Футбол • 29 Маусым, 2021

Роналду чемпионатпен қош айтысты

280 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

 

Еуропа чемпионатының кезекті жарыс күнінде плей-офф кезеңінің тағы екі ойы­ны өтті. Будапештте Нидерланд пен Чехия ширек финалдың жолдамасын сарапқа салса, Севильяда Бельгия мен Португалия құрамалары бақ сынады.

Роналду  чемпионатпен қош айтысты

Соңғы екі ұжымның плей-офф бәсекесіндегі матчы жан­күй­ерлер тарапынан үлкен қызы­ғушылық тудырған еді. Өйткені бірі құрамалар арасында ФИФА рейтингінде көш бастап тұрса, екіншісі Еуропаның әзірше ең соңғы чемпионы саналады. Сон­дықтан екі құраманың да биылғы мақсаты жоғарыдағы атақтарына сай өз мықтылығын дәлелдеу болатын.

Португалия топтық ке­зең­де ерекше ойынымен жанкүй­ер­лердің көңілінен шықты деп айта алмаймыз. Роналду бас­таған ұжым Мажарстанды қиын­шылықпен жеңіп, топтан бірінші орынмен шығуды көздеген француздармен тең ойнап, немістерден оңбай жеңіліп, топтық кезеңді үшінші орынмен аяқтады. Пор­ту­галия осыдан бес жыл бұрын чем­пион болған кезде де топтық кезеңдегі үш матч­та тең ойнап, үшінші орынмен келесі кезеңге шыққан болатын. Биыл бұл сәй­кестік Португалияға сәттілік әкеле алмады. 

Дей тұрғанмен, бельгиялықтар да топтық кезеңде мықты ойнады деп айту қиын. Бірақ Роберто Мар­тинес шәкірттері үш ойында то­ғыз ұпай жинап, 100 пайыздық көрсеткішпен келесі кезеңге жолдама алды. Егер байқаған болсаңыздар, Бельгия әр ойында бар күшін жұмсап ойнамайды. Кешегі Португалияға қарсы өткен ойында да олар әлі бар күшімен жұмсауға асықпайтынын көрсетті.

Матч басында Португалия қар­сы­ласты қарсы шабуылда қапы қал­дыруды көздегенімен, Диогу Жота өз мүмкіндіктерін тиімді пай­далана ал­мады. Кейіннен бель­гиялықтар пози­циялық шабуыл­ға көшіп, жанкүйерлерді біраз зе­ріктіріп алса да, матч соңында жеңіске жетті. Бірін­ші таймның 42-минутында Торган Азардың алыстан тепкен добы қақпа­шыға ыңғайсыздық тудырып, доп қақпа төрінен табылды.

Португалия құрамасы матч бойы Бельгия қақпасына 23 мәрте дәл соқ­қы жасағанымен, оның бірде-біреуі қақпа торынан табылмады. Ал матч бойы бір ғана дәл соққы жаса­ған Мартинес шәкірттері келесі кезең­ге шықты. Роналдуды рекордсыз қал­дыр­ған Бельгия енді ширек финалда Аус­трияны әрең жеңген Италия құрама­сымен жолығады.

Топтық кезеңде жинақы ойын көр­сетіп, мүмкін болған тоғыз ұпайдың бәрін шашпай-төк­пей жинап алған Нидерланд құра­масын футбол мамандары чем­пиондықтан үміткер ко­ман­далар­дың қатарына қосқан еді. Ал топ­тық кезеңде 4 ұпаймен үшін­ші орын алып, қосымша жолдама­мен келе­сі кезеңге шыққан Чехия құра­масы Еуродағы жорығын плей-офф ке­зеңінде аяқтайды дегендер көп бол­ған-ды. Мамандардың сенім­­сіз­дігіне ие болған сол Чехия барлық бол­жамның күл-талқанын шығарып, Еурода кішігірім сенсация жасады. 

Чехияны чемпионат бойы өрге сүйреп келе жатқан Патрик Шик бұл жолы да құрамасын ширек финал­ға алып шықты. Бірінші таймда құра­малардың күші тең болып, үзіліске де 0:0 есебімен тарқасты. Екінші тайм­ды да екі ұжым тап-тамаша баста­ған болатын. Алайда ойынның 55-ми­нутындағы жағдай кездесу суре­тін 180 градусқа өзгертіп жіберді. Ма­тчты басқарған ресейлік төреші Сергей Карасев ойын тәртібін бұзған Нидерланд құрамасының қорғаушысы  Маттейс де Лигтке алғаш сары қағаз көрсеткенімен, кейіннен ВАР жүйесінде отырған видеоассистентінің кеңесінен соң бейнеқайталауды көріп, қағаз түсін қызылға өзгертті. Бұл – осы чемпионаттағы төртінші қы­зыл қағаз. Бұған дейін Гжегош Крыховяк (Польша), Гарри Уил­сон (Уэльс) және Итан Ампаду (Уэльс) секілді футболшылар алаңнан қуылған еді.

Алаңда бір ойыншы кем болғанына қарамастан, Нидерланд футболшылары 10 минуттан аса уақыт шабуылда да, қорғаныста да тәуір ойнап жатқан еді. Бірақ бәрібір ойында бір адам көп болып ойнаған Чехия құрамасы 68-минутта есепті ашты. Гол авторы – Томаш Холеш. Арада көп өтпей шабуылда тынып-тыншымайтын Патрик Шик чемпионаттағы төртінші голын соғып, ойынның нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 0:2.

Чехия жартылай финалға шы­ғу үшін ширек финалда Уэльс құ­ра­ма­сын жарыс жолынан шығарып жі­берген Дания футболшыларымен кездеседі.