Әлем • 29 Маусым, 2021

Президент тікұшағына шабуыл жасағандар іздестірілуде

291 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Колумбия президентінің тікұшағына шабуыл жаса­ғандар туралы ақпарат үшін үш миллиард песо (796 000 АҚШ доллары, 573 000 фунт стерлинг) сыйақы ұсынды.

Президент тікұшағына  шабуыл жасағандар іздестірілуде

Колумбия президентінің тікұшағына шабуыл жаса­ғандар туралы ақпарат үшін үш миллиард песо (796 000 АҚШ доллары, 573 000 фунт стерлинг) сыйақы ұсынды.
Иван Дуке жұма күні тікұшаққа оқ жаудырған кезде Венесуэла шекарасына жақын жердегі Куку­т әуежайына жақындап қалған. Кейінірек жария­ланған фотосуреттерде тікұшақтың тірек бұран­дасы мен арт жағына оқ тигені көрінеді. Борттағы адамдардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бірік­кен Ұлттар Ұйымы, ЕО мен АҚШ бұл шабуылды айыптады.
Бортта болған елдің қорғаныс министрі Диего Молано сенбіде қылмыскерлер туралы кез келген ақпарат үшін сыйақы ұсынды. Ал Ұлттық полиция Кукута аймағында АК-47 және 7,62 калибрлі екі мылтық табылғанын мәлімдеді. Олар шабуыл кезінде қолданылған. Ұлттық полиция бастығы генерал Хорхе Варгас 7,62 калибрлі мылтықта Венесуэла Қарулы Күштерінің белгілері болды деді. «Біз кінәлілерді іздеп жатырмыз. Оларды қолға түсірмейінше тоқтамаймыз», деп жазды ол өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Бұл шабуылды кім жасағаны әлі белгісіз. Оқиғаға дейін Дуке Кататумбо аймағындағы іс-шараға қатысқан. Бұл аймақ Колумбия – Венесуэла шекарасы арқылы өтеді және кокаин құрамындағы бас­ты зат – кока өсіретін негізгі аймақтардың бірі.
Бұрындары Колумбия Венесуэланы бүлікші содырларды жасырды деп айыптаған, ал Венесуэла мұны жоққа шығарған. Дуке 2018 жылы билікке келгеннен кейін қос ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды үзді.
Колумбияның ең ірі бүлікші тобы – солшыл ұлт-азат­тық армиясы (ELN) Кататумбо аймағында әрекет етеді. Осы айдың басында ELN өзінің Кукуттағы әскери базадағы миналанған көліктің жарылысына қаты­сы бар дегенді жоққа шығарған-ды. Шабуылда 36 адам, оның ішінде екі америкалық әскери кеңесші жара­қат алған.