Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазАгро» холдингі таратылып, оның құрамындағы үш компания биыл «Бәй- теректің» қарамағына өтті. Бұлар – Аграрлық несие корпорациясы, «ҚазАгроҚаржы» және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры. Бүгінде аталған компаниялар өз қызметтерін «Бәйтерек» холдингінің аясында ойдағыдай жалғастырып келеді.
– «Бәйтерекке» қосылған «ҚазАгро» құрамындағы еншілес компаниялар штаттық режімде жұмыс істеуде. Әдеттегідей фермерлерге несие үлестіріп, ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке беруді, субсидиялау мен кепілдік ұсынуды жалғастыруда. Бұдан бөлек, «Бәйтерек» холдингінің екі департаменті бұрынғы «ҚазАгроның» жұмыстарымен айналысуда. «ҚазАгроның» жылдар бойы жинақталған мол тәжірибесін жұмыс барысында кәдеге жарататын боламыз, – деді А.Әріпханов есептік кездесу барысында.
Жиында холдинг басқармасының төрағасына ондаған сұрақ қойылды. Сауал жолдағандардың қатарында Қостанай облысы Жангелдин ауданының тұрғыны М.Әзімбаев та бар. Ауылдық елді мекенде тұратын ол мал шаруашылығымен айналысқысы келетінін айтып, кәсіп ашудың қыр-сырын қайдан меңгеруге болатынын сұрады. Сондай-ақ жеңілдетілген шарттармен несие алудың жай-жапсарына да қызығушылық танытты.
– Жеңілдетілген несие алудың жолдары көп. Мәселен, ауылдықтар «Еңбек» бағдарламасының игілігін көріп отыр. Ол үшін біздің холдингтің құрамындағы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінуге болады. Оның әр өңірде филиалы жұмыс істейді. «Еңбек» бағдарламасы бойынша ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге және ауылдық аумақтағы шағын бизнеске микрокредит беріледі. Несие 6,5 жылға ұсынылады. Бағдарлама арқылы жеке тұлғалар 4 млн теңгеге дейін несие ала алады. Кредиттің мөлшерлемесі 6 пайыздан аспайды, – деді «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі басқармасының төрағасы.
Есептік кездесуде Ақмола облысындағы шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Мұса Қазанғапов көктемгі егіс жұмыстарына қаржы көбірек бөлінсе екен деген тілегін білдірді. А.Әріпханов көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына республикалық бюджеттен жеткілікті көлемде қаржы бөлініп отырғанын алға тартты. Бұл жұмысқа Аграрлық несие корпорациясы жауапты.
– Былтыр көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 60 млрд теңге бөлінді. Биыл бөлінген сома бұдан қомақты. Яғни 70 млрд теңгені құрады. Байқап отырғандарыңыздай, бөлінетін сома жыл өткен сайын көбейіп келеді. Көктемгі егіс жұмыстарына арналған қаржыны наурыз-мамыр аралығында толықтай игердік. Ал келер жылға қанша қаржы қарастырылатыны күзде республикалық бюджет жоспарланған кезде нақты белгілі болады. Біздіңше, сома 70 млрд теңгеден кем болмауы керек, – деді А.Әріпханов.
Қостанайлық Сергей Иванович KazakhExport компаниясының жұмысына сын айтты. Оның пікірінше, KazakhExport шағын және орта бизнеске емес, ірі компанияларға көмек берумен шектеліп отыр. Ал ірі компаниялардың қолы онсыз да ұзын дейді, ол. «Бәйтеректің» басшысы мұнымен келіспейді, әрине.
– KazakhExport ірі компаниялармен ғана емес, шағын және орта бизнеспен де жұмыс істейді. Келісімшарт сомасы қомақты болған соң, ірі компаниялармен жұмыс жүргізген қолайлы, әлбетте. Бірақ орта және шағын бизнес те назардан тыс қалған емес. Мәселен, өткен жылы біз шамамен 115 компанияға 140 млрд теңге көлемінде экспорттық қолдау көрсеттік. Соның 60 пайызы – шағын және орта бизнестің жобалары. Еліміздің барлық өңірін, сондай-ақ түрлі салаларды қамтуға тырысамыз. Атап өтерлігі, шетелдік серіктестер тұрақты тауар тасымалдаушыларға басымдық береді. Ал бұл міндетті көп жағдайда ірі компаниялар мінсіз орындайды. Шағын және орта бизнестің жобаларын қарастыруға қашанда әзірміз. 2021 жылдың бес айында 60 млрд теңгеге экспорттық қолдау көрсетілді. Биылғы меже – өткен жылдың көрсеткішін басып озу, – деді «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқармасының төрағасы.
Экспортты қолдау холдингтің стратегиялық бағыты екенін еске сала кетейік. Бұл ретте KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы үлкен жұмыс жүргізуде. Айталық, былтыр KazakhExport 16,1 млрд теңгеге сауданы, 13,5 млрд теңгеге экспорт алдындағы қаржыландыруды жүзеге асырды. Сақтандыру құралдары отандық экспорттаушыларға қолжетімді болу үшін компанияны капиталдандыру тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Еске сала кетейік, бүгінгі таңда «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің құрамында 10 еншілес ұйым бар. Олар микро, шағын, орта және ірі бизнесті қолдаумен, экспортты, агроөнеркәсіптік кешенді дамытумен, венчурлық қаржыландырумен, проблемалық компанияларды сауықтырумен, сондай-ақ тұрғын үйдің қаржылық қолжетімділігін қамтамасыз етумен айналысады.
Өткен жылғы қызмет қорытындысы бойынша холдингтің барлық шығындарды, салықтарды және бюджетке төленетін түрлі төлемдерді шегергеннен кейінгі таза табысы 73 млрд теңгені құрады. Холдинг активтерінің мөлшері 6,8 трлн теңгеге тең. Былтыр «Бәйтерек» холдингі экономиканың шикізаттық емес секторларындағы кәсіпорындарға 1 трлн теңгеден астам сома көлемінде қолдау көрсетті. Қаржылық қолдау көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға ұлғайған.
Биыл холдингтің алдында үлкен міндеттер тұр. Атап айтқанда, 460,8 млрд теңгеге ірі бизнес жобаларын қаржыландыру көзделген. Сондай-ақ құны 1 трлн теңгеден асатын 11 жобаны іске қосуы жоспарда бар. Осы шағын және орта бизнестің 37 мың жобасы холдинг қолдауына ие болады деп күтілуде. Сол секілді экспорттаушыларға 200 млрд теңге көлемінде қолдау көрсету міндеті тұр.
– Біз жаңа бағытта жұмыс істеудеміз. Аграрлық несие корпорациясының, «ҚазАгроҚаржы» мен Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының тетіктері арқылы агроөнеркәсіптік кешенді белсенді қаржыландыру жалғасады. Біз қолдау көлемін төмендетпейміз. Керісінше, «Бәйтерек» холдингі өз күш-жігерін өңдеу өнеркәсібін дамытуға, еңбек өнімділігін арттыруға, жұмыс орындарын құруға және тұтастай алғанда, ұлттық экономиканы дамытуға арнайды, – деп түйіндеді сөзін Айдар Әріпханов.
Елдің агроөнеркәсіп кешенін қолдау әрі дамыту – «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің негізгі бағытының бірі. Сондықтан аталған бағыттағы жұмыстар жыл өткен сайын қарқын алмақ. Квазимемлекеттік сектордың халық алдында есеп беруі аясында ел тұрғындарымен әлеуметтік желі арқылы жүздескен холдинг басқармасының төрағасы Айдар Әріпханов осы және өзге де жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ ол холдингтің 2020 жылғы қызметінің нәтижелері туралы есеп беріп, алдағы жоба-жоспарлармен таныстырды.
Бүгін елімізде ауа райы қандай болады
Ауа райы • Бүгін, 10:40
Жамбыл облысында прокуратура қызметкері ұсталды
Қылмыс • Бүгін, 10:06
Ақтөбе облысында жол апаты болып, бір адам қайтыс болды
Аймақтар • Бүгін, 09:22
70 шақырымды еңсерген велошабандоз
Оқиға • Кеше
Белгілі «Яшлык» ансамблі 50 жылдық мерейтойын атап өтті
Мәдениет • Кеше
Алматыда Қазақстан мен Ресей волонтерлік ұйымдарының слеті өтті
Волонтер • Кеше