Қазақстан • 24 Маусым, 2021

Ауыл әкімін сайлайтын күн алыс емес

777 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында «Қоғамдық пікір сауалдамалары ауыл әкімдерінің сайлау арқылы қызметке келуіне қатысты сұраныстың артқанын көрсетіп отыр. Бұл маңызды қадамды жан-жақты ойластырып, дәйекті түрде жүзеге асырған жөн» деген болатын. Президенттің бұл бастамасы заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етіліп, елде алдағы жауапты саяси науқанға әзірлік жүргізіліп жатыр. Мәселен, күні кеше Орталық сайлау комиссиясы ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде отырыс өткізді.

Ауыл әкімін сайлайтын күн алыс емес

Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдерін сайлауды әзір­леу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың үлгі күнтізбелік жоспарын бекіту туралы күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ер­лан Дауылбаев баяндады. Ол ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу кезіндегі барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының өкілеттіктері туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Сонымен қатар әкімдер сайлауы кезінде Орталық сайлау комиссия­сы өз өкілеттіктері шеңберінде аумақтық сайлау комиссияларына әдіснамалық көмек көрсететінін, сайлау құжаттарының нысандарын белгілейтінін және сайлау іс-шара­ларын қаржыландыруды қамтамасыз ететінін атап өтті. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын дайындау және өткізу – аудандар мен қалалардың аумақ­тық сайлау комиссияларының ерекше құзыреті.

– «Сайлау туралы» Конституция­лық заңның 113-1-бабына сәйкес, сайлау тағайындау үшін мыналар негіз болып табылады. Бірінші – аудан­дық маңызы бар қала, ауыл, кент, округ әкімінің заңмен белгіленген өкі­лет­тілік мерзімінің аяқталуы. Екінші – аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, округ әкімі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату немесе заңда белгіленген жағдайларда тиісті әкім­шілік аумақтық бірлікті қайта ұйым­дастыру. «Сайлау туралы» Конс­титуциялық заңға сәйкес сайлау­ды аумақтық сайлау комиссиялары кемінде 40 күн бұрын тағайындайды және жұмыс істеп отырған әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 10 күн бұрын өткізеді, – деді Е.Дауылбаев.

Оның айтуынша, әкімнің өкілет­тілігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда сайлау тағайындалған күннен бастап 1 ай ішінде тағайын­далады және 1 ай мерзімде өткізіледі. Яғни науқан ұзақтығы – 1 ай, ұсыну үшін – 2 апта, тіркеу кезеңі 10 күн бұрын аяқталады. Сайлау күні туралы хабар жергілікті бұқаралық ақпарат құрал­дарында жарияланады.

– Кандидаттарды ұсыну сайлау тағайындалған күннен кейінгі күні басталады және сайлау өткізілетін уақыт­қа 15 күн қалғанда жергілікті уақыт­пен сағат 18.00-де аяқталады. Егер ұсыну мерзімі аяқталатын күнге дейін ауылдық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округіне екеуден кем кандидат ұсынылса, онда аудандық сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсынуды
5 күннен аспайтын мерзімге ұзартады.  Кандидаттарды ұсынудың бірнеше тәсілі бар. Бірінші, саяси пар­тиялар өз мүшелерінің арасынан ұсынады. Бұл ретте саяси партия бір сайлау округінде бір ғана кандидат ұсынуға құқылы. Екінші, дауыс беруге құқығы бар тиісті округ сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайызының қолын жинауды қамтамасыз ете отырып, өзін-өзі ұсыну арқылы жүзеге асырады. Үшінші, егер ұсыну аяқталатын күнге екеуден кем кандидат ұсынылса, аудан әкімі ұсынады. Бұл ретте ұсынылған кандидаттар болмаған не ұсыну мерзімі аяқталатын күні 1 кандидат ұсынылған жағдайда аудан әкімі жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша тиісінше екі не бір кандидатты ұсынуға құқылы, – деді Е.Дауылбаев.

Оның айтуынша, кандидаттарға қойылатын бірнеше талап бар екен. Яғни кандидат ауылдық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл округі әкімі болып сайлану үшін Қазақстан азаматы «Сайлау туралы» Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 36-бабында және мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамада көзделген мынадай талаптарға сәйкес келуге тиіс.

– Бірінші, кандидаттың 25 жас­қа толғандығы. Екінші, заңда бел­гіленген тәртіппен танылған іс-әре­кетке қабілеттілігі, соттылығының бол­мауы және сыбайлас жемқорлық қыл­мыс, сыбайлас жемқорлық құ­қық бұзушылық жасауының болмауы. Үшінші, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкестігін тиісті аудандық сай­лау комиссиясы ұсынған құжаттар негізінде мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган анықтайды, – деді Е.Дауылбаев.

Бұдан бөлек, Е.Дауылбаев ауыл әкіміне кандидаттың сәйкестігін анықтау жұмысы қалай жүргізілетінін де баяндады. Оның айтуынша, аумақ­тық сайлау комиссиясы кандидат ұсынылғаннан кейін оның заңнамада қойылатын талаптарға сәйкестігін анықтау процесіне дереу кіріседі.

– Бұл үшін азаматтығын анықтау мақсатында ішкі істер органдарына, заңда белгіленген тәртіппен өтел­меген немесе алынбаған соттылығын, заңда белгіленген тәртіппен таныл­ған сыбайлас жемқорлық қылмы­сының, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушы­лығының болмауын прокуратура органдарынан, кандидаттардың мемлекеттік қызмет туралы заңның талаптарына сәйкес және осы лауа­зымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкестігін белгілеу тұрғы­сынан Мемлекеттік қызмет істері жөнін­дегі өңірлік департаменттерге тиісті сұраулар жіберіледі. Жұмыс­қа тартылған жоғарыда атал­ған мемлекеттік органдар жедел тәртіп­пен деректердің тиісті деңгейде тексе­рілуін және нәтижелерінің аумақтық комис­сияларға дереу ұсынылуын қамта­масыз етулері қажет, – деді Е.Дауылбаев.

Оның айтуынша, аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауыл­дық округ әкіміне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар тиісті сай­лау округі сайлаушыларының жал­пы санының кемінде 1 пайыз дауысының қолдауына ие болуы тиіс. Сайлаушыларды қолдау олар­дың қолдарын жинаумен куәлан­дырылады.

– Кандидаттарды қолдап қол жинауды сенім білдірген адамдар ұйымдастырады және ол үшін кандидат осы Конституциялық заңда, «Қазақстан Республикасындағы жер­гілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 36-бабында, мемлекеттік қызмет сала­сындағы заңнамада көзделген талаптарға сәйкестігі тексерілгеннен кейін 3 күннен кешіктірілмей тиісінше аудандық сайлау комиссиясы беретін қол қою парақтарымен рәсімделеді. Толтырылған қол қою парақтары тиісінше аудандық сайлау комиссиясына тапсырылады. Ол 3 күн мерзімде ішкі істер қызметкерлерін тарта отырып, жиналған қолдардың растығын тексереді және тиісті хаттаманы рәсім­дейді. Қолдардың растығын тек­серу Конституциялық заңға сәйкес аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкіміне кандидат­қа қажетті анық қолдар анықталғанға дейін жүргізіледі, – деді Е.Дауылбаев.

Оның айтуынша, кандидат тіркелу үшін саяси партиялар ұсынған кезде азаматтың кандидат болуға келісімі, өмірбаяндық деректері, кандидат пен жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы, Қазақ­станның мемлекеттік қызметіне кіре­тін азаматты арнайы тексеру үшін қажет­ті құжаттарды, саяси партияның сай­лау жарнасын енгізгендігін куәлан­дыратын құжат, кандидаттың саяси партияға мүшелігін растайтын құжат ұсынуы қажет.

– Ал өзін-өзі ұсынған адам кандидат болып дауысқа түсу туралы өтінішін, өмірбаяндық деректерін, кандидат пен жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы декларация­ны тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасын, Қазақ­станның мемлекеттік қызметіне кіретін азаматты арнайы тексеру үшін қажетті құжаттарды, сайлау жар­­насын енгізгені туралы құжатты ұсы­нуы тиіс. Сонымен қатар сайлау округі сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз дауысының қолдауына ие болғандығын растайтын аумақтық сайлау комиссиясының анықтамасын да ұсынуы керек. Ал аудан әкімі кандидатты ұсынған кезде жоғарыда аталған құжаттармен қатар, арнаулы ұсынысы қоса берілуі тиіс. Кандидаттарды тіркеу барлық қажетті құжаттарды алғаннан кейін басталады және сайлау күнінен 10 күн бұрын жергілікті уақытпен сағат 18.00-де аяқталады, –деді Е.Дауылбаев.

Осымен еліміздің даму тарихын­дағы тағы бір айтулы белес болатын демократиялық өзгеріс басталғалы тұр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған ауқымды саяси реформа халықтың жан-жақты қолдауына ие болып, қоғамдық өмірде соны серпіліс туғызып отырғаны анық.