Технология • 24 Маусым, 2021

Теміржол көлігін жасау қарқын алды

958 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индустрияландыру нәтижесінде елімізде теміржол көлігін жасау кластері құрылғаны белгілі. Бүгінде Қазақстанда локомотивтер, электровоздар, жүк және жолаушылар вагондары, термос вагондар, тұтас таптамалы доңғалақтар, бағыттамалы бұрмалардың бандаждары өндірісі жолға қойылған.

Теміржол көлігін жасау қарқын алды

Бұл ретте отандық теміржол та­сымал­даушыларының қажеттігін өтеу үшін бірқатар маңызды жобалар жү­зеге асырыл­ды. Мәселен, Локомотив құрас­тыру зауыты заманауи маневрлік тепловоздарды шығара бастады. Оның өнімі ішкі нарыққа да, экспортқа да бағытталған. Жүк және жолаушы электровоздарын шыға­ратын Электровоз құрастыру зауыты да ішкі және сыртқы нарықтардың сұранысын өтеуде.

«ЗИКСТО» АҚ жүк вагондарын өндірумен әрі жөндеумен айналысады. Компания осы жылдың қаңтар-мамыр ара­лығында 298 вагон өндірді. Қа­зақстан вагон компания­сы да жүк вагондарын шығарады. Бұл кәсіпорын қаңтар-мамыр ай­ларында 250 вагон өндірген. «Тұлпар» вагон құрастыру зауыты жылына жолау­шыларға арналған 150 вагон шы­ға­руға қауқарлы.

Сондай-ақ «Проммаш­комплект» кәсіпорыны жылына 300 мың доңғалақ жұбынан тұратын тұтас таптамалы доңғалақтарды өндіреді. Бұдан бөлек, Сool Infinity ЖШС инновациялық изо­тер­миялық вагондарды шығарады. Ком­­пания өнімдері негізінен экспортқа бағыт­­талған.

Жоғарыда аталған кәсіпорындардың жоспарына сүйенсек, биылғы жыл жеміс­ті болуға тиіс. Бұл ретте төрт зауыт­­тың өнімі (Локомотив құрастыру зауы­ты, Электровоз құрастыру зауыты, «Проммашкомплект», Cool Infinity ЖШС) ТМД аумағында кеңінен танымал.