27 маусымдағы дерек бойынша облыста 73 адамнан қаупі зор дерт анықталды. Оның ішінде облыс орталығынан 54 науқас бар. Ал «Теңіз» кенішінде 12 жұмысшы аталған инфекцияны жұқтырған. Сондай-ақ Жылыой, Исатай, Махамбет, Құрманғазы аудандарында жеті адамнан індеттің белгісі табылды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің мәліметіне қарағанда, ақпан айынан бері Атырауға 111 200 доза вакцина жеткізіліпті. Оның ішінде 92 700 доза Спутник V, 2 000 доза Qazvac, 9 500 доза Hayat-Vax және 7 000 доза CoronaVac вакцинасы бар. Екпе салу үшін 31 стационарлық, 10 жылжымалы бекет ашылды. Тарқатып айтқанда, Теңіз кең орнында екі, «Атырау», «Байзар» және «Дина» сауда орталықтарында үш, қала мен аудандық емханаларда 36 бекет жұмыс істеп тұр.
– «Теңіз» кен орнында вакцина алушылар көрсеткіші қала мен аудандардағыдан 6 есеге жоғары болып отыр. Қазір вакцинаны көп алғандардың көшін құқық қорғау органдарының қызметкерлері бастап тұр. Қазір бұл салада вакцина алғандар 154 пайызды құрайды. Ең төменгі көрсеткіш созылмалы аурулары бар науқастар (2,7%), студенттер (6,3%) мен педагогтер (35,2%) арасында байқалады, – дейді А.Байдуәлиев.
Ал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы-бас санитар дәрігер Мәдениет Танауовтың дерегіне сүйенсек, карантиндік шектеу шараларының сақталуына 64 мобильді топ мониторинг жүргізіліп келеді. Жыл басынан 21 маусымға дейін 9 761 рейдтік тексеріс өткізіліп, 40 469 нысан қамтылған. Мобильді топтар 432 бұзушылықты анықтады. Нәтижесінде, шағын және орта бизнес нысандары мен жеке тұлғаларға 42 млн 154 мың 359 теңгені құраған 312 айыппұл салыныпты.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, Атырау облысында 397 адам үй жағдайында ем алу үшін оқшауланды. Ал модульдік ауруханада 131, №2 облыстық ауруханада 97, аудандардағы стационарларда 65 адам хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр. «Теңіз» кен орнында орналасқан инфекциялық стационарда 47, фтизиопульманологиялық орталықта 5 пациент емделіп жатыр.
Мұнайлы өңір «қызыл аймаққа» қайта енген соң қандай шара қолға алынып отыр? Осы орайда алдымен бас санитар дәрігер Мәдениет Танауовтың карантиндік шектеу шараларын күшейтетін қаулыға қол қойғанын айтуға болады. Жаңа қаулы 28 маусымда күшіне енді.
Қаулыда Ashyq жобасына қатысатын әлеуметтік-экономикалық объектілердің қызметін қоспағанда ойын-сауық объектілерінің, банкет залдарының, жабық үй-жайдағы, соның ішінде қоғамдық тамақтану объектілеріндегі балалар ойын-сауық орталықтары мен аттракциондардың, ойын алаңдарының (ауладағыларды қоспағанда), түнгі клубтардың, караоке, компьютерлік және ойын клубтарының, кальян, бильярд, боулингтердің, букмекерлік кеңселердің, мәдени нысандардың, жеке, топтық дайындықтарды қоса алғанда кинотеатрлардың, театрлардың, концерт залдарының, филармониялардың, көрермендері бар спорттық іс-шараларды өткізуге тыйым салынсын» делінген.
Сондай-ақ сенбі мен жексенбіде азық-түлік және азық-түлік емес жабық базарлардың, сауда үйлері мен орталықтарына (павильондар, бутиктер), сауда желілерінің, спорт кешендері, фитнес орталықтар, спорттық-сауықтыру объектілері, спорт және жаттығу залдарының жұмыс істеуіне тыйым салынды. Мұндай тыйым сауналар, СПА орталықтары, бассейндердің жұмысына қатысты болып отыр. Бұл нысандардың кейбірінің күнделікті жұмыс кестесі таңғы сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 19.00-ге дейін жалғасады. Қоғамдық тамақтану орындары кешкі сағат 20.00-ге дейін істейді. Ал спорттық нысандар мен сауналар, СПА орталықтарына түнгі сағат 22.00-ге дейін жұмыс істеуіне рұқсат берілген.
Атырау облысы