Ұлттық банктің хабарлауынша, бағдарламаға қатысуды тоқтату туралы шешім осы жылдың 24 мамырында қабылданған. Бас банк жобаны жүзеге асыру үшін 2019-2020 жылдарға 20 млрд теңгеден бөлген. Осы жылдың 27 мамырындағы жағдай бойынша 48,8 млрд теңгеге 8 546 несие беріліпті. Мұның 8,8 млрд теңгесі – бұрын берілген автонесиелерді өтеуден түскен қаржы.
Бағдарлама отандық өндірістен шыққан жеңіл автокөлікті жеке тұлғалардың 4 пайыздық мөлшерлемемен сатып алуына мүмкіндік берді. Алайда жоба бәріне бірдей қолжетімді болған жоқ. Аударылатын қаржыны сарғайып күтуге тура келді. Ал бұл аралықта көлік үшін ұзын-сонар кезек қалыптасты. Тиісінше, ел ішінде бағдарлама туралы жағымсыз пікірлер айтылмай қойған жоқ. Десе де, қарапайым қисынға салсақ, жеңілдетілген дүние үшін кезектің болуы заңдылық секілді.
«ҚазАвтоӨндіріс» Қазақстанның автомобиль саласы кәсіпорындары одағы басқарма төрағасының орынбасары Артур Мискарянның айтуынша, жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының тоқтатылуы нарыққа белгілі бір деңгейде әсер еткенімен, анау айтқандай үлкен трагедия емес. Дегенмен, отандық автопарктің жаңартылуын тежеуі ықтимал.
– Бағдарламаны тоқтату немесе қорландыруды қысқарту нарықтың өсу қарқынына әсер ететіні анық. Бірақ салдары жойқын болмайды. Осы орайда жаңа автокөліктер сатылымының қазіргі қарқыны ескі автопарк проблемасын шешуге қауқарлы емес екенін ескерген жөн. Бүгінде елдегі автокөліктердің орташа «жасы» шамамен 20 жылдан жоғары. Бұл жол қауіпсіздігі мен экология тұрғысынан маңызды мәселе екені айтпаса да түсінікті. Оны шешу үшін автопаркті жаңартуға барынша көңіл бөлу керек. Ал бағдарламаны тоқтату, керісінше, аталған процесті баяулатады, – дейді А.Мискарян.
«ҚазАвтоӨндіріс» өкілінің мәліметінше, соңғы үш жылда жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының үлесі отандық автокөліктердің жыл сайынғы сатылымының 12 пайызынан асқан емес. Мәселен, былтыр сатылған 90 мың көліктің 8 мыңы осы бағдарлама бойынша өткізілген. Бұл жалпы нарықтың шамамен 9 пайызына тең. 2018 жылдан бастап сатылым жылына 20-25 пайызға өсіп келеді екен.
А.Мискарянның пікірінше, жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының көлік бағасына тигізер әсері шамалы. Бағаға бірінші кезекте теңгенің тұрақтылығы мен нарықтағы бәсекелестіктің әсері зор. Ал тұтынушылар үшін жаңа автокөліктердің қолжетімділігін шектейтіні рас.
– Бағдарлама – автонарықтағы тиімді өнім. Тұтынушылар осы өнімнен айырылып қалуы мүмкін. Демек, көліктер бұрынғыдай қолжетімді болмайды. Мәселен, жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы бойынша көлік бағасының 10 пайызын бастапқы жарна ретінде төлеу керек. Бастапқы жарнаны табу қазір аса қиын емес. Осы тұрғыдан алғанда, бағдарлама – тұтынушылар үшін тамаша мүмкіндік. Көрші елдердің бұған ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Әсіресе, мұндай қадам пандемия жағдайында өзін өзі ақтап отыр, – дейді А.Мискарян.
EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы, экономист Андрей Чеботаревтің айтуынша, басын ашып алатын бір мәселе бар – жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасы аяқталған жоқ.
– Бағдарлама бастапқыда револьверлік тетікпен жұмыс істеді. Яғни банктер қарыз алушылардан қайтарылған қаражатты бағдарламаны одан әрі қаржыландыруға пайдаланды. Демек, биыл бағдарламаға жаңадан қаражат бөлінбейді. Ал бағдарлама жұмысын жалғастыра береді. Тек, несие қарыз алушылардан қайтарылған қаржы есебінен ғана беріледі. Мәселен, Ұлттық банк бағдарламаға 40 млрд теңге бөлді. Алайда жобаның айналымында жүрген қаржы – 48,8 млрд теңге. «8,8 млрд теңге қайдан келді?» деген сауал туындайды. Ол біз айтқан қарыз иелерінің қайтарған қаржысы. Банктер бұл ақшаны басқа мақсатқа пайдалана алмайды. Тек отандық автокөліктерді жеңілдетілген шарттар бойынша сатып алуға жұмсауы қажет, – дейді Андрей Чеботарев.
Экономистің пікірінше, Ұлттық банктің аталған бағдарламадан шығуы – нарық үшін оң белгі. Өйткені жеңілдетілген автонесие беру, біріншіден, нарықтық жағдайды бұрмаласа, екіншіден, банктерді негізгі өнімдерінің бірінен айырып келді.
– Бағдарламаның міндеті отандық автоөнеркәсіпті қолдау еді. Қазіргі уақытта бұл міндет орындалды. Енді нарықтық экономикаға оралу қажет. Мұны дұрыс қабылдаған жөн. Бұдан былай бағдарламаға Үкімет пен «Бәйтерек» ұлттық холдингінің құрылымдары жауапты болады. Жеңілдетілген автонесие беру бағдарламасының ендігі тағдыры да соларға байланысты, – дейді экономист.
Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, мемлекет автоөндірушілерді өмір бойы құлақтан сүйреп, қолдау көрсетуге міндетті емес. Ұлттық банк бағдарламаға қатысуын тоқтату туралы шешімді әлдеқашан қабылдауы керек-тін.
– Біз қайта шамалы кешігіп қалған секілдіміз. Қазақстан бірнеше жыл бойы отандық өндірушілерді қолдап келді. Автоөндірушілерді ұясынан ұшыратын уақыт жетті. Бұдан былай бағдарлама өзін өзі «асырауы» керек. Меніңше, бұл аса бір қиындық тудырмайды. Жоба бәсекелестік ортаға шыққан соң, бәрі реттеледі деген ойдамыз. Мемлекет бағдарламадан іргесін аулақ салса, бұл жоба теориялық тұрғыдан қаржы институттарын қызықтыруы мүмкін, – дейді Р.Рысмамбетов.
Бірінші несие бюросының сарапшылары несиелеу мен мемлекеттік қолдау шаралары маңызды болғанымен, бұлар мәмілелер санының өсуіне серпін бермейді деп санайды. Коронавирусқа дейінгі жағдаймен салыстырғанда автонесиелеу қоржынының өсу қарқыны шамалы төмендегенімен, жалпы көрсеткіш жоғары деңгейде сақталып отыр. Бюро сарапшылары бұл сегменттегі нарықтың әлеуетін жоғары бағалауда. Оның үстіне ойыншылардың позициясы да әлі нақты белгіленбеген.
Жеңілдетілген несие беру бағдарламасының 2015 жылы басталғанын айттық. Қазақстан даму банкінің мәліметінше, 2015 жылдың көктемінен бастап 2021 жылғы сәуірдің соңына дейін 139,6 млрд теңгеге 27,5 мың несие берілген. Бұл осы уақыт аралығында берілген автонесиелердің жалпы санының 10,2 пайызына, жалпы сомасының 12,9 пайызына тең.
– Қазақстанда автонесие беру көлемі өсіп келеді. Сұраныс та ұлғаюда. 2021 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша берілген қарыз саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,3 пайызға жоғары. Бұл өз кезегінде несие қоржынын өсіреді. Қазақстандықтар қолда бар несиелерді өтегеннен гөрі, жаңа автонесие алуда белсенділік танытуда. Автонесиелеу қоржынының жалпы көлемі 12 айда 36,5 пайызға артып, 818,1 млрд теңгеге жетті. Оңтүстік өңірлерде өсу қарқыны жоғары, ал елдің батысындағы көрсеткіш бәсеңдеу, – дейді Бірінші несие бюросының сарапшылары.
Несиені алуын алып, өтей алмай жатқандар да жоқ емес. Мәселен, 2021 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша мерзімі өткен қарыздар көлемі 74,2 млрд теңгені құраған. Бұл жалпы қарыз көлемінің 9,1 пайызы. Оның ішінде мерзімі 90 күннен асып кеткен қарыз 44,1 млрд теңгеге немесе 5,4 пайызға тең.
Қысқасы, жеңілдетілген авто- несие беру бағдарламасы әлі аяқталған жоқ. Бар болғаны – Ұлттық банк үлкен ойыннан шықты. Ал бағдарламаның ендігі тағдыры – Үкімет пен «Бәйтеректің» қолында. Олардың қандай шешім қабылдайтыны әлі белгісіз.