«Осы Парламенттік сессия кезінде барлық фракция өкілдері әдеттегідей мемлекетіміздің экономикалық және қаржы-бюджет саясатын қолдауға ерекше көңіл бөлді. Себебі қаржы саласы еліміздің дамуын, халқымыздың әлеуметтік жағдайын қамтамасыз етудің басты кепілі. Бұл бағытта біз 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңға тиісті түзетулер енгізіп, Елбасының және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауды қамтамасыз еттік. Соның нәтижесінде әлеуметтік қолдауға, денсаулыққа, білім, шағын және орта бизнес, еңбекпен қамту салаларына, инфрақұрылым, басқа да маңызды бағыттарды дамытуға қосымша үлкен қаражат бөлінді», деді палата төрағасы.
Мысалы, әлеуметтік саланы нығайтуға 374 млрд теңге қаралса, 140 млрд теңге қаржы републикалық және жергілікті жолдарды жөндеуге, қайта қалпына келтіруге бағытталған. Еңбекпен қамтудың жол картасы аясында 100 млрд-қа жуық теңге, ал «Ауыл – ел бесігі!» бағдарламасын жүзеге асыруға 70 млрд теңге бөлінді.
«Бір мәселе туралы ерекше айту керек. Ол – елімізде қалыптасқан коронавирус індетіне қарсы күреске байланысты. Бұл мәселенің еліміз үшін, халқымыз үшін маңыздылығын ескере отырып, бюджеттен 265 млрд теңге қаражат қаралды. Осының барлығы, әрине аз ақша емес. Сондықтан Парламент барлық қаражатты мақсатқа сай тиімді пайдалануға әрқашанда қатаң бақылау жасап келеді. Себебі, бюджеттің әрбір тиыны сапалы, нәтижелі, тиімді жұмсалуы керек. Оны әрбір қазақстандық азамат білуі және сезу қажет», деді Нұрлан Нығматулин.