Қыста таулы аймақтарда қардың мол түсуінің нәтижесінде әлі күнге жол жағалауларындағы “қызыл сулар” бей-берекет ағуда. Қар көбесі сөгілген сайын таулы өңірлердегі қауіпті жағдай жиілей түсуде.
Кербұлақ ауданының таулы аймағында осындай табиғаттың тосын мінезі байқалды. Ауданның Черемушкина елді мекеніне жақын жерде лай көшкіні орын алып, ұзындығы – 300, ені 200 метр жер опырылып түскен. Бұл теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі “Тоқсанбай тауы” деп аталатын жотада болды. Кәдімгі жар опырылып, лай көшкінінен сырғып түскен топырақтың көлемі 140 мың текше метрді құраған.
Биікте бір-біріне ұқсас жарықтар пайда болып, лай топырақ шатқалға құлаған. Жан-жақтан жиналған су мен лай етектегі елді мекенге қауіп төндіруі мүмкін болғандықтан, Черемушкина елді мекеніндегі шаруа қожалығымен айналысқан бес үйдегі 22 тұрғын мал-жанымен түгелдей қауіпсіз аймаққа көшірілді.
Қазір мұнда кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай жіті қадағалануда. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша орын алған лай көшкініне байланысты департамент және селден қорғау мекемесінің қызметкерлері жағдайды зерттеп, қауіптің алдын алу шараларын жүргізіп, қажетті техникалар жеткізілгенін және елді мекен толық қауіпсіз аймақтарға көшірілгенін айтады. Жер-ананың тосын сырының неден екені әзірге беймәлім.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.