Тәуелсіздіктің 30 жылдығына және облыс орталығының Талдықорған қаласына көшкеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға келушілер дән риза. Көрмеге «Құрмет» ордені мен «Фотоөнер қайраткері» медалінің иегері Шүкірәлі Шахай мен Журналистер одағының мүшесі Жеңіс Ысқабайдың және басқа да жергілікті фотографтардың үш жүзге жуық суреті қойылған. Фотосуреттерде еліміздің 30 жыл ішіндегі жүріп өткен жолы, даму сатылары, Елбасының қатысуымен өткен түрлі тарихи оқиғалар, еліміздің даңқты азаматтары, тарихи ескерткіштер – бәрі қамтылған.
– Бұл көрме шын мәнінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылындағы жетістіктерді сурет арқылы көрсетіп берген керемет шара болды. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдардағы дүкен сөрелерінің бос қалған, зауыт-фабрикалардың тоқтап тұрған қиын кезеңдерін де, Елбасының бір мақсатқа жұмылдырған тарихи оқиғаларын да, елге еңбек сіңірген қайраткерлерді де, табиғатымыздың кереметтерін де осы фотосуреттерден көріп, риза болдық. Қазақстанның, соның ішінде Алматы облысының өсіп-өркендегені көз алдарыңызда өтіп жатыр. Біз елімізбен мақтанамыз. Осындай шараны ұйымдастырған азаматтар Шүкірәлі мен Жеңіске көп рахмет айтамын. Фотографқа әр сәтті қалт жібермейтін байқампаздық керек. Бүгінгі көрмедегі суреттер – сондай шеберліктің нәтижесі. Көрме Талдықорғанда бір ай бойы тұрды. Осындай суретке басылған тарихты тұрғындар мен жастар келіп көріп, көңілге түйді деген ойдамын, – дейді облыс әкімі Амандық Баталов.
Көрмеде қала тұрғындары мен қонақтарының назарына жалпы саны 300 фотосурет ұсынылды. Онда Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдарынан бастап, бүгінге дейінгі тарихи кезеңдері қамтылған. Атап айтқанда, мемлекеттік Тудың, Елтаңбаның алғашқы нұсқаларының Елбасына таныстырылу сәті, мемлекеттік рәміздердің қабылданған кезі, Тудың ғарышқа ұшырылған сәті, Елбасының түрлі халықаралық басқосуларға қатысқан шақтары, шетел президенттерімен бірге түскен суреттері, елімізге Тайқазанды алып келген шақ, Тұңғыш Президенттің Олимпиада жеңімпаздарымен кездесуі және басқа да әр күні тарихқа айналған отыз жылдың шежіресі осы көрме барысында әйгіленді.
Алматы облысы