Аймақтар • 28 Маусым, 2021

Қостанайда Қазақстан-Белорусь ынтымақтастығы мәселелері талқыланды

251 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қостанайда Қазақстан-Белорусь ынтымақтастығы мәселелері талқыланды

Үкімет басшылары сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік-логистика, құрылыс салаларындағы ынтымақтастықтың, өнеркәсіптік кооперация мен білім берудің, сондай-ақ өңірлердің өзара ынтымақтасығы  мәселелерін талқылады.

Қос елдің Үкімет басшылары Қостанай қаласындағы ауыл шаруашылығы машинасы өнімдерінің бірлескен өндірісін дамыту жобаларымен танысты.  Мұндағы «АгромашХолдинг KZ» АҚ  өндіріс көлемін жылына 1 мыңға дейін ұлғайта отырып, «Гомсельмаш» зауытының технологиясы бойынша «Есіл» комбайндарын құрастырады. Зауыт қысқа мерзім ішінде өнімді жергіліктендіру деңгейін 60%-ға дейін жеткізуді көздеп отыр. Одан кейін Асқар Мамин мен Роман Головченко «МТЗ Қазақстан» кәсіпорнының даму жоспарларымен танысты. Зауытта жаңа корпустардың құрылысы жүріп жатыр, бұл өндіріс көлемін жылына 4 мың тракторға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қостанай қаласындағы «АгромашХолдинг KZ» АҚ локализациялау орталығы «КУВО» Беларусь компаниясымен бірлесіп, 2022 жылдың соңында жылына 30 мың ауылшаруашылық және автомобиль техникасына арналған көп қабатты шыны пакеттер өндірісін ашуды және оны кемінде 70% деңгейде жергіліктендіруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, Қостанай қаласында «Белкарпластик» ЖШҚ-ның қатысуымен машина жасау саласы үшін композициялық материалдардан жасалған бұйымдар өндірісі ашылады. Тағы бір айт кететін маңызды мәселе, АӨК саласында тараптар Беларусь технологияларын тарта отырып, Қазақстанда сүт-тауар фермаларын салу бойынша ынтымақтастықты дамытуды көздеп отыр. Тобыл төрінде кездескен екі елдің кәсіпкерлері осындай уағдаластықтарға қол жеткізді.

Сонымен қатар, құрылыс индустриясысаласында да бірлескен жобалар қолға алынбақ. Мәселен, «БелВудДоорс» компаниясы мен «Самұрық-Қазына Констракшн» ЖШС Нұр-Сұлтан қаласының индустриялық аймағында қуаттылығы жылына 250 мың есік өндірісін ашуға ниетті. Жоба құны – 5,5 млрд теңге. Алдағы уақытта мұндай жобаны Алматы қаласында да іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстанда қуаттылығы 2 млн м² болатын керамикалық плиталардың бірлескен өндірісі ашылады.  Келіссөздер қорытындысы бойынша Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойылды.

Екі елдің Премьер-Министрлері Қостанай қаласындағы «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС өндірістік алаңында, сондай-ақ темір кенін, доломитті, әктасты, құрылыс шағылтасын қайта өңдейтін  ір кәсіпорын – Рудный қаласындағы «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-да болды. 

Асқар Мамин мен Роман Головченконың кездесуі Нұр-Сұлтан қаласында жалғасып, қос елдің Үкімет басшылары ModeX модульдік үй құрылысы зауытында, «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ-да, «Астана» халықаралық қаржы орталығында және басқа да нысандарда болды.