Сенаторлар – Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшелері Кодекс тұжырымдамасын талқылау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдерімен кездесті.
«Қазіргі уақытта әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы қатынастар 16 заңмен, 1 Кодекспен және бірқатар басқа заңнамалық актілермен реттеледі. Нормативтік құқықтық актілер стиліндегі айырмашылықтар, әлеуметтік құқықтар нормаларының қайталануы мен бытыраңқылығы халықтың әлеуметтік заңнаманы түсінуін қиындатады», деді Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің хатшысы Нариман Төреғалиев.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов депутаттарға ұсынылып отырған заң жобасындағы негізгі жаңалықтар туралы айтып берді. Мәселен, Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасының жобасына сәйкес бірыңғай әлеуметтік стандарттар мен тәсілдерді енгізу көзделіп отыр. Кодекс жобасына әлеуметтік көмек көрсетудің атаулылығы, тәуекелдердің алдын алу және ескерту, әлеуметтік саясаттың инклюзивтілігі қағидаттарын енгізу жоспарлануда.
Бұдан басқа, ана мен баланы қолдауға, аз қамтылған отбасыларға көмекке, әлеуметтік қызметтер жүйесін жетілдіруге, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қорғауға, әлеуметтік қызметкер мәртебесін арттыруға және басқа да бағыттарға баса назар аударылатын болады.
Сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Жас сарапшылар клубының өкілдері Әлеуметтік кодексті жақсарту жөніндегі ұсыныстарын айтты.