Парламент • 30 Маусым, 2021

Депутаттық корпус Президент бастамаларын заң жағынан қамтамасыз етті - Мәжіліс Төрағасы

136 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин биыл қабылданған маңызды заңдар туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Депутаттық корпус Президент бастамаларын заң жағынан қамтамасыз етті - Мәжіліс Төрағасы

«Ең алдымен, депутаттық корпус Мемлекет басшысы алға тартқан саяси реформаны заң жағынан қамтамасыз етті. Бұл бағытта еліміздің «Сайлау туралы» Конституциялық заң жобасына елеулі түзетулер енгізілді. Онда Президенттің ұсынысы бойынша саяси партиялардың Мәжіліске өту шегі 7-ден 5 пайызға дейін төмендетілді», деді Н. Нығматулин.

Сонымен қатар ол сайлауда берілетін бюллетеньдерге «барлығына қарсымын» деген жаңа баған енгізілгенін еске салды. Тағы бір ерекшелік – ауылдың және ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауды қатамасыз ететін нормалар қосылды. Бұл нормалар мемлекеттік органдар мен халық арасындағы байланысты күшейтуге, әкімдердің тұрғындар алдындағы жауапкершілігін нығайтуға және ауыл азаматтарының саяси белсенділігін одан әрі арттыруға ықпал етеді.

«Осы сессияда біз қабылдаған және бүкіл елдің назарында болған тағы бір заң жобасы – ол «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжат.

Осыған байланысты тікелей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен заң дейгейінде нақты шешім қабылданды. Енді, жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынды. Осы саланың басқа сұрақтарын шешу үшін Парламент жер қатынастары туралы заң қабылдады. Заңға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға беру институтын сақтай отырып, жерді жекеменшікке беруді 5 жылға тоқтату туралы норма енгізілді», деді Мәжіліс төрағасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда жетінші сайланған Парламенттің бірінші сессиясы ресми түрде жабылды. Осы орайда Парламент депутаттары каникулға кетті.