Білім • 01 Шілде, 2021

Жаңа заң инклюзивті білім беруді күшейте ме?

2118 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы халыққа Жолдауында ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасау керек екенін айтқан-ды. Осы тапсырманы іске асыру мақсатында инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң әзірленді. Үш күн бұрын, анығырақ айтқанда «Egemen Qazaqstan» газетінің 2021 жылдың 28 маусымындағы санында жарияланған заңға сәйкес енді ерекше білім беруді қажет ететін балалардың қатары көбеймек. Неге? Өзгерістер мен толықтыруларға толы бұл заң ерекше білім алушыларға не береді? Қандай жағдай жасайды?

Жаңа заң инклюзивті білім беруді күшейте ме?

Аталған заң жобасын әзірлеуге бел­сене атсалысқан Арнайы және инк­лю­зивті білімді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Әйкерім Мерекеқызы ерекше бі­лім беруді қажет ететін балалардың қа­та­ры неліктен көбейетінін түсіндіріп берді.
«Осы бекітілген заңның жобасын әзірлеу жұмыстарының басы-қасында болдық. Сондықтан қолданысқа енгі­зілген заңның әсіресе білім алушы бала­ларға берері мол екенін анық айта аламын. Біз бұған дейін денсаулық жағдайына, ақыл-ойының кемістігіне қарай білім алушыларды ерекше білімді қажет ететін топқа жатқызып жүрдік. Енді олардың қатары көбейді. Мысалы, түрлі елден қандастарымыз тарихи Отанына оралып жатады. Олардың балалары көбіне кириллицаны білмей қиналады. Сондай жағдайда оған ерекше жағдай жасап көмектесуіміз керек. Және республика көлемінде қаншама әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары бар.
Бірақ олар өзінің әлеуметтік, отба­сының экономикалық жағдайына қара­мас­тан сапалы білім алуға құқылы ғой. Айта­лық, ата-анасының экономикалық жағ­дайының төмендігіне байланысты ба­лабақшаға бара алмай, мектепке дейін­гі біліммен қамтамасыз етілмей отыр­ған бүлдіршіндер болады. Міне, бұдан бы­лай әлеуметтік осал топтарға жататын ба­лалар да ерекше білім беруді қажет ететіндер санатына жатқызылып, тиісті мүм­кін­діктерді алады», дейді Ә.Мерекеқызы.

Сарапшының сөзіне сенсек, бұл заң бала­лардың білім алудағы құқығын жөнсіз шектеу­ге де тосқауыл бола алады. Мәселен, ерек­ше білімді қажет ететін баласы бар ата-аналар қарапайым мектептердегі инклюзивті сынып­тарға қабылдамай қойған оқу ошағының бас­шы­лығына шағымданады. Қабылдағанымен оқытуға құлық танытпаған мектеп әкімшілігіне арызын айтқан ананың сөзін бұған дейінгі мақаламызда өзіміз де жазғанбыз. Осындай жағдайда жаңа заңдағы өзгерістер баланың құқығын қорғауға негіз болмақ.
«Біз жоғарыда сіз айтқан жағдайлармен бетпе-бет келдік. Сондықтан да жақында бекі­тілген заңға бір норманың енгізілуін қатты қаладым. Бұл – білім беру ұйымдарының басшыларына, яғни олардың инклюзивті білім берудегі жауапкершілігін күшейтуге қатысты талап. Енді оқу ошақтарын басқарып отырған тұлғалар ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың құқығын шектемей, тиісті білім алуына жағдай жасауға міндетті. Заң жобасын талқылау барысында білім беру ұйымдарының басшылары тарапынан қарсы пікірлер болды. Соған қарамастан аталған норманың енгізілуіне барынша атсалыстық. Өйткені орталыққа өз аяғымен келіп немесе көңіліңді құлазытар хат арқылы ерекше баласын қабылдамаған мектептердің басшыларына арызын айтып, көзінің жасын төккен ата-аналарды көрдік. Ал мұндай жағдай Отанымызда болмауы керек қой», дейді Ар­найы және инклюзивті білімді дамытудың ұлт­тық ғылыми-практикалық орта­лығының директоры Ә.Мерекеқызы.
Ақыл-ойында ауытқуы, денсаулығында қандай да бір кінәраты бар балалар дамуында кешеуілдеулер болғандықтан, 1-сыныпқа дер кезінде бара алмай жатады. Сондай кезде мектептер жасы келмейді деген желеумен қабылдамай қояды. Осындай түйткілдің түйіні де түбегейлі тарқатылғандай. Себебі біз сөз етіп отырған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инклюзивті білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға сәйкес 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» заң­ның «1-сыныпқа оқуға балалар алты жас­тан қабылданады» деп көрсетілген 31-бабы 1-тармағы былай өзгертілді: «Мүмкіндігі шек­теулі балалар орта білім алу үшін алты-он жас­тан білім беру ұйымдарына қабылдана алады. Мүмкіндігі шектеулі балаларды оқыту ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау ескеріле отырып жүзеге асырылады. Бұл ретте, білім беру бағдарламаларына сəйкес бастауыш жəне негізгі орта білім алудың ұзақтығы он жылдан кем болмауға тиіс».
Мақаламызға арқау болған заңға бастама­шылық еткен топтың мүшесі, Мәжіліс депутаты Жанат Омарбекова жаңа құжатта білім беру қажеттіліктерін бағалаудың енгізілгенін айтады.
«Бұл заң мүгедек адамдардың кемсітусіз білім алу құқықтарын қамтамасыз ету мақса­тында әзірленді және қолданыстағы заңна­ма­ны 2015 жылы Қазақстанда ратификациялан­­ған Мүгедектердің құқықтары туралы Конвен­ция­ға сәйкес келтіруге бағытталды. Аталған заңда «Кемтар балаларды әлеуметтік және ме­дициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы», «Білім туралы» заңдарға өзге­рістер мен толықтырулар енгізілді. Осы заң арқылы білім берудің барлық деңгейінде оқыту үшін арнайы жағдайлар жасау есебінен ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін мемлекеттік кепілдіктер көзделген. Оқу про­цесінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды психологиялық-педагогикалық қол­дап отырудың арнайы шарттары регламенттелген. Бұдан бөлек, өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты жаңа заңның шеңберінде білім беру қажеттіліктерін бағалау енгізілді. Бұл үшін бағалау критерийлерін, қажеттіліктерді айқындау әдістемесін, сондай-ақ ерекше балалармен жұмыс істеу бойынша педагогтерге әдістемелік ұсынымдарды айқындайтын тиісті қағидалар әзірленеді», деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, оқу жоспар­ла­рының, бағдарламаларының өзгермелігін, икемділігін қамтамасыз ететін нормалар, сон­дай-ақ білім алушының даму ерекшеліктері­не байланысты жетістіктерін бағалау жүйесі енгізілген. Бұл – инклюзивті білім беру про­цесінің жетекші қағидаттарының бірі. Сондай-ақ жаңа заңда білім беру ұйымдарында арнайы жағдайларды қамтамасыз етуде, оның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдап отыруға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру есебінен әкімдіктердің құзыреті кеңейтілді. Демек жекеменшік білім беру ұйым­дары да мемлекеттің қолдауымен ерекше балаларға инклюзивті білім берумен айналыса алады.
«Жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізу білім беру ұйымы қызметінің түрі мен нысанына қарамастан, қаржыландырудың бір­ыңғай тәсілін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік тапсырысты іске асыру жеке секторды тарту, балаларды қамту көрсеткіштерін жақсарту, сондай-ақ бюджетке жүктемені азайтуға сеп­тігін тигізеді. Қабылданған заң инклюзивті білім беруді сапалы іске асыру үшін барлық қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді», дейді Ж.Омарбекова.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағам­бетовтің жарты жыл бұрынғы Үкімет отырысында келтірген дерегіне қарағанда, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 139 887 жан бар. Олардың 95 пайызы (яғни 133 467-сі) – мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы балалар. Ал 2 900-і колледждерде, 3 520-сы жоғары оқу орындарында оқиды. Енді, сөз басында атап өткеніміздей, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушылардың қатарына әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балалары, кириллицадан хабарсыз қандастарымыз қосылмақ. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік көмек саясатын дамыту департаменті директорының орынбасары Аяжан Жандарбекқызы өткен жылдың басында www.primeminister.kz сайтына берген сұхбатында: «485 мыңнан көп отбасына немесе 2,5 млн-нан аса адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Оның ішінде 190 мың көпбалалы отбасы тіркелген. Ал өткен жылдың аяғына қарай нақты көмек алушылардың саны 315 мың отбасы болды. Оның 1 млн-нан көбі– 18 жасқа дейінгі балалар», деген. Демек аталған жаңа заң ерекше білімді қажет ететін миллиондаған балалардың сапалы білім алу құқығын сақтауға негіз болуы керек.