Өсімдік шаруашылығындағы сақтандыру өнімдері, мал шаруашылығындағы өнімдерге қарағанда, қызметінің ерекшелігіне байланысты шектеулі мерзімдерге ие.
Нақты айтқанда, егіс алқабын топырақтағы артық ылғалдан индекстік сақтандыру 2021 жылдың 15 тамызынан 14 қазанына дейінгі сақтандыру кезеңінде іске асырылады. Биыл топырақтағы ылғалдың артық болуынан сақтандыру шарттарын Qoldau.kz сайтындағы Agroinsurance ақпараттық жүйесі арқылы 14 шілдеге дейін жасау қажет.
Топырақтағы артық ылғал индексі бойынша сақтандыру шарттарын жасасатын фермерлер мемлекеттік қолдауға ие болады. Бұл – сақтандыру сыйақыларының бір бөлігін 50% мөлшерінде субсидиялау. Яғни, фермерлер сақтандыру шығынының жартысын ғана төлейді.
Сақтандыруға дәнді (бидай, арпа, сұлы) және майлы (күнбағыс, жүгері, рапс, зығыр) дақылдар жатады. Ол үшін фермер жеке кабинетіне кіріп өз алаңдарын көрсетіп, сақтандыру компаниясын анықтауы тиіс. Сонымен қатар сақтандыру сыйақысын төлеп, субсидияға өтінім беруі қажет.
Егер сақтандыру жағдайы туындаса, пайдаланушының жеке кабинетіне хабарлама келеді. Ал электрондық цифрлық қолтаңбаның көмегімен фермер төлем жасау өтінішіне қол қояды. Мұнда ол төленетін соманы көре алады. Осыдан кейін оның шотына сақтандыру төлемі аударылады.
Топырақтың артық ылғалына негізделген сақтандыру өнімі бойынша екі деңгейлі төлем қарастырылған. Олар сақтандыру құнының 5% және 15% мөлшері. Сақтандыру құнынан төлемнің жалпы мүмкін пайызы 20%. Бұл ретте сақтандыру тарифі 2,43%-ды құрайды.
Өткен жылдың тәжірибесі көрсеткендей, жазда құрғақшылық болғанмен, күздегі егін жинау науқаны кезіндегі жауын-шашынның салдарынан топырақтағы ылғал артып кетуі мүмкін. Мысалы, өткен жылы ШҚО Шемонаиха ауданында егіс алқабын сақтандырған фермерлердің бірі құрғақшылық пен топырақтағы артық ылғалдан сақтандыру төлемдерін алды. Оның екі шарты бойынша сақтандыру төлемі 9,7 млн теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, 30 мамырға дейін 2021 жылға арналған топырақ ылғалының тапшылығынан сақтандыру шарттары жасалған болатын. Жеті өңір мен елордада 121,3 мың гектар жер сақтандырылды. Бүгінде фермерлер топырақ ылғалы тапшылығының индекстік сақтандыру шарттары бойынша алғашқы сақтандыру төлемдерін алып жатыр.
Мәселен, құрғақшылықтан сақтандыру жөнінде жасалған 32 шарт бойынша төлемнің бірінші кезеңінде 39 мың гектар егіс алқабын сақтандырған Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының фермерлері сақтандыру төлемдерін алады. Сақтандыру компаниялары оларға 190,5 млн теңге төлейді.
Осы шарттар бойынша сақтандыру сыйақысы 319 млн теңгені құрады, оның ішінде 159,5 млн теңгені аграршылар, ал 159,5 млн теңгені субсидия ретінде агросақтандыру саласындағы оператор - Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры төледі.