Спорт • 29 Маусым, 2021

Жеке кезеңде жеңіске жетуді көздейді

138 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен сенбіде велоспортшылар арасындағы жылдың ең маңызды жарысы – «Тур де Франс» велобәйгесінің жалауы желбіреді. 18 шілдеге дейін Франция тас жолдарында жалғасатын додаға қазақстандық-канадалық Astana-Premier Tech велокомандасының өкілдері де қатысып жатыр.

Жеке кезеңде жеңіске жетуді көздейді

118 жылдық тарихы бар айтулы турнирде талай мықты велошабандоздардың өнер көрсеткені тарихтан белгілі. Биыл да бұл жарыстан әлемнің ең мықты деген спортшылары тыс қалған жоқ. Атап айтар болсақ, осы доданың былтырғы жеңімпазы, сондай-ақ таулы кезең мен жастар арасындағы бәсекеде де үздік шыққан словениялық Тадей Погачар мен 2019 және 2020 жылдарғы «Испания Вуэльтасында» топ жарған оның отандасы Примож Роглич, осы жарыстың 2018 жылғы жеңімпазы британиялық Герайнт Томас, «Тур де Франс» бәсекесінің төрт дүркін (2013, 2015, 2016, 2017) жеңімпазы, «Испания Вуэльтасы» (2017) мен «Джиро д’Италия» (2018) додасында бір мәртеден дара шыққан тағы бір британиялық Крис Фрум, 2019 жылғы «Джиро д’Италия» додасының бас жүл­десін олжалаған эквадорлық Ричард Карапас, сондай-ақ Сай­мон Йейтс (Ұлыбритания), Ричи Порт (Аустралия), Эстебан Чавес (Колумбия), былтыр «Астана» сапында жасындай жарқылдаған колумбиялық Мигель Анхель Лопес секілді атақты велошабандоздар мен тағы басқа спортшылар осы жарыстың көрігін қыздыруда.

Аталған жарысқа қа­зақ­­­стан­дық-кана­да­­лық Astana-Premier Tech вело­­ко­­ма­н­дасы­нан Алекс Аранбуру (Испания), Стефан Де Бод (ОАР), Дмитрий Груздев (Қа­зақстан), Алексей Луценко (Қа­зақ­стан), Йон Исагирре (Ис­пания), Омар Фраиле (Ис­пания), Якоб Фульсанг (Дания), Уго Уль (Канада) секілді спортшылар қатысып, бас жүлде үшін сынға түседі. Әри­не жанкүйерлер де, клуб басшылығы да бұл құ­раммен жарыстың көшін бастау оңай емес екенін жақсы түсінеді. Сондықтан команда биыл жалпы турда емес, жекелей кезеңдерде же­ңіске жетуді көздейді.

– Биыл «Тур де Франста» біз жеке кезең­дерге назар аударамыз. Қазірдің өзінде кезең жеңім­паздары – Алексей Луцен­ко, Йон Исагирре және Испанияның жаңа чемпионы Омар Фраиле бар мықты және жігерлі спортшылармен Францияға келдік. Сонымен қатар бізде екі мону­мен­талды классикалық жарыс­тың жеңімпазы Якоб Фульсанг, тәжірибелі Дмитрий Груздев, көшбасшы маман Уго Уль және екі дебютант – Алекс Аранбуру мен Стефан Де Бод бар. Команда өте мықты және біз жігіттерге кезеңдерде жеңіс үшін күресуге еркіндік беруді жоспарлап отырмыз. Гранд-турда, әсіресе «Тур де Франста» жеңіске жету оңай шаруа емес. Бі­рақ мен былтырғыдай жетістікке жететінімізге се­нім­дімін және Astana-Premier Tech жейдесі алда бірнеше рет жарқырайтын болады, – деді ко­­манданың спорт менеджері Дмитрий Фофо­нов.

Брест пен Ландерно қала­ларын жалғаған турнир­дің ал­ғаш­қы кезеңінде Жулиан Алафи­липп (Deceuninck-Quick Step) жеңімпаз атанды. 197,8 ша­қырымға созылған қашықтықты фран­циялық велошабандоз 4 са­ғат 39 минут 05 секундта ба­ғын­дырды. Алафилипптен 8 се­­кунд­қа қалып қойған аус­тра­­лиялық Майкл Мэт­тьюс (Bike­Exchange) екінші орын­ға табан тіресе, үздік үштікті При­­мож Роглич (Jumbo-Visma) түйіндеді.

Astana-Premier Tech командасынан бірінші кезеңде ең үздік нәтижеге отандасымыз Алек­сей Луценко қол жеткізді. Мәре сызығын 14-ші болып кескен Луценко жеңімпаздан 8 секундқа қалып қойды. Сонымен қатар қалың топпен бірге келген «Астананың» тағы екі өкілі – Якоб Фульсанг пен Алекс Аранбуру 21 және 23-орындарға жайғасты.

182,9 шақырымға созылған екінші кезеңде 2020 жылдың қорытындысы бойынша жылдың ең үздік велокомандасы атанған Бельгияның Alpecin-Fenix клубында өнер көрсететін Матье ван дер Пул мәре сызығын бірінші болып кесті. Нидерланд велошабандозы Перрос-Гирек және Мюр-де-Бретань қалаларын жалғаған жарыс жолын 4 сағат 18 минут 30 секундта жүріп өтті. Жеңімпаздан 6 секундқа қалып қойған словениялық спортшылар – Тадей Погачар (UAE Team Emirates) мен Примож Роглич (Jumbo-Visma) екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. «Астана» сапынан бұл кезеңде тағы да Алексей Луценко үздік болды. Ол мәреге Тадей Погачар бастаған топпен бірге келіп, жалпы есепте 16-шы болды.

Екі кезеңнің қорытындысы бойынша жалпы есепте Матье ван дер Пул көш бас­тады. Оны франциялық велошабан­доз Жюлиан Алафилипп (De­ceuninck-Quick Step) пен был­тырғы жеңімпаз Тадей Погачар өкшелеп келеді.