Кездесу барысында Қазақстан Президентіне компанияның спорт, білім беру және экология салаларындағы іске асырылып жатқан жобалары таныстырылып, холдингтің пандемияға қарсы күреске қосқан үлесі туралы баяндалды.
Атап айтқанда Берік Қаниев Қасым-Жомарт Тоқаевқа балалар мен жасөспірімдер футболына жан-жақты қолдау көрсету, жаттығу орталықтарының инфрақұрылымын жақсарту және бапкерлер құрамының біліктілігін арттыру мақсатында құрылған «Jas Qyran» футбол лигасының жетістіктері туралы айтты.
Мемлекет басшысына Қазақстандағы инновациялық жекеменшік мектептер желісі – «Quantum STEM Schools» жобасының жүзеге асырылуы жөнінде мәлімет берілді. Аталған оқу орны Сингапур мен АҚШ елдерінің озық тәжірибесі негізінде білім беруді көздейді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Алматы қаласының экологиясын жақсарту мақсатымен құрылған «AirVision.kz» қоғамдық қорының жұмысы таныстырылды. Кездесу соңында Президент «Jas Qyran» футбол академиясы бұқаралық балалар спортын, соның ішінде, футболды дамытуда үлгі-өнеге көрсетіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы осы маңызды бастаманың сәтті іске асуына тілектестік білдіріп, «Lancaster Group Kazakhstan» компаниясының әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қосқан үлесіне оң баға берді.