Тәуелсіздік • 30 Маусым, 2021

Жасотандықтардың игі істері жалғасты

285 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жасотандықтар ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» республикалық акциясына белсенді атсалысу үстінде. Өткен аптаның соңындағы жаздың жаймашуақ күнінде олар қоршаған ортаны қорғау мақсатымен жаппай республикалық экологиялық акция ұйымдастырды.

Жасотандықтардың игі істері жалғасты

Елордадан бастау алған акция, еліміздің облыс, аудан орталық­тарында да өтті. Оған қатысушылар көшелерді, арықтарды, қоқыс орындарын тазалауға көмектесті. Бәрі де әлеуметтік қашықтықты және меди­циналық маска тағу режімін қатаң сақтады.
Мысалы, Ақмола облыстық Jas Otan ЖҚ филиалы Көкшетау қала­сының орталық саябағында акция ұйым­дастырса, Алматы жастары қала­ның ағаштарымен жасыл желек­терін күтiп ұстау мен қорғауға атсалысты.
Jas Otan ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаев атап өткендей, әрбір эко­логиялық акция тәрбиелік сипат­қа ие. Ол қоршаған ортаға деген сүйіс­пеншілікті күшейтіп, экологияны қорғаудың өзекті мәселелеріне назар аудартады.
«Экологиялық акция өзінің ті­ке­лей міндетінен басқа, тағы бір маңыз­ды функцияны орындайды. Ол аза­маттық ұстанымы биік тұлғаларды «Бұл – менің қалам. Мен оны таза және жасыл етемін!» идеясымен бірік­тіреді. Бұл іске жастардың көптеп келуі және қаламыздың келбетін жақ­сартуға өз үлестерін қосқаны мені қат­ты қуантады. Өйткені «30 игі іс» акция­сы адамдар мен қоғам үшін ар­налған нақты іс-шараларға, мейі­рім мен жақсылықты арқау еткен акция­лар­ға негізделген», деді Нұржан Жетпісбаев.
Өз кезегінде Biz Birgemiz қозға­лысының волонтері Руслан Бахтия­ров әрбір акция қаланы көркей­туге және еріктілер қозға­лысына өз үлесін қосуға үлкен мүмкіндік бере­тінін атап өтті.
«Мен мұндай акцияға бірінші рет қатысып отырған жоқпын. Ма­мыр айын­да біз Екінші дүниежүзілік соғысы батырларының құрметіне ашылған саябақтарды, аулаларды және ескерт­кіштерді тазарттық. Бүгін біз елор­дамыздың шалғай аудандары мен көшелерін тазаладық. Атал­ған сәтті пайдалана отырып, жас­тар­ды табиғатқа ұқыпты қарауға шақы­рамын», деді ол.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнал­ған «30 игі іс» акциясы шеңбе­ріндегі іс-шаралар әрі қарай жалғасып, келесі айларда мынадай тақырыптарға арна­лады: шілде – Baqytty otbasy, тамыз – Damý, қыркүйек – Bіlіm, қазан – Ómіr syıla, қараша – Sana, желтоқсан – Egemendіlіk.