Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2018 жылы 34 учаскелік полиция бекеттерінің жаңа ғимаратын салу жөнінде облыстық әкімдікке ұсыныс берілген екен. Содан бері 28 учаскелік полиция бекеті пайдалануға берілді. Енді тағы да осындай бес бекетті ашу жоспарланыпты. Ал, жаңа учаскелік полиция бекеттері Исатай ауданындағы Х.Ерғалиев және Тұщықұдық ауылында ашылып отыр.
«Мемлекет басшысының Жолдауында ішкі істер органдары жүйесін реформалауда басты рөл учаскелік полицейлерге жүктеліп, олардың қызметіне ерекше көңіл бөлінетіні айтылған еді. Соған байланысты жаңа бекетте учаскелік полиция инспекторы мен оның отбасына қолайлы тұрғын-жай қарастырылды. Мұндай бекет тәртіп сақшысының жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығын сақтауға, қылмыстың алдын алуға зор ықпалын тигізеді. Өйткені, учаскелік инспектор тұрғындардың арыз-шағымын осында қабылдап, кез-келген мәселеге дер кезінде ден қояды», дейді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.
Тұщықұдық ауылының учаскелік полиция инспекторы Шыңғыс Ибатов ішкі істер органында 2014 жылдан бері жұмыс істейді.
«Жаңа үлгідегі учаскелік полиция бекетінде төрт жұмыс бөлмесі бар. Ал, отбасым үшін тағы төрт бөлмелі тұрғын-жай салынған. Енді жаңа ғимаратта тәулік бойы жұмыс істеуге болады», дейді учаскелік полиция инспекторы Шыңғыс Ибатов.