Театр • 27 Маусым, 2021

Театр көшін бастаған...

618 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Уақыт, поэтикалық идея және актер өнерін шебер үйлестіре алуы шарт режиссерлік өнер тұлғалықты талап етеді. Ал теат­р өнеріндегі жетекші тұлғаға ХХ ғасыр қарсаңында ғана айнала бастаған режиссураның қазақ топырағындағы тарихы едәуір жас тарих.

Театр көшін бастаған...

Қазақ театр режиссурасы дегенде, алғашқы бастауындағы Ж.Ша­нин, кәсіби оқуды Мәскеуде тәмам­даған А.Тоқпанов, Ә.Мәмбетов; Таш­кентте оқыған Б.Омаров, сондай-ақ М.Қо­сыбаев, М.Қамбаровтар; содан кейінгі кезекте режиссура ма­ман­­­ды­ғының әліпбиін «өз үй – өлең төсегі» Құрманғазы атын­дағы кон­серваторияның театр факуль­тетінің ре­жиссура бөлімінде меңгерген жас­тардың есімдері аталады. Солар­дың бірі – ұлттық режиссураға сонау 60-жыл­дардың орта тұсында дүркіреп келген талантты буынның көрнекті өкілі Есмұхан Обаев.

Бүгінде сексеннің сеңгіріне шы­ғып отырған Е.Обаев – қазақ театр өнерінің көшін бастаған, керегесін ке­ңейтіп, игі дәстүрлерін жалғас­тырып отырған ірі тұлға. Оның буыны сах­наға келген уақыт – қазақ театрында актерлік өнердің аса басымдық алып тұрған кезі еді. Ә.Мәмбетовтің ізін ала келген қуатты буын, атап айтқанда, Ж.Омаров, Қ.Жетпісбаев, В.Пұсырманов, М.Байсеркенов, Р.Сейт­метов, Х.Әмір-Темір, Е.Обаев­тар – режиссураның жетекші орынға шы­ғуына өз тарапынан үлкен үлес қосты. Театр тұрмысшылдық эле­мент­терден арылып, сахна шарт­ты­лығында адамның адами болмысы психологиялық табиғи ойын өрнегінде айқын көріне бастады. Бұл буынның бір ерекшелігі – ұлттық негізі, ұлттық рухының қуаттылығы, өздеріне деген сенімділігі болды. Шыны керек, бұл мықтылық, енді бір орайлардан алғанда, жалпы кеңестік сахна өнері аясында заңдылықтай көрінген кедергілерге де ұшыратты...

Тырнақалды спектакльдерін Қа­рағанды театрында қойып «сахна­ның дәмін алған» жас режиссер Е.Обаев алғашқы үлкен сыннан қара шаңырақ М.Әуезов театрында З.Ақышевтің «Жаяу Мұса» және Т.Ахтановтың «Боран» пьесалары бойын­ша қойған спектакльдерімен сәтті өтті. Негізгі идея басты кейіпкерлер: атақты ән­ші-композитор Жаяу Мұ­са және тағ­ды­ры соқтықпалы-соқ­пақты замандасы Қоспан арқылы пайымдалатын бұл қойылымдар жас режиссердің алдағы шығармашылық, көркемдік-эстетикалық ізденістерінің сұлбасын айқындады. Содан бергі жарты ғасыр­дан аса уақыт ішінде үлкен өнер мек­те­бінен өткен режиссер Е.Обаевтың өзіндік мектебі қалыптасты.

– Есмұхан Обаев – қоғамдық-әлеуметтік үні өткір, адами-имани мәселелерді қозғау деңгейі жоғары; өз арманына және өнердің, адамды жасампаздыққа бастайтын құдіретіне сенімді, өз жолына сенімді романтик – саналы өмірінде, атақты италиялық Дж.Стрелердің формуласы бойынша қисындағанда, «Адамдар үшін теат­р» жасап келе жатқан режиссер. Ал күрделі уақыт тынысына сергектік және күрделі қоғамдық мәселелерді адам­дар тағдыры арқылы сөз ету және адамгершілік-имандылық мәселесі әманда алғашқы планда тұруы – тұлға ре­жиссер Е.Обаевтың ғана емес, кеңі­рек аядан алғанда, жоғарыда атап өт­кеніміздей, театрға атақты Мәм­бе­тов­тің өкшесін баса келген үркер топтың да шы­ғармашылық ерекшелігі деу керек.

– Е.Обаев театры гуманизм, ізгілік идеясына қызмет етеді – адамның жан дүниесін зерттеуге, сол арқылы өмірді, уақытты, қоғамды, ондағы даму үдерістерін зерттеуге бастайды.

– Режиссерлердің бірнеше типі болатыны белгілі. Е.Обаев сахнаның көркемдік құралдарын жаңа, бұрынғы деп жіктеп жатпайтын, өзінің бүкіл ой-идеясын, арман-қиялын, қойы­лым­­дық мұратын актер ойыны ар­қылы зерделететін режиссер. «Мен режис­серлік әлем-жәлемнен гөрі актердің жан-дүниесіне үңіліп жұмыс істегенді жақсы көремін. Маған актердің ішкі сезімін ашу, логикалық болмысын зерт­теу қызығырақ, – дейді өзі. – Себе­бі бү­гінгі зиялы көрерменге зиялы актер ке­рек. Сахнада актердің жан дүние­сін­дегі азаматтығымен қатар бүгінгі күн­нің кө­терілер мәсе­лесі салтанат құруы тиіс».

– Е.Обаев ұлттық классикалық драматургия мен әдебиеттің (М.Әуезов, Б.Майлин, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Т.Ахтанов, Қ.Мұхамеджанов, Ә.Әлім­жа­нов, т.б) шоқтықты туындыла­рын көп сахналаған суреткер. Сах­нада ұлттық рухымыз танылуы, салт-дәс­түріміз өз бояуымен сақталуы тиіс деп білетін, «ұлттық рухымызды әдейілеп көмескілейтін режиссерлермен келісе алмаймын» дейтін режиссердің қойылымдары ұлттың жаңғыруы, рухани өсуі, өз-өзін тани түсуіне әсер етеді.

– Режиссер қазіргі қазақ дра­ма­тург­тарының барлығының дерлік (Ә.Тарази, С.Жүнісов, М.Сәр­секе, Д.Исабеков, Т.Әб­­діков, Т.Нұрма­ғам­­­­бетов, Р.Сей­сен­баев, Б.Мұқай, Н.Ора­залин, И.Са­парбай, т.б.) пьесаларын алғашқы болып қойды. Және де сахналап отырған авторына, оның шығармасына ғана тән әуен, сарынды дәл табатындықтан да жанрдың өсуіне елеулі үлес қосты.

– Е.Обаев – қазақтың философиясы, жаны – әні мен музыкасын терең ұғынатын суреткер, бұл оның спектакльдерінен айқын көрінеді және қолтаңба ерекшеліктерінің бірі.

– Драма, комедия, трагедиялық қойылымдар шебері Е.Обаев – ірі полотнолардың режиссері. Бұл оның әлем және ұлттық драматургия бойын­ша республиканың көптеген драма, музыкалық драма театрларындағы, бауырлас республикалар сахнасындағы «Манастың ұлы – Семетей» сияқты үлкен қойылымдарымен қатар опе­ралық сахнада «Абай», сондай-ақ «Қамар сұлу», «Қалқаман-Мамыр», т.б. қойылымдарынан да айқын көрінеді. «Қалқаман-Мамыр» жалпы ұлттық театр тарихындағы мүлдем өзгеше туынды. Онда опера мен балет үйлесімі әдемі табылған.

– Е.Обаев спектакльдерінің кеңіс­тігі кең, эпикалық тынысты, ұлт­тық болмысы терең болып келеді. Бұл тұста ол Шанин, Тоқпанов, Мәм­бетов­тер дәстүрлерін өз жолы­мен көр­кем жалғастырушы. Демек біз көп айтып, көп іздейтін Алаш қай­раткерлері идеяларының сахнадағы за­манауи көрінісі. Көрнекті режиссер қай қойылымын алсаңыз да кесек турайды – қоғамның, адамдар жанындағы өзгерістердің түп себебіне үңілуге, адамды, қоғамды өзін-өзі тани түсуге бастайды... Ал тап қазіргі таңда қоғамның өзін-өзі тануына барынша қызмет ету – қазақ театрының асқаралы міндеттерінің бірі.

Көрнекті режиссер мәдениет, өнер қайраткері ретінде көп жұмыс атқарып келеді. Ол жиырма жылдай (1972-1992) Абай атындағы Семей облыстық театр­ы­н басқарды. Одан кейін Т.Жүргенов атын­дағы Өнер академиясында ректор болды. Ал еліміз тәуелсіздігінің алғашқы кезеңі деуге болатын 1995-2001 жыл­­дары Республика Мәдениет ми­нис­трінің бірінші орынбасары, Мәдениет комитеті төрағасының орын­басары лауазымды қызметтерін атқарып, үлкен рухани тә­жірибесі бар пара­сатты, білікті басшы, дарынды ұйымдастырушы ретінде кәсі­би қазақ өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Осыдан кейінгі онжылдықта қазақ өнерінің қара шаңырағы, өзі сахна өнерінің Меккесіндей көретін М.Әуезов атындағы Ұлттық драма театры­ның директоры-көркемдік жетек­шілігін абы­ройлы атқарған көр­некті режиссер қа­зіргі таңда да шығар­машылық бабында.

Ұлттық режиссураның көшбас­тары, санаткер, ұстаз, бүгінде сек­сен­­нің сеңгіріне шығып отырған Ес­мұ­хан Обаевтың жас буынға берер тағлымы аз емес. Ол – елсүйгіштік, ауқымды дүниетаным, жасампаздық, заман талаптарына сай бола білу, ал, ең бастысы – өмірдегі және өнер­дегі тазалық тағлымы... Өз ұжы­мы, жал­пы кәсіби өнер ортасымен қатар қалың жұртшылық та көр­некті режиссер, қайраткер тұлға Е.Обаев­ты осындай қасиеттері үшін қа­дір тұтады. Ал көшбасшы, санат­кер, ұстаз, бүгінде ұлт­тық өнер ақсақалдарының бірі Ес­мұ­хан Обаевтың көрермендерін маз­мұн­­ды да сахналық сымбаты жарқын қо­йы­лымдарымен қуанта береріне сөз жоқ.

 

Әлия БӨПЕЖАНОВА,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері