Жәдігердің сипатына үңілсеңіз, кәдімгі ағын судың малта тасы тәріздес. Бетіне шаршыланған жайнамаз формалы, көлемі 2х1 (ұзындығы енінің екі есесіне тең) болатын төртбұрыш пошым шебер бәдізделіп, оны айналдыра Құран аяттары шекілген екен. Сондай-ақ бұл іс 1230 жылы жасалғаны жайлы дерек жазылыпты. Жоғарыдағы музейлік анықтамалықта: тастың биіктігі – 47, ені – 29 сантиметр делініп, бұйым 1990 жылы Иранның Тебриз қаласынан сатып алынғандығы жайлы мәлімет келтіріліпті.
Тастың иесі Жалал-ад-дин сұлтан жайлы айтар болсақ, ол – атақты Хорезм билеушісі Мұхамедшахтың баласы. Кейбір оқымыстылар (В.В.Бартольд, Б.Көмеков) Жалал-ад-диннің анасы түркі-қыпшақ, соның ішінде арғын тайпасының қызы болғанын айтады. Аты – Айшешек. Олай болуы әбден мүмкін. Өйткені хорезмдіктер кең даланы жайлап жатқан ержүрек қыпшақтармен құда болуға аса құштарлық танытқан.
Шығыстанушы, үлкен ғалым Илья Петрушевский ортағасырлық парсы тарихшысы ән-Насауидың еңбектеріне сүйеніп: «Жалал-ад-дин аса талантты әскери қолбасшы, ол моңғол шапқыншылығына қарсы тұрып, қайтпай соғысқан Еуразиядағы жалғыз тұлға. Ол өз мақсаты жолында, Шығыс Азия халықтарын, Қапқаз жұртын, оның сыртында христиан дініндегі грузин мен армениялықтарды, кішіазиялық селжұқ сұлтандарын, Бағдад халифатын моңғол басқыншыларға қарсы тұруға шақырды» деген пайым жасайды.
1220 жылы Мұхамедшах өлгеннен кейін билік Жалал-ад-диннің қолына көшеді. Біз білетін бір дерек, Шыңғысхан 1221 жылы мықты өрліктерінің бірі Шықиқұтагты қолбасшылыққа тағайындап, оған 30 мың шерік беріп Перван (Паруан) қаласын шабуға жібереді. Осы топқа азғана жасақпен қарсы шыққан Жалал-ад-дин екі күннің ішінде тоз-тозын шығарады.
Бұл хабар құлағына жеткен Шыңғысхан Жалал-ад-динге қарсы өзі қол бастап аттанады. Ұлы қағанның жер қайысқан жасағына төтеп бере алмаған Жалал-ад-дин Инд дариясына келіп тіреледі. Шыңғыс болса, бұл жігіттің ерлігі мен жауынгерлік рухына сүйсінгені соншалық, тоғыз өрлігі мен атақты төрт ноянын шақырып «Жалал-ад-динді тірі ұстаңдар!» деп бұйырады.
Бар жасағы қырылып жалғыз өзі тірі қалған Мұхамедшахтың ұлы астындағы тұлпарымен биік жардан асып, буырқанып жатқан дарияға қарғып кетеді. Онымен қоймай арғы жағаға аман өтіп алып, екінші бетте көз алмай қарап тұрған Шыңғысханға «Ей, жаһанды жаулаушы нағыз ер болсаң, бері өтіп кел! Армансыз айқасайық!» деп кіжінеді.
Жалал-ад-дин сол кеткеннен мол кетеді. Моңғолдарға қарсы жасақ жинау үшін Үндістанға барады, Қап тауын аралайды... Сөйтіп жүргенде 1227 жылы «Шыңғыс өлді» деген хабар тиеді құлағына. Сонда батыр-жиен «О дүние-ай, менімен шайқасуға жарайтын әлемде бір адам туып еді, ол да өліпті. Онымен бір айқасып іштегі шерімді тарқатсам еді. Енді күйіктен өлетін болдым-ау» деп еңірепті. Расында, ол 1231 жылы күз айында Күрдістанда шерленіп жатып көз жұмыпты.