маңызы зор. Бұл ретте осындай іс-шаралар да ортақ тарихымызды тануға тың серпін беретіні сөзсіз.

Сенат Төрағасы түркі халықтарының жастарын әлемнің дамуына өз үлестерін қосуға, түркітілдес елдердің ғылым-білім, мәдени, рухани құндылықтарын еселеп, осы жолда талмай еңбек етуге шақырды.

Отырыс барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ТҮРКПА Бас хатшысы Алтынбек Мамаюсупов, Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі және түркітілдес елдердің бірқатар белсенді жастары сөз сөйледі.

Онлайн және офлайн форматта өткен жиынға 300-ден астам адам қатысты.