Аймақтар • 23 Маусым, 2021

Адамдарды қауіптен құтқарған полицейлер марапатталды

339 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен адамдарды қауіптен құтқарған атыраулық 9 полиция қызметкері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Адамдарды қауіптен құтқарған полицейлер марапатталды

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, биыл атыраулық полицейлер өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, адамдарды құтқаруда батылдық пен жанқиярлық көрсетіпті.

Мәселен, Атырау қаласындағы Балықшы шағын ауданында 15 жастағы екі жасөспірім кешкі сағат 20:00 шамасында Жайық өзенінің мұзына түсіп кеткен. Олардың көмекке шақырған даусын естіген полиция капитаны Асқар Қабдоллаев жедел құтқаруға кірісіп,  судан алып шыққан. Содан соң оларды үйіне апарып, жедел-жәрдем бригадасын  шақыртқан. Құтқарылған Владимир мен Данилдің бірі – колледж студенті, екіншісі – 8-сынып оқушысы.

Жедел жәрдем дәрігерлердің айтуынша, сол сәтте жасөспірімдер салқын суға түскендіктен денесі тоңып қалған. Оларға тиісті ем-дом жасалды. Құтқарылған Владимирдің ағасы Александр Кришневский полиция капитаны Асқар Қабдоллаевқа ризашылығын білдіріп, оның бұл әрекетін үлкен ерлікке балады.

Ал, 16 наурызда сағат 01:00 шамасында Құрманғазы ауданының Мақаш ауылдық округіне қарасты Алға ауылындағы тұрғын үйдің бірінде өрт тұтанған. Жалынды дер кезінде байқаған учаскелік полиция инспекторлары Талған Рахимов пен Біржан Махмудов, полиция аға сержанты Бақытжан Қадырбев жанып жатқан үйден 4 ересек адам мен 3 баланы сыртқа алып шықты. Өрт сөндірушілер келгенге дейін өздерінің кәсіби шеберлігін танытып, өрттің бетін қайтарды.

Сондай-ақ 11 сәуірде сағат 04:10 шамасында Құлсары қаласында көпқабатты үйдегі пәтердің бірі өртенген. Оқиға орнына құрамында полиция аға лейтенанты А.Шахаев, полиция кіші лейтенанты А.Тойғұлов, полиция капитаны Ж.Төлепов, полиция аға лейтенанты А.Марат бар «Қайсар» түнгі тосқауыл қызметкерлері жедел жеткен. Электр желісінен ақау шығып, бірінші қабаттағы пәтердің ішін қою түтін басқан. Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, өрт шарпыған, сондай-ақ, көршілес пәтерлерден 14 адамды, оның ішінде 10 жасөсіпірімді далға алып шығып, құтқарып қалған.     

Атырау қалалық полиция басқармасының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты А.Қайырғалиев 14 сәуірде сағат 01:30 шамасында көпқабатты үйдегі пәтерден жасөспірім қызды құтқарған. Полицейге 4-қабаттың балконынан 3-қабатқа түсуге келді. Өйткені, жасөспірім қыз жалғыз қалған пәтер кілттеніп қалған. Сөйтіп, кілттеулі пәтерге кіріп, оқыс оқиғаның  алдын алды.

«Қиын сәтте адамдарды құтқаруда батырлық бен ерлік көрсеттіңіздер. Бұл – сіздердің тараптарыңыздан антқа беріктіктің, атқаратын қызметке адалдықтың шынайы көрінісі», деді департамент бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.