Өнер • 29 Маусым, 2021

Ән кімге арналған?

764 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

«Ән – көңілдің ажары». Алайда әр ән-әуеннің туу себептері бар. Қазір телеарналардағы концерттік бағдарламалар­дан ара-тұра Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әнін естіп қаламыз. Әннің сезімді тербеткен әсері болмаса, осы күнге дейін айтылар ма еді. Жұртта бұл әнді Сәкен Көкшетауда жүріп шығарған деген түсінік қалыптасып кеткен.

Ән кімге арналған?

Қала берді композитор Ілия Жақановтың «Egemen Qazaqstan» газеті биыл 10 ақпан­да «Бір әннің тарихы» айда­рымен «Тау ішінде» деп атал­ған мақаласын жариялады. Автор ауыл шаруашылығы ғы­лымдарының докторы Қарпық Құ­сайынов­тың Сәкенмен бала кезінде бірге өскен Әзімхан ақса­қалмен осы ән туралы айтқан сы­рын жеткізген. Сәкен Омбы түрмесінен қашып шығып, жан сауғалап Баянауылға, одан әрі сәуір айында Жаңаар­қа­ға бар­ғанын, сол жерде Әзім­хан­ның үйлену тойында болып, осы «Тау ішінде» әнін тұңғыш рет шырқағаны туралы айтады. Бір қараған жанға бәрі солай сияқты көрінері анық. Дегенмен Абай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» деген емес пе. Жұрт кө­зіне түспей мазарларда түнеп, алаң көңілмен жүрген Сәкен қалай осындай ғашықтық әнін туғыза салған деген ой кез келген пенденің басына келері анық. Әзімхан ақсақал сөзінің соңында: «Сәкеннің біраз сырын білем, әрине, бірақ жаңағы «Тау ішін­де» әні кімге арналған? Есінен кетпей қойған сол ғашығы кім? Ол жұмбақ. Сәкеннің жүрегіндег­і құпия», деп ойын түйіндепті. Бар мәселе осында. Шынында се­рі Сәкеннің осы әні кімге ар­нал­ған, есін алған ғашығы кім? Қай жұмбақты алсаңыз да ше­шімі бар ғой. Сәкен «Тау ішін­де» әнін Қа­ратау қойнауында шы­ғарған де­ген сөздің де шығып жүр­ге­ніне талай жылдың жүзі бол­ды. Осы­ған байланысты қисын­ға ке­летін бір болған жайды оқыр­мандар назарына ұсынып кө­рейік.

Түркістан облысының Оты­рар ауданы орталығы Шәуілдірде Дина Тоқабаева деген қария тұ­рады. Қазір жасы тоқсанның тө­рінде. Кеңес өкіметі кезін­де ша­руашылықтың есеп-қисап жа­­ғында ұзақ жылдар еңбек еткен. Көнекөз қарияның жадында сақтап қалған естеліктерін тың­­дасаңыз құлақ құрышыңыз қанады. Қария радиодан шыр­қалған «Тау ішінде» әнін тыңдап болған соң, қайнысы Есенғазы Бейсенбиев­ке: «Әкем Тоқабай та­маның бұ­зау руынан, атақты Сүгір күйшінің немере інісі. Ке­ңес өкіметінің алғашқы жылдары белсенді болып, Созақта колхоз басқарған жан. Бүгінде Созақтағы көзі қа­рақты жанның бәрі Тоқабайды жақсы біледі. Тоқабай айтыпты деген әзіл-қал­жыңдар әлі күн­ге ел аузында. Сол Тоқабай Бай­қа­дамдағы ысты­ның шанышқылы руынан тараған ­Иса деген кісінің қызы Сұлушаш­қа үйленеді. Ол – менің анам. Анам көрген жан көз ала алмайтын бет біткеннің ажарлысы еді. Тоқа­байдың боса­ғасын аттағанда тол­ған айдай тол­­қысыған он сегіздегі кезі екен.

1919 жылы жазғытұрым Арқа­дан бет ажары келісті келген кісі ат арытып, Бетпақдаланы көктей өтіп, арып-ашып Созақ өңіріне келеді. Ол кеңес өкіметінің өкі­лі деп Қаратаудың қойнауын­да отыр­ған Тоқабай Ерімбековтің үйіне табан тіреген. Тоқабай жөн сұрасып, Ақмола совдепі төр­алқасының мүшесі, уездік ағарту комиссары қызметін атқарған Сәкен Сейфуллин екенін біледі. Қонақтың Омбыдағы Колчактың түрмесінен қашып, Дүйсенбі деген лақап атпен Павлодардағы Баянауыл арқылы туған жері Жаңаарқаға соғып, Әулиеатаны бетке алып бара жатқан жайы бар екен. Мән-жайға қаныққан Тоқабай: «Сәке, ұзақ жолдан шар­шап шалдыққан шығарсыз. Астыңыздағы атыңыз да әбден болдырған секілді. Біздің үйде бірер айдай жатып, бағылан қо­зының етін жеп, саумал-қы­мыз ішіп, таудың таза ауасымен тыныстап дем алыңыз», – деп ақжарма пейілін білдіріп, құр­метін көрсетеді.

Арада біраз күн өткен соң Сәкен де өзіне өзі келіп, кө­ңі­лі жайланып, шырайланып шы­ға келген. Әйгілі күйші Сү­гір­дің домбыраны бебеуле­те құй­қылжытқан күйлерін тың­дап, өзі де ауыл-аймақтағы ойын-той­да, алтыбақан сауық кеште­рін­де ән салып, жұрттың ыстық ықы­ласына бөленеді. Ауыл адамда­ры келбетті кісінің көркіне қы­зыға қарап, қоңырқай дауыс­пен шырқаған әсем әніне құлақ құ­рыш­тарын қандырған.

Тоқабай: «Сәке, кешкі сал­қын­мен тау қойнауына серуендеп, аң-құс аулап, бой жазып қай­тыңыз», деп өзінің қызметке мініп жүрген ақбоз атын береді. Сәкен күннің қайнап тұрған ыс­тығында үйде жатып, кешке екі аңшы жігіт қосшымен тау ішін серуендеп, тамылжыған тұм­са табиғатты тамашалап, неше
алуан аң-құстарды аулап қараң­ғы түсе қайтуды дағдыға айналдырады.

Бірде әлгі аңшылар: «Мына кісі соңғы бір аптада аң-құстар­ға көңіл бөлмейтінді шығарды. Жартастың көлеңке жағында отырып алып, өзінше ыңылдап бір әуенді сөзімен қайталай береді. Әуенге еліткені соншалық кейде бізді елемейтін секілді. Ондай ән-әуенді қонақтан келгелі бері естіген емеспіз», дейді ауыл тұр­ғындарына таңданған кейіп танытып. Солардың арасында­ғы қағілез бірі: «Біз сазгерлерді ­тү­сіне бермейміз. Анау Сүгірге қа­­рашы. Жаңа күйін шығарған-
­ша бірнеше күн бойына ертелі-кеш жан адаммен сөйлеспей дом­бырасын шертіп, әлденеге әуе­йі­леніп отырады ғой. Қонақ та жаңа ән шығарғалы жүрген шығар», деген екен.

Анам Сұлушаш мол дас­тар­қан­ға барын қойып, қонақты жақ­сылап күтеді. Анамның сылаң­даған жүріс-тұрысы, ұзын қара шашы, көз арбаған сұлулығы мен шын пейілді ықыласы Сәкен ақынды сезімге бөлеп, шабытына әсер етті ме, тау ішінде серуендеп жүріп, ән шығарады. Кезекті бір сауық кеште жұрт Сәкеннен қонақкәде сұрамай ма. Сол кезде ол домбыраны қолына алып, қоңырқай үнмен: «Мен келем тау ішінде түнделетіп...», деп ма­­мырлата бастап, қайырма­сын: – Ә-әй, Сүмбіл шаш, қара көзің, тәтті сөзің, Білгейсің келгенімді жалғыз өзің...», деп шырқаған­да жаңа әнді ауылдың өнерпаз жігіттері қағып алып, лезде ауыл-аймаққа таратып жіберген. Көп­шілік Сәкеннен әнінің атын сұ­рағанда: «Бұл әннің аты «Тау ішін­де». Сіздерге менен тарту болсын», деген екен. Ол Әулие­атаға аттанатын күні Сүгір бас­таған ауыл-аймақ түгел жиналып, қимай қоштасады. Ауылдан ұзай бере таңғы тұнық ауада «Тау ішінде» әнін шырқаған әуен үні жұрттың құлақтарына жеткен. Ақын ет алып тыңайған күрең атына мініп, бел асып кеткенше жиналғандар орындарынан тапжылмай тұрса керек. Солай ақын-сазгер кетіп, артында әні қалған.

Қазақта «Кімге көп қарасаң, балаң соған ұқсайды» деген сөз бар. Бір жылдан соң анам Сұлушаш шекесі торсықтай ұл­ды болып, есімін Сәкен деп атай­ды. Ес біліп, жұмсауға жарап қалған көрікті балаға жұрт сұқ­танып қарай берсе керек. Содан көз тиіп, қайтыс болыпты. Кейін анам екі құрсақ көтерді. Бірі – ағам Қыдырәлі де екіншісі – мен. Анам ауылдың алты­ ауызынан құр алақан емес еді. Мен ес біле бастағаннан домбыра шертіп, күй тартуды үйрете бастады. ­Есе­­йіп, етек-жеңімді жауып, кө­зге көрініп қалған кезімде ауыл адам­дары: «Сен анаң секілді ажар­лысың», деуші еді. Соған қарағанда әкемнен гөрі анама көбірек ұқсайтын секілдімін.

Той-томалақта ауыл жастары Сәкеннің сол «Тау ішінде» әнін жиі-жиі айтып жүрді. Бірде анам оңаша отырғанда: «Қы­зым, бұл әнді Сәкен Сейфул­лин ма­ған арнап шығарған», ­деп оның сонау бір жылы айға жуық үйде болғанынан сыр шертті. Мен: «Ал әннің қайырмасын­да Сұлушаш емес Сүмбіл шаш деп айтылады ғой. Неге?» дей­мін қызығып. Анам: «Ел ішінде өсек тарап кетпесін деп атымды солай өзгерткен», деді ұяң үнмен. Содан соң өзі әнді әуелете шырқады.

«Созақ» совхозының Маха­нов Медет деген жігіті 1952 жы­лы Алматыдан мал шаруашылы­ғы институтын бітіріп келді. Біз бір-бірімізді ұнатып, бас қосып, отау тіктік. Әкем Тоқабай 1955 жылы қайтыс болды. Қазір бейіті Қарабура әулиенің жанындағы Сүгір күйшінің бейіті қасында жатыр».

Сонымен Сәкеннің «Тау ішін­де» әні кімге арналған? 1959 жылы күзде атақты жазушы Мұх­тар Әуезов Оңтүстік Қа­зақ­станды шығармашылық сапар­мен аралап, Алғабас пен Созақ аудандарына ат басын тіреген. Алғабаста әншілерге сүйсініп: «Шаянға барсаң, әншімін деме», Созақта Сүгірдің күйіне тамсанып: «Созаққа барсаң, күйші­мін деме» деп айтқан дуалы сөзі бүгінде қалың елдің құлағында. Сол сапарында Сәкеннің «Тау ішінде» әнінің шығу тарихын қойын кітапшасына түртіп алыпты деген дерек те бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары жазушы Еркінбек Тұрысов та әннің осы бір шығу тарихы жайында «Келіншектау» кі­та­­бында қозғап кеткен. Фило­ло­гия ғылымдарының кандида­ты Жабал Шойбек: «Сәкен Сей­­­фуллиннің Созақта болып, То­қа­байдың үйінде бірер ай да­мыл­дағаны рас. «Тау ішін­де» әні Сұлушаш апамызға ар­нал­ға­нын ешкім де жоққа шы­ғара ал­майды. Сәкен сері ай десе аузы бар, күн десе көзі бар Сұлу­шаш­тың қолынан дәм татып, риза­лы­ғын сол әнімен жеткізген ғой. Бұл әнді теріскейдегі созақ­тық­тар­дың салтанатты жиындарда, той-томалақтарда жиі шыр­қай­тын­дары сондықтан. Сондай-ақ «Тау ішіндені» Қаратаудың күн­гей жақ бетіндегі Бәйдібек ауда­нының облысқа танымал әншісі Таңат Мамырханов та үне­мі тамылжыта шырқап келеді», дейді.

Әннің шығуы жайындағы осы бір деректердің шын­дық­қа қаншалықты жақын еке­нін анықтау үшін Сәкен Сейфул­лин­нің өмірі мен тағдырын түбе­гейлі зерттеп, талай туындылар жазған ғалым, профессор Тұр­сынбек Кәкішевтің үйіне телефон шалып: «Тұрсынбек аға, Сәкен «Тау ішінде» әнін қай жер­де шығарды? Көкшетауда ма, Қаратауда ма? Сондай-ақ ән­нің тууына нендей жағдай се­беп болған?» деп сұрадым. Ол: «Ән Қаратауда туған. Сәкен Колчактың Омбы түрмесінен қашып шығып, Арқаны көктей өтіп, Әулиеатаға бет алып бара жатып, Созақта бірер ай аялдай­ды. Сол жердегі Сұлушаш деген жас көрікті әйелге арнап шы­ғарған. Оған ешкімнің күмәні бол­масын», деді. Сәкеннің ше­шімі жұмбаққа айналған «Тау ішінде» әнінің сыры осында еке­ні кәміл. Кәкішевтің тұжырым­ды сөзінен кейін көңілде күмән қалған жоқ.

Ақын Тұманбай Молда­ға­лиев: «Жырым мені ешқашан өл­тір­мейді, Әнім мені алысқа же­те­лейді...», деп жырлаған емес пе. «Тау ішінде» әні шыр­қалған сайын мемлекет және қо­ғам қай­раткері, ақын-сазгер Сә­кен Сей­фуллин әрдайым есімізге оралады. Бұл ән Сәкен серінің атын ешқашан өлтірмей, әлі талай жыл­дарға жетелейтіні анық.

 

 Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ