Қоғам • 30 Маусым, 2021

Сайлауда жеңіске жеткен ауыл әкімдері қайта даярлау курсынан өтеді

355 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы өтеді. Осы орайда, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл сайлаудың әділ өтетініне сенім білдіріп, сайлауда жеңіске жеткендер қайта даярлау курсынан өтетінін, қатысушылар қандай бағыт бойынша оқытылатыны туралы айтып берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сайлауда жеңіске жеткен ауыл әкімдері қайта даярлау курсынан өтеді

Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегi Қазақстан халқына жолдауын, сондай-ақ ҚР Президентiнiң 2021 жылғы 15 қаңтардағы VII шақырылымдағы Парламенттiң бiрiншi сессиясында айтылған аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердiң, ауылдық округтердiң әкiмдерiн тiкелей сайлауды ендiру туралы тапсырмасын орындау мақсатында жүзеге асқан еді.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің айтуынша, жақын арада «Сайлау туралы» ҚР заңына сәйкес сайлау округтерінің тізімі, олардың шекаралары, аумақтық сайлау комиссияларының орналасқан жерлері мен оның құрамы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын болады.

«Сайлауды жоғары деңгейде өткізу үшін жергілікті мемелкеттік органдар, саяси партиялар, мемлекеттік емес ұйымдар белсенді түрде үгіт-насихат жұмыстарын сапалы түрде өткізу керек», деді Ерлан Әбіл.

Сонымен қатар ол жергілікті тұрғындар мен билік арасындағы байланыс нығаятынына сенім білдірді. Өйткені, ауыл басшыларын жұртшылық мәслихаттың қатысуынсыз өздері сайлап алады.

«Сайланған әкім халықтың аса маңызды мәселелерін шешуге тырысады, ал оны сайлаған халық барынша қолдау көрсетіп, көмектеседі. Бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты қағиданың орындалуының бір көрінісі деп білемін», деді ол.

Бұдан бөлек, сарапшы сайланған әкімдер мемлекеттік қызметші болып саналғандықтан, олардың біліктілігін арттыру мен қайта даярлау ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының құзыреттілігінде екенін атап өтті. Осы орайда, қазіргі таңда Ұлттық экономика министрлігімен және басқа құзырлы мемлекеттік органдармен бірлесіп арнайы курс бағдарламасының жобасы дайындалып жатқанын жеткізді.

«Талқылаудан кейін ол бекітілген жағдайда сайланған әкімдер қайта даярлау курсында оқитын болады. Оқу бағдарламасы екі бөліктен тұрады, біріншісінде жеке бас құзыреттіліктерін дамыту болса, екіншісінде кәсіби құзыреттіліктерді арттыруға бағытталған», деді ректор.

Сондай-ақ сарапшының айтуынша, жеке бас құзыреттіліктерін дамыту үшін коммуникация дағдыларын дамыту, көпшілік алдында сөйлеу, көшбасшылық сияқты дағдылар оқытылады. Ал, кәсіби құзыреттіліктерді арттыру бойынша мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру, жер, салық және бюджет кодекс шеңберінде жұмыс жасау, жобалық басқару, тәуекелдерді және өзгерістерді басқару сияқты ең маңызды құзыреттіліктерді игеруге бағытталған оқыту жүргізіледі.

Ол ауыл әкімдерін сайлаудың әділ өтуі біріншіден сайлау үрдісін заң шеңберінде әрі сапалы ұйымдастыру болса, екіншісі, саяси партиялар мен жергілікті халықтың белсенділігіне байланысты болатынын баса айтты. Сонымен қатар сайлау науқанында бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі айтарлықтай жоғары екенін де тілге тиек етті.