Білім • 29 Маусым, 2021

Кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тартқандар анықталды

1188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кәмелет жасына толмаған 14 жеткіншек еңбек шартынсыз жұмысқа тартылған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі хабарлады. Аталған ведомствоға қарасты Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің қызметкерлері жасөспірімдерге қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтаған.

Кәмелетке толмағандарды заңсыз жұмысқа тартқандар анықталды

Комитеттің дерегіне сүйен­сек, жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөс­пірімді жұмысқа тартып, олар күні бойы еңбек еткен. Бұл заңсыздықтар балалар ең­бегін қанауға қарсы ұлттық ақ­­параттық науқан барысында анықталды.

«Ақпараттық науқан елі­міз­дің барлық өңірінде ұйым­дастырылды. Іс-шара шең­берінде балалар еңбегін қанау мәселесі және бұл про­блеманың бала мен қоғам үшін тигізетін салдары туралы түсіндіру жұмыстары, азаматтарды хабардар ету іс-шаралары жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында Түр­кістан, Қарағанды және Ақмола облыстарында балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Дәмханада даяшы және құрылыс алаңдарында жұмысшы болып еңбек еткен 14 жасөспірімнің құқығы бұзыл­ған. Жұмыс берушілер олар­ды толық жұмысқа тарт­қан. Заң бойынша 14 пен 18 жас ара­лығындағы кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуі тиіс. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олар­дың ата-аналарымен еңбек шарт­тары жасалмаған», деді Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Еңбек заңнамасына сәй­кес, 14 жасқа толған оқушы­ларға оқудан бос уақытта ден­саулығына зиян келтірмейтін жұмыстарды орындауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл ретте жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.