Қазақстан • 23 Маусым, 2021

«Қазақстан барысына» – 10 жыл

1800 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» республикалық турнирі оныншы рет ағымдағы жылдың 4 шілде күні Нұр-Сұлтан қаласы, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Қазақстан барысына» – 10 жыл

Дәстүрлі турнир Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасұлының  150 жылдығын мерекелеу және ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды ұлттық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсаттарын жүзеге асырады.   

Qazaq kuresi Ассоциациясының Спортты дамыту директоры Сәбитов Бақдәулет «Қазақстан Барысы» жобасының он жыл көлемінде жүріп өткен жолына шолу жасады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыстарда өткен іріктеу жарыстарынан 37 балуан жолдамаға ие болғанын айтып өтті.

«Қазақстан Барысы» турнирінің биылғы жүлде қоры өзгеріссіз. Жеңімпаз атанған балуанға 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен алтыннан құйылған ауыспалы «тайтұяқ» табысталады. Екінші орынға 5 500 000 теңге және үшінші орынға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.

ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру комитетінің ұлттық спорт және спортта мүмкіндігі шектеулі тұлғалармен жұмыс басқармасының басшысы  Махамбетов Мейрамбек өз кезегінде қазақстандықтарды осындай ұлттық жобаның мерейлі мерекесімен құттықтады. Ал, Qazaq kuresi Ассоциациясының бас директоры Имамбаев Самат еліміздегі қазақ күресінің кәсіби негізде дамуын, әлемдік аренадағы орнын қалыптастыру қадамдарын атап кетті. Жобаның үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев  «Қазақстан Барысы» жобасының жас ұрпаққа, спортшыларға деген ерекше әсеріне тоқталды.

«Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қорының атқарушы директоры Уразалин Серікбол: «ақтық финалға жолдама алған 37 балуанның 11-і алғаш рет бақ сынайды, сол үшін де биылғы турнирде біз «Қазақстан Барысы» жобасының жаңғыру жолына куә боламыз» деді.

Турнирді «Nur Otan» партиясы, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен, «Qazaqstan Barysy» қазақ күресін қолдау және дамыту қоры мен Qazaq kuresi Ассоциациясы ұйымдастыруда.     

Нұр-Сұлтан қаласының қызыл аймақта болуына байланысты, 20 пайыз көрерменге рұқсат етілген. Билеттер zakazbiletov.kz сайтында сатылады. Жанкүйерлер турнирді Qazaqstan  және Qazsport  телеарналары арқылы тікелей эфирден көре алады. Ресми салмақ өлшеу рәсімі 2 шілде, сағат 19.00- де «Хан Шатыр» СОСО белгіленіп отыр.