«Салықтық міндеттемелерді орындауды смартфон арқылы жүргізуге болады. Осы өзгеріс 2022 жылдан бастап енгізіледі. Қазіргі кезде салық органдары осы қосымшаны әзірлеп жатыр», деді вице-министр.
Сонымен қатар кәсіпкер берешегінің мөлшері 6 АЕК-тен төмен болса, онда оның шоттары бұғатталмайды. Заңға енгізілген тағы бір норма, салық төлеуші банктерге берешегін төлегеннен кейін оған шотын бірден пайдалануға рұқсат беріледі.
«Қазақстанда тауарларды өндіруді ынталандыру мақсатында, жаңа тіркелген кәсіпорындар өз өнімін сатқанда, қосылған құн салығы 70% азайтылады. Осылайша, салық есептелген соманың 30% мөлшерінде ғана төленетін болады. Осы жеңілдіктің мерзімі – екі жыл», деді А.Амрин.
Мұнымен қоса, өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істеуді ынталандыру мақсатында және осы салаларға инвестицияларды көбейту үшін жаңа норма көзделген. Егер шағын бизнес субъектілері өз пайдасын жаңа негізгі қорларға салатын болса, онда осы пайдасы корпоративтік табыс салығынан босатылады.
Бұдан бөлек, әлеуметтік кәсіпкерлік туралы заңда да салықтық қолдау шаралары қарастырылған. Мысалы, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мүлік салығының төмендетілген мөлшерлемесін пайдаланатын болады. Сондай-ақ егер әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өз жұмыскерлерін оқытатын болса, корпоративтік табыс салығын есептегенде жұмсалған шығындары екі еселеніп саналады